Басты бет » Басты жаңалықтар » Канадалық компания облыс жолдарын жөндеуге ниеттеніп отыр

Канадалық компания облыс жолдарын жөндеуге ниеттеніп отыр

Сәрсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Қобда ауданында болып, халық игілігі үшін жасалып жатқан бірқатар жұмыстармен танысты.

Атқарушы билік өкілдері алдымен «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк» автомобиль жолының 307 шақырымында болып, жол құрылысы саласында инновацияларды енгізу мәселесі бойынша өткен жиынға қатысты.

Негізгі мақсаты — жол құрылысы саласына инновацияларды енгізу мәселелері бойынша билік пен бизнес өкілдері арасында байланыс орнату болған жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов, «CanRos GRP Inc» компаниясының президенті Юрий Тарасов, «Cypher Environmental» өндіруші компаниясының бас инженері Джейми Гладенмен қатар, облыстың жол саласының, жол активтері сапасының ұлттық орталығының, қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының өкілдері қатысты.

— Жол — республикамыздың күре тамыры. Өздеріңіз білетіндей, республика көлемінде құрылысқа, оның ішінде жол құрылысына ерекше мән беріліп, қомақты қаражат бөлініп отыр. Өңіраралық жолдарды дұрыстап, халықаралық деңгейдегі дәліздерді ашу арқылы экономикамызға ерекше қарқын беріледі. Бүгінгі таңда жол құрылысы саласында көптеген жұмыстар жасалып жатыр, дегенмен біздің алдымызда әлі де 2025 жылға дейін қанағаттанарлық және жақсы деңгейдегі жол сапасын 95 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Жыл сайын 500 шақырым облыстық, аудандық маңызы бар жолдар жөнделуі тиіс болғанымен, бюджеттен бөлінетін қаржыға тек 300 шақырым ғана жол жөндеу мүмкін болып отыр, — деген облыс әкімі жол құрылысы саласында кемшіліктерді болдырмау, оның сапасын арттыру, пайдалану мерзімін ұзарту мақсатында жан-жақты жұмыстар жасалып жатқандығын айтты.  

Бұдан соң канадалық компания басшысы Юрий Тарасов жиналғандарға өзі басқарып отырған компанияның жұмысын таныстырып, бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарына тоқталып, өзге компаниялардан артық тұстарын жеткізді.

— Біз қолданатын барлық өнім 100 пайыз экологиялық таза. Құрылысқа жіберілмес бұрын барлығы арнайы зерттеуден өткізіледі. Ең бірінші салған жолдарымыз сапасын еш жоғалтпай 12 жыл тұрды. Бұған дейін әлемнің бірнеше елінде жол құрылысымен айналысып келдік, — деді Юрий Тарасов.

Әлемдік нарықта 25 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан канадалық компания бүгінгі таңда қыркүйек айынан бастап «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк» автомобиль жолының 3 шақырымын өз қаражаттарына сараптамалық жөндеуден өткізуді бастаған.

Облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашевтың айтуынша, канадалық компания  өнімін  Қазақстан Республикасының территориясында сатуға рұқсат алып,  сараптама жұмысы мақұлданса, Ақтөбе жолдарын жөндеумен айналысуы мүмкін.

Бюджет қаражатына едәуір үнем алып келеді деген компания құрылыста  қиыршық тастарды қажет етпейді. Ал бұл тәсіл бірқатар жұмыстарды жеңілдетпек. Бір шақырымды жөндеуге жұмсалатын 40 млн теңге канадалық кәсіпорынның тәсілі арқылы  28 миллион теңгеге дейін қысқарады.

Облыста  жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 5 мыңнан астам шақырымды құрайды, оның ішінде тек 2,6 мың шақырымы немесе 53% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Жиын соңында канадалық компания өкілдеріне алғысын білдірген облыс әкімі жол сапасын арттыру бағытында барынша тиімді әдістерді қолдану қажеттігін айтты.

Бұдан соң, облыс әкімі Жарық ауылдық округіндегі көлтабанды суармалы жерлерді қалыпқа келтіру бойынша жасалып жатқан жұмыс барысымен танысты.  Аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбет ауданда жалпы 6,500 га суармалы жер пайда болатындығын айтты.

Бұдан соң облыс әкімі Қобда ауылының маңында «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бой көтерген «Маяк» қызмет көрсету кемпингіне келіп, екі қабатты қонақүйдің жұмысымен танысты. Халықаралық маңызы бар жолдың бойында орналасқан кемпингте 45 адамға шақталған жатын бөлме, 50 адамға арналған асхана бар. 30 адамды жұмыспен қамтымақ.

— Алдағы уақытта кемпинг жанынан газ құю станциясын ашып, көлік жөндейтін орын салу жоспары тұр. «Маяк» қонақүйі — біздің екінші жобамыз. Бұған дейін Әйтеке би ауданында жолда қызмет көрсету орталығын салған болатынбыз. Басты мақсат — жолаушыларға барынша сапалы әрі ыңғайлы жағдай жасау, — деген кәсіпкер Амантай Берденов қонақүй құрылысына 200 миллион теңге көлемінде қаражат кеткенін айтты.

 Сапар соңында облыс әкімі Қобда ауданының әкіміне ауылшаруашылық саласына қатысты жұмыстарды күшейтіп, жөндеуі жүргізіліп жатқан жолдардың сапасын бақылап, оны уақытында аяқтауды тапсырды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.