Жаңалықтар

Пара берсең, жазаланасың!

Жұма күні республикалық «Пара берме!» науқаны аясында  Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мен «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы бірлесе ұйымдастырған сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған акция өтті.

Шара барасында «Пара берме!», «Пара берсең, жазаланасың!» деген жазулары бар стикерлер 100-ден аса патрульдік полиция көліктеріне жабыстырылды.

— Полиция қызметкерлері  күнделікті өмірде халықпен өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Пара алу да, пара беру де осы қызметтегі тұлғалар арасында жиі кездесетіндігін жақсы білеміз. Осы олқылықтың алдын алып, болашақта мүлде болдырмау мақсатында бүгінгі акцияны полицейлер арасында бастағанды құп санадық, — дейді акцияның негізгі ұйымдастырушыларының бірі Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Досанов.

Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, жыл басынан бері облыста пара беру фактісі бойынша 98 қылмыстық іс қозғалған. Дегенмен ол бұл көрсеткіштің өткен жылғымен салыстырғанда едәуір төмен екендігін айтады.

Пара алушымен қатар, пара берушінің  де жазаланатындығы айтылды. Мәселен, пара бергені үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе параның 50 еселенген сомасына дейінгі мөлшерде айыппұл салу көзделген. Егер пара сомасы 2 айлық есептік көрсетіштен аспаса, онда әкімшілік жауапкершілік туындайды. Ал жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекспен 200 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button