Басты бет » Басты жаңалықтар » Ойыл ауданының Бестамақ ауылына газ берілді

Ойыл ауданының Бестамақ ауылына газ берілді

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Ойыл ауданына барып, сондағы шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті, асылтұқымды малдардың жай-күйімен танысты. Бұдан бөлек, жаңа мектеп ғимаратына бас сұғып, Саралжын ауылдық округіне қарасты Бестамақ ауылы тұрғындарының қуанышымен бөлісті.

18 мыңнан астам тұрғыны бар аудандағы негізгі мәселенің бірі — көгілдір отын. Көмірмен үй жылытып, амалдап отырғандардың қатарында Саралжын ауылдық округі Бестамақ ауылының халқы да бар-ды. Енді олардың қолы ұзарды — ауылға газ жетті.

— Бүгін Бестамақ ауылының тұрғындары үшін маңызды күн. Көгілдір отынымыз ауыл халқын қуанышқа бөлеп, әрбір тұрғынның үйлерін жылытуға мүмкіндік туып отыр. Елбасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес, облысымыздың барлық елді мекендерін газбен қамту қолға алынып, жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Соның айғағы, міне, бүгінгі өздеріңіз куә болып отырған игілікті іс.

Бүгінгі таңда Ойыл ауданы тұрғындар санының 38,3 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Іске қосылғалы тұрған газ тарату құбыры желісін тарту жұмыстары 2017 жылы басталған болатын. Бұған бюджет есебінен жалпы құны 1 миллиард 47 миллионнан астам теңге бөлінді. Аталған газ желісін тарту арқылы 40-қа жуық тұрғын үй мен мектеп, медпункт, ауылдық клуб секілді әлеуметтік нысандарды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Жуық арада әрбір үйге енетін көгілдір отынның жылуы тұрғындардың өмір сапасын жақсарта түсетіндігі анық. Газдың тартылуы ауылдың тұрмыс-тіршілігіне жаңа бір леп беріп, шағын және орта бизнестің, әлеуметтік нысандардың көптеп ашылуына өз септігін тигізетіні де анық.

Көгілдір отынның жылуы әр шаңыраққа құт-береке, мол ырыс пен ынтымақ әкелсін! Бүгінгі шара алдағы табысты, жемісті күндердің бастамасы болады деген сенімдемін, — деп осынау қуанышпен құттықтаған облыс әкімі артынша жұртшылықпен бірге қариялардың лебізін тыңдады. Солардың бірі — ауыл ақсақалы Балтабай Бейсенов бұл тұрғындардың осында көптеп шоғырлануына, жалпы жақсылыққа бастайтын игілікті іс екенін айта келе, шаңырағына дәм ауыз тиюге шақырды.

Өңір басшысы осы оқу жылында ашылған Тайсойған негізгі мектебіне соқты. 60 балаға шақталған жаңа білім ошағына қазіргі таңда 41 оқушы барады. Ғимараттың материалдық-техникалық базасымен танысқан Оңдасын Сейілұлы ғаламторды мейлінше жоғары жылдамдықта беру керектігін ескертіп, ұл-қыздардың алаңсыз білім алуы — басты мақсат екенін атап өтті. Білім ордасының ауласына ағаш еккен атқарушы билік өкілдері сол жерде байланыс саласының мамандарымен жүздесіп, ауданды телефон, ғаламтор желілеріне қосу жайын пысықтады. «Заман игіліктерін тек әлеуметтік нысандарға қондырып қоймай, ауыл тұрғындарына да ұсыну қажет. Бұл — басты талап. Сосын мейлінше сапасы жоғары желілерді пайдаланыңыздар», — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі Саралжын ауылдық округіне қарасты Қоңырат елді мекеніндегі       «Тәжібай-Агро» ЖШС жұмысымен де танысты. Асылтұқымды мүйізді ірі қара шаруашылығымен айналысатын серіктестіктің басшысы Абыл Сатаевтың айтуынша, иелікте 71 бас ангус тұқымының сиыры бар. Ал жұмысшылардың саны — 9. Сондай-ақ, шаруашылық аумағында аудандағы асылтұқымды малдардың көшпелі көрмесі өтіп, бұл іске ден қойған шаруалар мал басы, тыныс-тіршігілі туралы әңгімеледі. Оларды толғандыратын басты мәселе — мал терісін өткізетін, оны соятын орынның болмауы. Іле-шала облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайға осы түйткіл бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Ауыл шаруашылығы жайы, бұл саладағы түрлі сұрақтар көшпелі отырыс барысында қаралды. Оған басқарма басшылары, қаржы және ауыл шаруашылығы қорларының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев өзінің баяндамасында ауданда 9976 жылқы, 36803 мүйізді ірі қара, 169316 қой-ешкі, 79 түйе барын айтып, жалпы саны 46 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 328 шаруа қожалығының жұмыс істейтінін қосты. Сондай-ақ, «Еңбек», «Сыбаға», т.б. бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берді. Жалпы, биыл ауыл шаруашылық саласына тартылатын инвестиция көлемі 200 миллион теңгеден асады деп күтілуде.

Сөз соңында Оңдасын Сейілұлы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көру, барлық жаңашылдықтарды оңтайлы пайдалану арқылы шаруалардың табысқа жететінін тілге тиек етіп, оларға бұны өз деңгейінде түсіндіру сала мамандарының міндеті екенін жеткізді.

— Елбасының аграрлық секторды экономиканың драйвері ету туралы тапсырма бергені белгілі. Аталған тапсырманы орындау үшін Үкімет тарапынан да зор мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, облыстың мал шаруашылығы саласына осы жылы 5,7 миллиард теңге бөлініп, бүгінгі таңда оның 4 миллиард теңгесі игерілді. Ал субсидия 391 шаруашылыққа берілді. Шаруашылықтар тарапынан өтінімнің көптеп түсуіне байланысты біз өз тарапымыздан Ауыл шаруашылығы министрлігіне 5,9 миллиард теңге қосымша қаржыға бюджеттік өтінім бердік. Жалпы, осындай қолдау арқасында облыста мал шаруашылығында өндірілетін өнім, мал басы жыл санап өсіп келеді, — деген облыс әкімі жерді тиімді пайдаланып, мал азығын дайындау жұмыстарына айрықша көңіл бөлуді тапсырды.

Басқосуда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина да сөз сөйлеп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға, лажы болса субсидия, грант, басқа да қаржылық игіліктерді алуға шақырды.

Айта кетейік, Ойыл ауданында 7 ауылдық округ, 22 елді мекен бар.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Ойыл-Ақтөбе.