Жаңалықтар

Тапсырма қалай орындалады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтылған тапсырмасына сәйкес 2020 жылдан бастап елімізде мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарту басталады. Ал 2024 жылы мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компания қызметкерлерінің саны 25 пайызға қысқарады.

Президенттің бұл берген тапсырмасы Ақтөбе облысында қалай орындалып жатыр? Әлемдік стандартқа сай келетін өзгеріске біздің облыстағы мемлекеттік қызметшілердің көзқарасы қандай? Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисеновтен сұрап білген едік.

Сонымен…

Мемлекеттік қызметшілер саны қалай қысқарады?

Президент мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік қызметке арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажеттігін атап өтті. Яғни келер жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер саны біртіндеп қысқарып, одан үнемделген қаражат неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсалады. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы аймақтардан бастап жүзеге асырылатын болады.

Рафхат Бисеновтің айтуынша, облыстағы мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарту алдымен бос тұрған орындар арқылы жүзеге асырылады.

Бұл бағыт — Президент тапсырмасын мемлекеттік қызметшілер арасында әлеуметтік мәселелер тудырмайтындай етіп тиімді жүзеге асыруға септігін тигізеді. Мәселен, бүгінгі таңда Ақтөбе облысында 4665 мемлекеттік қызметші бар болса, оның  416-сы, яғни 8,9 пайызы — бос орындар.  Бос орындардың ішінде де тұрақты және уақытша бос тұрған орындар бар. Тұрақты бос тұрған ваканттық орындар саны облыс бойынша — 274. Дегенмен бұл көрсеткіштің барлығы қысқартуға жатпайды. Оның ішінде де қысқартуға келмейтін бос тұрған лауазымдар бар, — дейді департамент басшысының орынбасары.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметшілердің штаттық санын мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, орталықтандырылған кадр қызметі мен бухгалтерия жұмысын ұйымдастыру арқылы да шешуге болатындығын айтты.

— Мемлекеттік органның негізгі қызметі — халыққа қызмет көрсету. Бүгінгі таңда 700-ден астам мемлекеттік қызмет түрі реестрге тіркелген. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Мемлекеттік қызмет түрлерін толықтай электронды форматқа көшіру арқылы мемлекеттік қызметшілердің санын азайтуға болады. Бұл — Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындаудың екінші жолы десек, бірін-бірі қайталайтын мемлекеттік органдарды қысқартып, біріктіру арқылы қызметкерлер санын азайту — үшінші бағытына жатады.  

Бұл бағытта біз өткен жылы аудандық деңгейде бірқатар жұмыстар атқардық. Мысалы, аудандық білім бөлімі мен спорт бөлімін, мәдениет бөлімі мен ішкі саясат, экономика мен қаржы бөлімдерін қосу арқылы аудандардағы 167 мемлекеттік органның санын 148 ге азайттық. Яғни 19 мемлекеттік орган қысқарды, — дейді Р.Бисенов.

Енді бұл бағыттағы жұмыстар облыстық деңгейде жалғасады. Жуырда Президент әкімшілігінен келген тапсырмаға  сәйкес алдағы уақытта қажет емес басқармалардың саны қысқарады.

— Бүгінгі күнге дейін республикамыздағы әр өңірде әртүрлі басқармалар құрылып келген. Жалпы бұл жұмыстар бойынша нақты болуы тиіс басқармалардың арнайы тізбегі жасақталған. Кей облыстарда басқармалар саны тізімнен асып кетіп, қажет емес басқармалар құрылыпты. Біз де алдағы уақытта осыларды сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізіп, тізімге толық сәйкес келмейтін басқармалар тізімін қысқартатын боламыз, — деді департамент басшысының орынбасары.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті көздеп отырған төртінші бағыт — басқармалар арасында кадр және бухгалтерлік есеп жұмыстарын орталықтандыру.

Рафхат Бисеновтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар өңірде 2013 жылдан басталған. Сол жылы  қала және аудандар арасында персоналды басқарудың бірыңғай қызметтерін құрылып, аудандық деңгейдегі бөлімдердегі кадр мамандарды қысқарып, аудандық аппаратта арнайы бөлім құрылыпты.

— Аталған бөлім  барлық аудандағы мемлекеттік қызметшілердің кадрлық жұмысын жүргізеді. Ал биылдан бастап облыс әкімдігінде осындай тәжірибе енгіздік. Қазір барлық облыстық басқармалардағы кадр қызметкерлері қысқарды. Мәселен, бұрын 25 басқармада 25 кадр қызметкері болса, қазір облыс әкімдігі аппаратында  7 адамнан ғана тұратын арнайы бөлім құрдық. Енді бухгалтерлік жұмыстарды біріктіруді көздеп отырмыз. Мектептердегі бухгалтерлік бөлімдерді қысқартып, білім бөлімі жанынан арнайы бухгалтерлік бөлім құру жөнінен де ұсыныстар айтылды, — деді Рафхат Бисенов.

Департамент басшының орынбасары Мемлекет басшысы берген бұл тапсырманы мемлекеттік қызметті кәсібилендіру саласында жасалып жатқан сәтті қадамдардың бірі деп санайды. Ол осылайша бүгінгі заман талабына сай келетін бәсекеге қабілетті және тиімді аппарат құруға қол жеткізетіндігін айтты.  

— Қай салада болмасын, күні бойы мұрнынан шаншылып қызмет ететін қызметкерлер бар. Сондай-ақ жұмысқа тек сағатын өткізу үшін келетін адамдардың да барын жақсы білеміз. Сондықтан мемлекеттік қызметті әрі қарай дамытамыз десек, осындай азаматтардан арылып, жоғары білікті нағыз жұмыс жасайтын кадрларды алып қалуымыз керек. Бұл бағытта Елбасымыз тарапынан бірқатар реформалар жасалды. Ал Президенттің бұл тапсырмасы мемлекеттік қызметті кәсібилендіру мақсатында жасалып отырған жұмыстардың жалғасы деп білемін, — деді Рафхат Бисенов.

