Жаңалықтар

12 мың іс сотсыз шешілді

Семинар

Бүгінде облыстың барлық мектептерінде медиация кабинеттері ашылып жатыр.Бірақ ол қандай дәрежеде жұмыс жасауы керек? Мектеп медиациясының маңызды мәселелерді шешуге ықпалы бар ма? Дау-жанжалды сотқа жеткізбей қос тараптың арасындағы араздықты ата-баба жолымен бітістіретін медиаторлардың көмегі қандай болып жатыр? Бұл туралы «Қазақстан медиаторлар одағының» бас директоры Жанділдә Жакупов жергілікті медиаторларға шеберлік сабағын өткізді.

Алматы ауданы әкімдігі №55 орта мектепте «Рухани жаңғыру — бабалар жолы» тақырыбында семинар ұйымдастырып, оған қалалық әкімдік бөлімдерінің мамандары, депутаттар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, кәсіби медиаторлар, Ақтөбе қалалық №3 сотыныңқызметкерлері шақырылды.Семинарға қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева,қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев қатысты.

Еліміздің бас медиаторы Жанділдә Әжіғалиұлы медиация мен медиаторлар туралы бейнебаян арқылы кеңірек түсіндірді. Қазіргі қоғамға медиаторлардың көмегі өте қажет. Маманның сөзіне сүйенсек,медиацияның арқасында көптеген дау-дамайлар сотқа жетпей, өзара келісіммен шешілуде. Айталық, өткен жылы 30 отбасылық жұп медиаторлардың қызметіне жүгініп, өзара мәмілеге келген.

Медиатор кәсіби және кәсіби емес болып екіге бөлінеді. Кәсіби емес медиатор — 40 жасқа толған, жергілікті органдарда тіркелген адамдар. Ал кәсіби медиаторлар арнайы 48 сағаттық дайындықтан өткен, халықпен сөйлесу тәсілдерін жетік меңгеріп, қолына сертификат алады. Олар кез келген дау-дамайға байланысты өздерінің қызметтерін ұсына алады. Медиацияның қызметі арқасында 12 мыңға жуық іс сотқа жетпей реттелген.

Кейбір жағдайда дау-дамайлар сотқа барып шешіліп жатады. Ол бұған дейін медиаторлардың бар екенін, олардың кім екенін, қандай қызмет көрсететінін білмегендіктен болады. Іс сотқа жетіп, медиацияның араласуымен шешілген жағдайда да сот қызметіне жұмсалатын қаражат, уақыт екі тарапқа да салмақ түсіреді. Ал медиация ондайдың алдын алады.  Жеке тәжірибемнен мысал келтірейін: бірдежұмыс беруші ұлттық компания мен жұмысшылар арасында дау-дамай орын алды. Бітімгерлік кездесуге компанияның барлық басшыларын, тіпті шетелдегі құрылтайшысын да шақырдық. Нәтижесінде, 5 күннің ішінде барлық тайталас шешілді. Медиация болмағанда, мәселе үлкен зардап әкелетін еді, — деді Жанділдә Жакупов.

Адамды бітімге, татулыққа, бірлікке шақыратын семинар-кездесуде ардагер ақсақалдар сөз сөйлеп, медиацияның жұмысына оң баға бере отырып өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтты.Облыс көлемінде жасалып жатқан іс-шараларды құптайтындықтарын жеткізді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button