Жаңалықтар

Кәсіподақ шиеленісті болдырмай, мамандарды сақтап қалуға ықпал етеді

Биыл тұңғыш рет ел Үкіметінің қаулысымен 10 қазан — Қазақстан Кәсіподақтары күні болып ресми түрде белгіленді. «Жұбановтар әлемі» үйінде атап өтілген салтанатты шарада облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтауын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов бірқатар белсенді кіәәсіподақ қызметкерлерін марапаттады.

Еңбек дауларын шешуге  белсенді түрде араласып жүрген кәсіподақтар қуатты күшке айналып келе жатыр. Облысымызда 130 мыңнан астам мүшесі бар 1190 кәсіподақ ұйымы тіркелсе, оның  бәрі де Қазақстанның Кәсіподақтар  Федерациясының құрамына кіреді. Қазақстан бойынша 2 миллионнан астам адам  жұмысшы кәсіподақ ұйымдарының мүшесі.

Облысымыздағы кәсіподақ мүшелерін облыс әкімінің атынан құттықтаған Марат Тоқжанов:

— Еліміздегі  алғашқы кәсіподақ ұйымы 1900 жылы  қазіргі Қарағанды облысынан басталды. Көмір өндірісінде құрылған алғашқы кәсіподақтың   6 мүшесінің 2-уі —қазақ. Заман талабына сай осы қозғалыс үнемі өзгеріп, жетілііп отырады. Бүгінгі күні кәсіподақтың басты міндеті — жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы қатынастарды үйлестіріп отыру, жұмысшының құқығын қорғай отырып, медиаторлық рөлді атқару. Өкініштісі, көптеген ірі жұмыс берушілер кәсіподақтарды өздеріне жау сияқты көреді, кәсіподақтардың қызметін дұрыс түсінбейді. Осы себепті де өз кәсіпорындарында кәсіподақ орталығын ашуға келіспей жатады. Олар  кәсіподақтардың өздеріне одақтас екендігін түсіне бермейді, оның арқасында көптеген мәселелерді шешуге болатындығын түсінбейді. Бүгінде әрбір ұжымда кәсіподақ орталығын ашу жөнінде облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы тікелей тапсырма берді. Біз қазір осы жұмыстармен айналысуға кірістік. Кез келген ұжымдағы, кез келген кәсіпорындағы жұмысты алға сүйрейтін – мамандар. Ал кәсіподақтар  шиеленісті болдырмай, мамандарды сақтап қалуға ықпал етеді. Бір жұмыскердің атында қаншама тағдыр тұр, отбасы, бала-шағасы бар. Өңіріміздегі түрлі салаларда, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында қаншама шешілмеген мәселелер бар. Оның көпшілігі   кәсіподақ ұйымдарының араласуынсыз бітпейді. Ендеше, кез келген басшы меншік құқығына қарамастан осы жөнінде ойлануы тиіс.

Облыс әкімінің орынбасары сөзінің соңында  ел Парламентіне кәсіподақ ұйымдарынан депутаттыққа үміткерлер өткізуге әзірлікті бастау керектігі жөнінде айтты.

— Бүгінде әр саладағы кәсіподақ ұйымдары  жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасындағы басты медиатор рөлін атқаруда. Соның дәлелі — жыл  басынан бері облысымызда  1500  жұмысшыны  қамтитын 16 бастауыш кәсіподақ ұйымының құрылуы, — деді құттықтау сөзінде Ақтөбе облысы Кәсіподақтар Орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымдарының арқасында 300 мыңнан астам жұмыс беруші 1 миллионнан астам еңбеккердің жалақысын көтерді. Ақтөбе облысында 118 кәсіпорында еңбек ететін  51 мың 200 қызметкердің еңбекақысы жоғарылады.

Еңбеккер өз құқықтарының бұзылғандығы жөнінде шағымданса, осы шағымдарды қарау жүйесі орталықтандырыла бастады. Мәселен,  барлық деңгейдегі соттарда еңбекақы дауы бойынша  тегін кеңес беретін медиаторлар, заңгерлер жұмыс істеп жатыр. Осы жағынан арызданушы тегін кеңес алады.

Салтанатты шарада «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалының  Ақтөбе темірқорытпа зауыты заряд дайындау цехының кран машинисі Жаңыл Хакимова  ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Бұдан өзге 100-ден астам кәсіподақ мүшелері, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері түрлі дипломдар мен алғыс хаттармен марапатталды.

                                                                           Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button