Мәдениет

Динара Шынарбаева — бас жүлде иегері

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның артисі, дәстүрлі әнші Динара Шынарбаева «Жан серігім — домбыра» республикалық байқауының бас жүлдесін иемденді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Жан серігім — домбыра» дәстүрлі әнші-жыршылар байқауы Ақтөбе қаласының 150 жылдық және облыстық филармонияның 75 жылдық мерейтойына орайластырылып ұйымдастырылған еді.

Байқау аясында өткен баспасөз мәслихатында облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев: «Байқаудың атауы тек оған қатысушыларға, өнер адамдарына ғана байланысты алынған жоқ, бұл — тұтасқа ұлтқа қатысты атау. Домбыра — қазақтың есте жоқ ықылым заманнан келе жатқан жан серігі, ата-бабаларымыз бар қуанышын, шерлі шақтардағы күңіренісін күй ғып төгіп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп тастап кетті. Халқымыздың тарихын, тағдырын, дүниетанымын паш ететін күйлер мен әндерді, термелер мен жыр-дастандарды насихаттау, ертеңгі ұрпаққа жеткізу — біздің парызымыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», — деп атап көрсетілді. Ұйымдастырылып отырған байқау — осы жолдағы қадамдардың бірі», — деді.

Байқауға еліміздің бірқатар өңірлерінен, атап айтқанда Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан үміткерлер қатысты. Екі кезеңмен өткен байқау барысында ән де, терме де, жырлардан үзінділер де айтылды. Көне мұрамен қатар, өзімізбен замандас бүгінгі авторлар шығармаларына да кезек берілді. Кезінде Ақтөбе жұрты Нұрпейіс Байғаниннен есіткен «Қобыланды батыр», «Алпамыс» жырларынан, оның «Нарқыз» дастанынан, Батыс өңірде кең тараған «Қырымның қырық батыры» жырынан үзінділер орындалды. Осы орайда айта кеткіміз келеді, қазақтың жыршылық дәстүрін қайта түлету мақсатында, бүгінде Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің «Халық әні» кафедрасында студенттерді осы өнерге баулу ісі қолға алынған. Ол үшін Алмас Алматов, Амандық Көмеков сынды белгілі жыршылар шақырылған. Бұл жөнінде байқау аясында өткен баспасөз мәслихатында дәстүрлі әнші, аталмыш университеттің оқытушысы, жерлесіміз Ырысты Сүлейменова айтты.

О баста байқауды ұйымдастырудағы мақсаттың бірі — Ақтөбе топырағында туған даңқты өнер иелерінің шығармашылығын насихаттау болды, соған орай ән-термелер арасында Қызыл ақынның, Батақтың Сарысының, Кердері Әбубәкірдің туындылары көбірек орындалды. Бұл тыңдарманды ерекше қуантқан жайттың бірі болғанын айту керек.

Байқау барысында, әсіресе, жас буынның кешегі күні құрдымға кете жаздаған дәстүрлі өнерге деген құштарлығына риза болдық. Көпшілігі жас та болса, үлкен ізденістерге ұмтылатынын байқатты. Байқау қорытындысында қазылар алқасының төрағасы, белгілі жыршы Елдос Еміл атап айтқандай, қатысушылар арасында бас жүлдеге лайық өнер көрсеткендер көп болды. Қазылар алқасына жүлдегерлерді анықтау оңай болмағаны анық.

Дегенмен, байқау болған соң, міндетті түрде жүлдегерлер болады. «Жан серігім — домбыра» байқауының қорытындысында бас жүлдеге, жоғарыда айтқанымыздай, ақтөбелік Динара Шынарбаева ие болды. Оған арнайы дипломмен қоса, 500 мың теңге жүлде табысталды.

Бірінші орын қызылордалық Хасенхан Кішкенеев пен батысқазақстандық Фархат Оразовқа берілді. Олар 400 мың теңге көлеміндегі жүлдені бөлісті.

Екінші орын Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айнұр Қонысбаева мен маңғыстаулық Манас Әділбаевқа, ал үшінші орын ақтөбеліктер — Мәншүк Мұқанова мен Айда Темірбаеваға бұйырды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button