Жаңалықтар

Ақтөбелік 40 кәсіпкер арнаулы курстан өтпек

Дүйсенбі күні Ақтөбе қаласында «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қолға алынған  «Іскерлік байланыстар» жобасы өз бастауын алды. Аталған шара бойынша 40-тан астам ақтөбелік кәсіпкер тегін оқып, шетелдік тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алмақ. Мұндағы мақсат —экономиканың басым секторларында өз қызметін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен өткізіліп жатқан «Іскерлік байланыстар» жобасының алғашқы кезеңі өңірлік деңгейде болады. Мұнда кәсіпкерлер үшін тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылып, әртүрлі мамандар дәріс өткізеді. Айталық, бизнес-тренерлердің бірі Айнұр Қалмағамбетова — сату және сервис саласында 20 жылдық тәжірибесі бар сарапшы. Ол ақтөбелік кәсіпкерлермен «Маркетинг», «Клиентке бағдарлау», «Бизнес-жобаларды қаржылық қамтамасыз ету», «Техникалық-экономикалық негіздеме» тақырыптары бойынша көрген-білгенімен бөліседі.

— Курс барысында біз кәсіпкерлерді өз бизнесін тиімді басқаруға, мақсатты дұрыс қоюға, осы мақсатқа жету бойынша «қадамдарды» жазуға үйретеміз. Олар өздерін мемлекеттік экономика тұрғысынан көріп, бүкіл әлемде қолданылатын бизнесті цифрландыру және әлеуметтік желілер сияқты жаңа құралдарды пайдалануды үйренеді, — деп атап өтті кәсіпкерлер палатасының кеңесші-менеджері Динара Смамутова.

Семинарлар ақысыз негізде өткізіледі. Курс аяқталған соң қатысушылар ҚБТУ және «Атамекен» ҰКП-дан сертификат алып, бағдарламаның екінші кезеңі аясында Германия мемлекетіне сапар шегу үшін арнайы іріктеуге қатысады. Оған, әрине,  белсенді, табысты және бизнес-жоспарын сәтті қорғағандар ұсынылады.

«Мысал ретінде Ақтөбе қаласының жас кәсіпкері Арман Сәкішевті айтуға болады. 2017 жылы ол Германияға барып, сандық стоматология саласында тәжірибе жинап қайтты. Артынша сандық зертхананы жеткізу үшін технологиялар мен медициналық жабдықтардың негізгі өндірушісімен шарт жасасты. Нәтижесінде өткен жылы ол сандық технология бойынша жұмыс істейтін тіс емханасын ашты», — дейді кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Диана Жұмабаева.

Аталған курстың өзі Ақтөбеде оқу үш аптаға созылатынын айта кету керек. Осы уақыт ішінде жобаға қатысушылар 12 бизнес-тренермен тәжірибе алмасып, дәріске қатысады. Ал «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша оқыту облыстық кәсіпкерлер палатасының ғимаратында өтеді. Бұған дейін де осындай тектес жобалар ұйымдастырған сала мамандары мақсат — кәсіпкерлік негіздерін үйрету, сала бойынша бағыт-бағдар беру екенін айтады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button