Жаңалықтар

Үлгілі жолдағы іздер

Құдайберген Жұбановтың туғанына — 120 жыл

«… Өміріне кегі кеткен өлмеген,

Жалған айып тағылғанда көлденең,

Ақиқаттың аппақ туын бермеген».

М.Мақатаев.

 

Қамшының сабындай қысқа ғұмыр… Туды, өсті, толды, өлді. Өлген жоқ, өлтірілді.  Бар-жоғы 39 жас. Қырыққа жетпеген ғұмырында адам ретінде де, маман ретінде де, ғалым ретінде де қалыптасып, рухани толысып, халқына қалтқысыз қызмет етті. Сөйтті де жалған айып тағылып, қыршынынан қиылып кете барды. Өмірінің әрбір сәтін білім мен ғылымға арнап, өзінің де, өзгелердің де көңіл көзі мен ақыл көзін шайдай ашу үшін аянбай тер төккен, қазақ халқының тарихында төрден орын алған асыл тұлға – Құдайберген Қуанұлы Жұбанов.

Осы ардақты тұлғаның туғанына 2019 жылдың желтоқсанында 120 жыл толады. Ғалымның мерейтойы қарсаңында қазақ оқымысты білгірлерінің көмескі тартпас адамдық, ғалымдық келбетін сөзбен сомдаған жазбаларды тағы бір парақтауды, зерделеуді жөн көрдік. Құдайберген Жұбановтың адамдық қасиеттерінің асылдығын ғалымның қамқорлығын көрген, қазақ тіл ғылымында ойып алар орны бар замандастары зор құрметпен жазған.

Оның дәлелі академик Ісмет Кеңесбаев 1966 жылы жазған «Профессор Құдайберген Жұбанов» атты мақаласында келтірген Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болған Ғайнетдин Мұсабаевтың естелігі: «Студент болып жүрген кезімде, лекциядан босаған сәттерде Ағарту комиссариатына баратынмын, маған жетекші Құдайберген Жұбанов әр барған сайын топ-топ ғылыми кітап дайындап қойып, оқып шық, таныс дейтін. Оларды белгілі бір уақыт ішінде оқып шығуға тиіс болатынмын. Солармен әбден танысып болғаннан кейін, әлгі кісі не біліп, не қойғанымды тексеріп, менен бейне бір емтихан алып отырған адамша сұрақтар қоятын, әрмен қарай өзі түсіндіріп, өзі айтып кететін».

Бұған қарап Құдайберген Жұбанов қазіргі жоғары оқу орнындағы оқытудың кредиттік жүйесінің өзіндік жұмыс жасату мен оқытушының жетекшілігімен жасалатын өзіндік жұмысының «көкесін» Болон процесінсіз-ақ жүзеге асырған дерсіз. Жанындағы жандардың барлығына жақсылық жасауға, шарапатын тигізуге дайын тұратын қасиетін қазақтың белгілі жазушысы Хамза Есенжановтың ғалымды «әти» деп, яғни «әке» деп атап кеткендігі туралы мәлімет те растайды. Бұл қатарда Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі Әубәкір Ысмайылов, Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Асқар Тоқпанов та аталады.

Құдайберген Жұбановтың аз ғұмырында ғасырдан-ғасырға жетер мазмұнды мұра қалдыруының себебі — бойындағы таланты мен дарыны ғана емес, асқан еңбекқорлығы мен мықты ерік-жігері. Бұл туралы Ісмет Кеңесбаев: «Ең алдымен бұл кісінің нағыз еңбеккер адам болғанын айтқым келеді. Әріптестері мен шәкірттері ол кісіні қатты сыйлап, зор ізет, құрмет тұтқан. Өзі қаншалықты зор білімдар, асқан мағлұматты сыпайы адам болатын, бір нәрсеге дауысын қаттырақ көтеріп, күйгелек мінез көрсеткенін өз басым байқаған емен. Бірақ өз пікірін дәлелдеуге келгенде зор айтыскер адам еді….Тіл жөнінде айтыс-тартыстардың бәрінде де, түптеп келгенде, осы кісінің пікірі өтетін. Ешкіммен қатты сөзге бармай-ақ білімінің арқасында үнемі жеңіп шығатын», — дейді.

