Жаңалықтар

Пара берме!

Брифинг

Біреуге 2 айлық есептік көрсеткіш, яғни 5050 теңге көлемінде пара беріп, тарту-таралғы жасасаңыз, қылмыстық іс қозғалады. Ал сый-сияпат көлемі бұдан аз болса да заң алдындағы жауапкершіліктен жалтару мүмкін емес: мұндай жағдайда әкімшілік іс қозғалады.

Бұл туралы кеше Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов айтты.

Басқосу барысында департамент басшысы пара беру және пара алу жағдайындағы қылмыстық заңнама нормаларын түсіндірді.

Қазір ел көлемінде, оның ішінде біздің облыста да «Пара берме!» акциясы ұйымдастырылып жатыр. 

Сыбайлас жемқорлық қылмысында екі субъект болады: заңсыз материалдық сыйақы алушылар және оларды ұсынушылар. Қылмыстық Кодекске сәйкес, пара бергені үшін азамат белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады. Сондай-ақ, Кодексте 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе параның 50 еселенген сомасына дейінгі мөлшерде айыппұл салу көрсетілген.

Егер пара 2 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес,  200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, облыс тұрғындарын пара және заңсыз материалдық сыйақы беруден саналы түрде бас тартуға шақырамыз, — деді Мирлан Мұхамбетов.

Жыл басынан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 676-бабы бойынша (жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі) 5 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға жалпы 2 525 000 теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

Сонымен қатар 9 айдан бері пара беру фактілері бойынша 3 қылмыстық іс тіркеліп, оның 1-еуі сотқа жіберілген.

9 айдың қорытындысында, 99 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде — пара алу бойынша — 24 қылмыстық іс, қызметін асыра пайдалану бойынша — 38 қылмыстық іс, мемлекттің қаржысын жымқыру бойынша 30 іс тіркелген. Бұл қылмыстар әртүрлі салаларда, әсіресе, құқық қорғау, білім салаларында көбірек кездеседі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button