Басты ұстаным — халықпен тиімді кері байланыс орнату

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Осы ретте  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті де халықпен тиімді кері байланыс орнату мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырып, жаңа жобалар ойлап тапты.

— Мемлекет басшысы айтып өткендей, расында да көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшылығының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады. Осы жағдайды болдырмау мақсатында біздің департамент мемлекеттік органдардың басшыларының халықпен жиі кездесіп, олар тарапынан қойылған сауалдарға уақтылы жауап берулерін қадағалап отырады. Бұл ретте халық көп шоғырланған аймақтарда азаматтарды қабылдау шараларын жиі ұйымдастырып тұрамыз. Қабылдауға міндетті түрде мемлекеттік органдардың басшылары немесе олардың бірінші орынбасарлары қатысып, тұрғындар сауалына жауап береді, — деген Р.Бисенов бүгінгі таңда департаментке тұрғындардың қандай мәселе бойынша жиі шағымданатындығына тоқталды.

— Мемлекеттік қызметке орналасу үшін барлық азаматтар тестілеуден өтетіндігі белгілі. Жалпы статистикаға келетін болсақ, азаматтардың тестілеуден өту көрсеткіші 30 пайызды ғана құрайды. Осы ретте біздің департаментке тестілеуден өте алмай қалған азаматтар көп шағымданады. Департаментке тестілеу сұрақтары бойынша күніне орташа есеппен 15 адам жүгінеді. Негізгі сұрақтар – тестілеу бағдарламасын анықтау, тестілеуге жазылу, бос орындар іздеу төңірегінде. Осыған орай ақпаратты алуды оңтайландыру және автоматтандыру мақсатында, сондай-ақ уақыт үнемдеу мақсатында кандидаттардың барлық туындауы мүмкін сұрақтары ескеріліп, оңтайлы қолдану үшін жүйеленген Telegram мессенджерінде Qyzmet.info атты бот құрдық.  Енді азаматтар үшін тестілеу бағдарламасын анықтау, нормативтік актілерді жүктеу, сынақ тестілеуден өту, барлық аймақтарда жарияланған бос лауазымдарға конкурстарды қарау және конкурстық комиссияға шағым қалдыру секілді үрдістер жеңілдетілді, — деген Р.Бисенов канал бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында мемлекеттік қызметшілердің өз күшімен әзірленгенін айтты.

Аталған ботта келесідей функциялар: тестілеу бойынша нұсқаулық пен бейне-нұсқаулық;  жоспарланып отырған лауазымға байланысты тестілеу бағдарламасын анықтау; нормативті-құқықтық актілерді жүктеу; тестілеуге жазылу үшін Egov порталына сілтеме;  сынақ тестілеуі; барлық өңірлер бойынша жарияланған конкурстарды қарау;  конкурстық комиссияға шағым жасау; мемлекеттік қызмет, тестілеу, конкурс, бейімдеу және оқыту туралы жиі қойылатын сұрақтар бойынша анықтамалық;  агенттіктің және барлық аумақтық департаменттердің байланыс ақпараты қамтылған.

Президенттік жастар кадрлар резерві — жаңа мүмкіндікке жол

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен биылғы жыл Жастар жылы деп жарияланып, жігерлі жас мемлекеттік қызметтегі жастарды қолдау мақсатында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлар резерві құрылатындығын айтып, мемлекеттік қызметке деген оң көзқарасы бар жастардың жүрегіне үлкен сенім мен үміт ұялатты.

Осы орайда елімізде 1 қырқүйектен бастап Президенттік жастар кадрлар резервін іріктеуге қатысу үшін өтінімдер басталды. Іріктеу 30 қыркүйек күні аяқталады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға тартты. Осы жоба барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашады деп көзделіп отыр. Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралатын болады. Іріктеуге түрлі салалардың өкілдері, түрлі кәсіп иелері қатыса алады. Олар міндетті түрде мемлекеттік қызметкер болуы шарт емес, квазимемлекеттік сектор, жекеменшік сектор, азаматтық қоғам өкілдері бола алады, — дейді Рафхат Бисенов.  

Оның айтуынша, Президенттік жастар кадрлық резерві  3 бағыт бойынша құрылады. Олар — лауазымдардың салалық тобы, басқарушылық және өңірлік лауазымдардың тобы. Бұл орайда кандидаттарға қойылатын арнайы талаптар бар. Яғни құжат тапсыру кезінде жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі, 5 жылдан кем емес еңбек өтілі және ұсыным хаты болуы тиіс.

Құжаттарды қабылдау үшін автоматтандырылған онлайн-платформа іске қосылды. Кандидат 1-30 қыркүйек аралығында PKRezerv.kz сайтына тіркеліп, жеке кабинетіндегі деректерді толығымен толтырып, жеке куәлік, жоғары білім туралы диплом және еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмесін, сонымен қатар ұсыным хаттарды енгізуі қажет, — деген департамент басшысының орынбасары  кандидаттың сайтта көрсетілген барлық талаптарды сақтауы қажеттігін де айтты. Егер кандидаттың өтінімі біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу кезеңдеріне жіберілетін болады.

Резервке ену фактісінің өзі мемлекеттік лауазымға тағайындалу кепілдігін бермейді. Тиісті бос орын болған жағдайда бұл қызметке Жастар кадрлық резерві жөніндегі ұлттық комиссия резервте тұрған тұлғаны ұсына алады. Тағайындаулар резервке енгізілген тұлғалар арасынан да, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа да тұлғалар арасынан да болуы мүмкін.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button