Экономика

Бағдарламаның жемісі: өнім 1 триллион теңге, 9 мың жұмыс орны

Бизнестің жол картасы-2020

Депутат Аркадиий Нидің төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы өтті.

Облыстың мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлованың қатысуымен өткен комиссия отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және өзектендіру туралы» мәселесі талқыланды.

Бұл бағдарлама жария болғаннан бері 24,2 миллиард теңге бөлініп, оның аясында 2 мыңнан астам шағын орта бизнес аяғынан тұрды. Кәсіпкерлік саласын қаржыландыру көрсеткіші жыл сайын өсіп отыр. Ол өткен жылы 1 832 миллион теңге болса, биыл бұл 2 029 миллион теңгеге өскен.  Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 3,5 мыңнан астам кәсіпкерлік субьектілеріне қолдау көрсетілген. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ерлан Назаров жасаған баяндамада тоғыз айдың қорытындысы бойынша 141 жоба субсидияланып,100 жоба кепілдік алғаны айтылды.

Облыста көпбалалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің жобаларына ерекше көңіл аударылып отыр. Биылғы жылы мемлекеттік өтеусіз гранттарды қаржыландыру 61 миллион теңгеге дейін артып, 30-дан аса шағын және орта бизнес жобасы қамтылды.

Ерлан Назаров  кәсіпкерлік саласында өзекті мәселелердің бар екенін де атап өтті. Алдағы жылы жобаларды іске асыру қарқынды жүрмек. 10 жобаны қаржыландыру келер жылдың еншісінде қалды.

Депутаттардың көтерген мәселесі — жас кәсіпкерлерді қаржыландыру барысы. Бөлінген қаражатты тиімді жұмсап, нәтижесін бақылау. Депутаттардың айтуынша, кәсіптік бағытта оқығандардың 70 пайызы бос жүр. Демек бағдарламалар аясында нәтижелі жұмыспен қамту, кәсіпкерлікпен айналысуда кемшін тұстар бар. Мәселені жүйелі түрде шешу жолдары жан-жақты пысықталып, бірқатар ескертулер мен ұсыныстар айтылды. Дегенмен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 1 триллионнан астам өнім өндіріліп, 9 мың жұмыс орны ашылған. Жергілікті бюджетке 63,7 миллиард салық төленді. Бұл жұмсалған бюджет қаражатынан  екі жарым есе көп. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының облыстың филиалының директоры Анар Даржанова, «Даму» қоры облыстық филиалының басшысы Берік Нұрғалиев өз салаларындағы атқарылуға тиіс жұмыстарды ортаға салып, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жаңалықтарымен бөлісті. Комиссия отырысында депутаттар сауалына арқау болған  өзекті мәселелерді реттеуге мәслихат хатшысы тарапынан нақты тапсырмалар берілді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button