Жаңалықтар

Тұрғын үйлерді басқарудың құрылымы өзгере ме?

Енді көп қабатты тұрғын үйлерді басқаратын пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) құрылымы мен қызметін мүлде бөлек бірлестіктер алмастыруы мүмкін.  Ол — меншік иелерінің бірлестігі.

Қазір Ақтөбе қаласында 94 пәтер иелері кооперативі, 585 кондоминиум, сол сияқты үйлердің коммуналдық мәселелеріне  жауапты 16 жеке кәсіпкер бар. Өткен жұмада Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сергей Ли тұрғын үйлерді басқарушы органдардың өкілдерінің басын қосып, жиын өткізді. Бұл жиынға Ақтөбе қаласының Астана, Алматы аудандарының әкімдері, мемлекеттік кірістер, Ақтөбе қаласы бойынша төтенше жағдайлар, жергілікті полиция басқармаларының өкілдері де шақырылды.

Мақсат — ПИК және кондоминиум нысандарының жұмыс жасау барысында туындайтын мәселелерді талқылау.

5 Үйдің жылу құбыры жөнделіп жатыр

Қазіргі күні тұрғын үйлерді басқарушы органдардың қызметіне байланысты тұрғындар тарапынан көптеген мәселелер туындайтыны рас. Әсіресе, жылыту маусымы кезінде, сол сияқты күзгі, көктемгі жауын-шашындарда үйлердің төбесінен тамшы ағу сияқты проблемалар жиі кездеседі.

Жылыту маусымының басталғанына бір айға жуық уақыт болғанмен, қалада әлі жылуға қосылмаған үйлер бар. Құзырлы органның өкілдері мұндай жұмыстар басқарушы органдардың тарапынан, олардың жұмысының салғырттығынан туындайтынын жасырмайды.

Ақтөбе қаласында 1801 көп қабатты үй бар. Соның бесеуі басқарусыз тұр. Бүгінгі күні сол үйлердің 80-ге жуығы жылуға қосылған жоқ. Қазір  5 үйде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Жалпы жылыту маусымы жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, туындаған мәселелерді уақтылы шешуге тырысамыз. Кейбір үйлердің жылу желілерінің тозуы немесе істен шығуына байланысты сол үйге жылу уақытынан кешіктіріліп беріліп жатады. Себебі мұндай мәселелер сол үйге жауапты мекеме басшылығы жұмысының салғырттығынан туындайды. Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жүргізілетін жұмыстар маусым басталған шақта қолға алынып жатады, нәтижесінде сол үйдің тұрғындары уақтылы жылу қабылдамайды, — деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Рамазанов.

Жиын барысында «Ақбұлақ» АҚ-ның вице-президенті Тимур Бабанаев қала бойынша салқын суға есептеу қондырғысын орнату жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтса, «Трансэнерго» АҚ бас инженері Владислав Тен көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттарды жылыту жұмыстары турасында баяндады. Сергей Ли өз сөзінде салқын суға есептеу қондырғысын орнатуды жылдамдату қажеттігін әрі қалған үйлерді тездетіп жылуға қосу керектігін айтты. Ол өз сөзінде тұрғын үйлерді басқарушы органдардың жетекшілеріне айналаны абаттандыру, көркейту жұмыстары да басты назарда болу қажеттігін ескертті. Сол сияқты қоғамдық тәртіп пен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін учаскелік инспекторлардың әрбір үйдің, подъездің тұрғындарымен  қоян-қолтық жұмыс жасауы қажеттігі де сөз болды. Ол үшін тұрғын үйлерді басқарушы орган тарапынан тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілуі тиіс.

Келер жылы 40 үй қайта жаңғыртылады

— Елімізде көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуге 2020-2021 жылдары республика бойынша қосымша 30 миллиард теңге бөлінеді. Биыл Ақтөбе қаласында 10 үйге терможаңғырту жұмыстары жүргізілді. Келер жылы осы бағдарлама бойынша 40 үйге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі күні жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жалпы терможаңғырту бағдарламасы бойынша жетпісінші жылдардан бері салынған үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде, — деді Е.Рамазанов.

Қазір елімізде «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға өзгертулер енгізу көзделіп жатыр. Соның аясында тұрғын үйлерді басқару құрылымы мен қызметі өзгермек.

Алдағы уақытта пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиум жұмысы меншік иелері бірлестігіне өтуі мүмкін. Қазір осы мәселеге байланысты Заңға өзгертулер енгізу қарастырылып жатыр. Егер меншік иелері бірлестігі құрылса, пәтер иелері кооперативтері немесе кондоминиумдар өз жұмысын тоқтатады. Заң аясында әрбір үйдің өз алдына жеке есепшоттары болады. Оның бірі үйді күтіп ұстауға, ал  екінші есепшот сол үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ашылады. Соған байланысты тұрғындар қаржы жинайтын болады. Яғни коммуналдық проблемаларға қатысты жұмыстардың барлығы Заң аясында шешіліп, реттелмек. Себебі қазір бір пәтер иелері кооперативі шамамен 10 үйді басқарады. Қазір пәтер иелері кооперативіндегі бір есепшотқа қай пәтерден қанша қаражаттың түсіп жатқаны белгісіз. Осындай жағдайлар тұрғындар арасында көбінесе кикілжің туғызады. Егер осы Заң қолданысқа енсе, тұрғын үйлер бір ғана басқарушы органға тәуелді болады. Бір үйден тағайындалған жетекші  адам сервистік компаниялармен келісімшарт жасасып, барлық істі заңдастырып отырады. Мұның артықшылығы — тұрғын үй мәселесіне қатысты барлық іс ашық, жария түрде жүргізіледі. Яғни бір үйдің есепшотына түскен қаражат сол үйдің қажетіне ғана жұмсалатын болады, — деді Ерлан Рамазанов.

Жиынды қорытындылаған сөзінде Сергей Ли аудан әкімдіктеріне, коммуналдық мекемелердің басшылары мен ПИК, кондоминиум жетекшілеріне  тығыз байланыста жұмыс жасау қажеттігін айтып, көтерілген мәселелердің шешілуін және берілген тапсырмалардың уақтылы орындалуын тапсырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button