Құдайберген Жұбановтың ғылыми пайымдаулары мен нақты тілдік талдаулар негізінде жасаған тұжырымдары ХХІ ғасырдағы тіл ғылымының жаңа бағыттары деп танылып жүрген бүгінгі тұжырымдардың тезистелген негізі тәрізді. Бұл ойымызды асылдың тұяғы, өзіміз алдынан дәріс алған, қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде ашылған «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығының (бұрынғы зертхананың) меңгерушілігіне сол кездегі ректор Мұхтар Арынның арнайы шақыруымен келіп, ақтөбелік жұбановтанушылар мектебін қалыптастырған Есет Құдайбергенұлы Жұбанов (биыл туғанына 90 жыл толып отырған) растай түседі: «Жалпы лексикалық грамматикалық тұрғыдан одағай сөздердің табиғаты профессор Қ.Жұбановтан бұрын да, соң да ғылым тезіне түсіп келе жатқаны мәлім. Алайда аталмыш категорияның мағыналық өзгерістері нақ Құдайберген Жұбановша мүшеленіп талданған емес. Орысша «семантическое членение» делінетін бұл лингвистикалық таным» қазақ тіл біліміне әлі күнге сіңісе де алған жоқ».

Шынымен де Құдайберген Жұбановтың еңбектеріндегі ой-қорытындыларды бүгінгі тіл ғылымы тұрғысынан қарасақ, заманауи бағытта деп танып жүргеніміздің негізгі өзектерін ғалымның өрнектеп кеткеніне көзіміз жете түседі.  Оған бір ғана дәлел ретінде «Бәрекелді!» одағайына қатысты айтқан пікірін келтіруге болады: «бір нәрсені «жақсы істеген екенсің» десек те, «жаман істеген екенсің» десек те бәрекелде! – деуге болады. Оның қай мағынада айтылғандығын сөйлемдегі тұрған орнына қарап және дауыс ырғағына қарап айырамыз», — деп жазады.

Қазіргі дискурсология деп аталатын бағытта «бәрекелді» одағайы жеке сөз ғана емес, қолданылып тұрған сәтіндегі сөз не сөз әрекеті (дискурс) сапасында талданады. Мұның өзі Қ.Жұбанов көрегендігінің, ғылыми мұраларының өміршеңдігін танытады.

Бір басында жан жомарттығы да, сөз жомарттығы да, ой жомарттығы да орныққан тұлғаның қазақ тіл ғылымындағы ерен еңбегінің қайтарымына бүгінгі ұрпақ не берді, не береді? Ең алдымен, еңбектерін зерделеп, мән-маңызын түсініп, осы күнгі білім мазмұнында кәдеге асыру — бүгінгі ұрпақтың ғалым-ұстаз алдындағы парызы.

Екіншіден, Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұраларын тек қазақстандықтар арасында ғана танытпай, еңбектерін шетел тілдеріне барынша сауатты, жоғары деңгейде аударып, тарату, таныту да — бүгінгі ұрпақтың ғалым еңбегін ақтауының бір көрінісі. Бұл бағытта қолға алынып, жасалған іс-шаралар баршылық, оның ішінде Қ.Жұбановтың еңбектерінің библиографиялық көрсеткіштерінің жариялануы, «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығының тарихының үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) басылып шығуы, «Жұбановтар»  мультимедиалық энциклопедиясының дайындалып, оған авторлық куәліктің алынуы, «Жұбановтар» виртуалды мұражайының дайындалуы — ІХ «Жұбанов тағылымы» ғылыми конференциясына дайындық барысында қол жеткізген нәтижелер болса, ғалымның биылғы 120 жылдық мерейтойына арналып отырған Х «Жұбанов тағылымы» ғылыми конференциясында жұбановтану ғылымын жаңа белеске көтеру мақсатындағы игі істер жоспарланып, жұмыстар атқарылып жатыр.

Атап айтқанда, ғалымның академиялық жинағын баспадан қайта басып шығару, «Из истории порядка слов в казахском языке» деген орыс тіліндегі мақаласын бірнеше тілге аударып ұсыну, жұбановтанушы ғалымдарды дайындауға зор үлес қосқан Есет Құдайбергенұлы Жұбанов атындағы конференц-зал ашу, т.с.с.  Бұл істер – тіл ғылымы төңірегінде жүрген мамандардың өз кәсібіне деген құрметі мен адалдығының Құдайберген Жұбанов қалдырған үлгілі жолдағы іздері.

 

                                                                     Күлзат САДИРОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

филология факультетінің деканы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button