Мәдениет

«Жан серігім — домбыра»

Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда «Жан серігім — домбыра» атты дәстүрлі өнер байқауы өтті.

Дәстүрлі әнші-жыршылар байқауы биыл Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы мен Ғазиза Жұбанованың туғанына 75 жыл толуына орайластырылып ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, облыстық әкімдік және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бар.

Ашылу салтанатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында өткізіліп отырған бұл байқаудың басты мақсаты — біздің өңірден шыққан Қызыл Тұрдалыұлы, Сары Батақұлы, Тәңірберген Молдабай, Нұрпейіс Байғанин, Шернияз Жарылғасұлы сынды даңқты өнер иелерінің шығармаларын кеңінен насихаттау, сондай-ақ халқымыздың дәстүрлі өнерін жалғап жүрген талантты жандарға қолдау көрсету, — деп атап өтіп, қатысушыларға сәттіліктер тіледі.

Ашылу салтанатында, сондай-ақ облыстық филармонияның «Достық сазы» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Байқау бұрын аймақтық деңгейде өтсе, биыл республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Оған өз облысымыздан, Нұр-Сұлтан қаласынан және Маңғыстау, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан үміткерлер, негізінен, жастар қатысты.

Екі кезеңмен өткен байқауда қатысушылар халықкомпозиторларының әндерімен терме-толғауларынан бөлек, Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» поэмасынан, «Қобыланды батыр», «Едіге батыр», т.б. жырларынан үзінділер орындады.

А. САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button