Жаңалықтар

Ауыл әйелдері бас қосқан форум

Cейсенбі күні Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен облыстық ауыл әйелдерінің форумы өтті.

Оған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Майя Егімбаева, «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы, ҚР Президенті жанындағы жасыл экономикаға өту кеңесінің мүшесі Салтанат Рахымбекова, сондай-ақ облыстың барлық аудандарынан әйелдер, қыз-келіншектер қатысты.

Форумда облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ауыл әйелдерінің қоғамдағы, отбасындағы рөлін, олардың әр салада қол жеткізіп жүрген жетістіктеріне тоқталып, жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдірді.

— Бүгінде облыстағы әйелдер қауымы өте белсенді. Әсіресе, бизнес саласында абыройлы, нәтижелі еңбек етіп жүрген әйелдер, қыз-келіншектер көп. Атап айтсақ, қазіргі таңда облыстағы шағын және орта бизнес саласында қызмет етіп жүргендердің 45 пайызы — әйелдер. Жалпы қай саланы алсақ та, нәзік жандылардың саны да, белсенділігі де жоғары. Ал бүгінгі күні ұйымдастырылып отырған форумда аудандардан, ауылдардан жиналған іскер әйелдерді көргеніме өте қуаныштымын. Қазақта «Әйел қырық жанды» деген сөз бар, яғни отбасын ұстау, бала тәрбиелеу, жұмыс жасау, жақындарымен қарым-қатынасты сақтау, дамыту — мұның бәрі тек әйелдің ғана қолынан келеді. Сондықтан бүгінгі шараға қатысып отырған әйел-аналарға, қыз-келіншектерге зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбекте шығармашылық табыс тілеймін, — деді М.Тоқжанов.

Бұдан кейін шарада «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы, ҚР Президенті жанындағы жасыл экономикаға өту кеңесінің мүшесі Салтанат Рахымбекова сөз сөйлеп, бүгінгі күні мемлекет саясатының басым міндеттерінің бірі ауылдарды тұрақты дамыту және ауылда өмір сүру сапасын арттыру екенін, осыған орай ауыл әйелдеріне жағдай жасалуы керектігін атап өтті.

— Бүгінгідей шарада ауыл әйелдерінің басын қосу және біріктіру өзекті. Олардың ішінде ауыл әкімдері, мектеп директорлары, фермерлік шаруашылықтар мен ауыл бизнесінің басшылары бар және оларға тәжірибе алмасуға, кәсіби қарым-қатынасты жолға қоюға мүмкіндік беру өте маңызды. Өткен жылы елімізде Қазақстанның ауыл әйелдерінің бірінші форумы өтіп, осы шарада алғаш рет жұртшылық ауыл дамуының қиын мәселелерін кәсіби түрде талқылай бастады. Форумның қорытындысы бойынша «Ауыл әйелдері ауылдағы өмір сапасын арттыру үшін Жасыл экономиканы қолдайды» атты Үндеу қабылданды. Сондай-ақ форумда ауыл әйелдерінің жетістіктері аталып, 10 номинация бойынша 150 әйелге Алғыс хаттар табыс етілді, ауылдық жерде тұратын 10 әйел «Coca-Cola белестері» жобасы аясында 4 мың АҚШ доллары көлеміндегі грантқа ие болды. Ал биыл бұл шара елордада екінші рет 7-8 қарашада өтеді. Оған еліміздің барлық өңірінен белсенді ауыл әйелдері қатысады, — деді ол.

Форум барысында «Облыстың ауылдық аумақтарын тұрақты дамытудағы әйелдердің үлесі» және «Менің жетістіктерімнің тарихы» атты пленарлық отырыс өткізіліп, ауыл әйелдері өз жетістіктері мен тәжірибелерімен бөлісті.

Сондай-ақ форум аясында қатысушыларға тренингтер ұйымдастырылып, белгілі бизнес-тренерлер өз жобаларымен таныстырды.

Форум соңында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов әр салада белсенді еңбек етіп жүрген бір топ әйелге облыс әкімінің Алғыс хатын табыстаса, «Қазақстан әйелдерінің аграрлы одағының» атқарушы директоры Ләззат Асқарова 11 адамды арнайы дипломдармен марапаттады.

Шара соңы Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілерінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Данагүл ҚАЗИХАН.    

Басқа жаңалықтар

Back to top button