Денсаулық

9 медбике 250 мың теңгеден алды

Қазақстан кәсіподақтарының күнін дәрігерлер де ерекше атап өтті. «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы мерекелік шара ұйымдастырды.

Жиында филиал төрағасы Қайрат Сабыр жиналған дәрігерлерді мерекемен құттықтап, кәсіподақтың бір жыл бойы атқарған жұмысы туралы айтты. Қазіргі таңда филиалдың 23  мыңнан астам мүшесі бар. Оның ішіне медицина университеті мен медициналық колледж жастары кіреді. Филиалға қарасты  58 мекеме болса, оның 47-сі — мемлекеттік.

—  Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 140 өтініш түссе, соның ішінде 5 арыз дәрігер мен емделушінің арасындағы келеңсіздіктерге байланысты болды. Медиация арқылы екі жақ бітімге келіп, сотқа жетпей шешілген проблемалар бар. Филиалда кәсіби заңгер жұмыс жасайды. Жалпы дәрігерлердің құқын қорғау, оларға жағдай жасау мақсатындағы шаруалар тоқтаған емес. Мәселен, еңбекақыны уақытында төлеу, рентгенолог, радиолог секілді мамандарға қосымша ақы төлеу  секілді жағдайлар бойынша туындаған  мәселелер шешіліп жатыр. Аудандардағы медицина қызметкерлеріне коммуналдық шығын үшін қосымша ақы төленуде. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған, — деді Қайрат Сабыр. Сондай-ақ филиал «Мектепке жол» акциясы бойынша 1500 балаға 15 миллион теңге қаржы бөліп, көмек көрсеткен. Ардагерлер де назардан тыс қалмапты. Мереке сайын құрмет көрсетіледі. Жас мамандардың пәтер алуы үшін республикалық орталықтан 9 миллион теңге қаржы бөлінген. Жиында дәрігерлер мен медбикелер марапатталды. Тоғыз медбикеге 250 мың теңгенің сертификаты берілді. Сондай-ақ ардагер дәрігерлер Алғыс хат және медальдармен марапатталды. Медицина университетінің 8 студентіне 25 мыңнан және колледждің 8 оқушысына 12 мың теңгеден қосымша шәкіртақы тағайындалды.

Шараның соңында өнерпаздар ән салып, би биледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button