Жаңалықтар

Енді еш жерде мекенжай анықтамасы талап етілмейді

Елімізде 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы талап етілмейді және мемлекеттік қызметтер реестрінен алынып тасталатын болады. Анығы, енді ешқандай мемлекеттік орган, мектеп немесе медициналық мекеме азаматтардан мекенжай анықтамасын осы жылдың 1 қарашасынан бастап сұрата алмайды. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы директорының орынбасары Ізбасар Орынбасаров мәлімдеді.

  • Азаматтар өздерінің қай мекенжайда тіркеуде тұрғандарын e.gov.kz электронды үкімет порталы мен e.gov mobile мобильді қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексеруіне болады. Ал мемлекеттік органдарға келетін болсақ, олар бұл мәліметте ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелері арқылы көре алады, — дейді Ізбасар Орынбасаров.

Одан әрі ол өткен тоғыз айда тұрғындарға көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша баяндама жасады. Ізбасар Орынбасаровтың айтуынша, «Азаматтарға арналған үкімет» реестрдегі 723 мемлекеттік қызметтің 89 пайызын көрсетіп отыр. Мұндай қызметтер облыстың шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін мобильдік халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетіледі. Жыл басынан бері  мобильдік ХҚО облыстың барлық 13 ауданын қамтып, ауыл тұрғындарына 19 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті.

Брифингте жер қатынастары бойынша басқарма басшысы Бекзат Оразалин өз саласы бойынша ақпарат берді. Қазіргі таңда мораторийге байланысты әзірге жер берілмей жатқандығын тағы да еске салды. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Әсел Мұстафина электрондық цифрлық қолтаңбаның мол мүмкіндігі туралы әңгімеледі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button