Жаңалықтар

Бес баласы бар келіншек баспаналы болды

«Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы пәтер алып, қуанышқа бөленіп жатқан ақтөбеліктер көп. Солардың бірі — 32 жастағы көпбалалы ана Аққалқа Сәлімқызы.

Жалдамалы пәтерде бес баласымен үш жыл жүрген Аққалқа екі бөлмелі жаңа үйіне көшкен кезде қуаныштан көзіне жас алғанын айтады. Ол осыдан үш жыл бұрын Әйтеке би ауданы Комсомол ауылынан көшіп келіпті.

— Күйеуіммен ажырасып кеттім. Содан кейін бес баламды алып, қалаға көштім. Алғашқы уақытта Хромтаудың жедел жәрдем бекетінде қатынап  жұмыс жасадым. Кейін  қаладағы жедел жәрдем бекетіне ауыстым. Балаларым үшін қандай шаруа болса да бас тартпадым. Бірнеше жерде жұмыс істедім. Сәл босай қалсам, біреулерге екпе салып, азын-аулақ ақша табамын.  «Нұр Ақтөбе» ауданынан пәтер жалдадым. Себебі орталықта пәтерақы қымбат. Айына пәтерақыға 60 мың теңге төлеймін. Еңбекақым — 85 мың теңге. Шынымды айтсам, кейде тек шай мен наннан басқа тамақ ішпейтін күндер болды. Пәтерден пәтерге көшіп жүрдім. Бес балам барын айтсам, тіпті жолатпайды. Сондықтан көп жағдайда екі балам бар деп өтірік айтамын. Аяқ астынан пәтерден шығарып жіберсе, қайда барамын деп несие алып, екі-үш айдың ақшасын бірден төлеп тастайтын кездерім болды, — дейді Аққалқа. Баласының үлкені 7-сыныпта оқиды. Ал екі егізі балабақшаға барады. Кезекті еңбек демалысына беретін 130 мың теңгені балаларының оқу құралы мен киім-кешегіне жұмсайды. Бірнеше жерде жұмыс жасап жүріп, балаларын қараусыз қалдырып кететін күні жиі болады. Соңғы уақытта тіпті қиын болған соң, емханадағы жұмысынан да шығады. Бірақ әр нәрсенің  шегі бар. Қанша жүгірсе де  үй алу үшін ақша жинай алмайтынын түсінеді.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевқа барып, жағдайын айтады. Аққалқаның тұрмысын  білген басшы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй алуға көмектесетінін айтқан. Алайда талап бойынша үй алатын адамның несиесі болмауы тиіс.

Менің банкте 700 мың теңге қарызым болды. Жедел жәрдем бекетінің басшысы Марат Жанқұлов бұл мәселені шешіп берді. Несиемді мекеме өтеді. Ал қарызымды келісімшарт бойынша мекемеге төлейтін болдым, яғни еңбекақымнан ай сайын ұсталатын болды. Үй алуға алғашқы жарна әкімшілік тарапынан берілді. Ал Әсет Қалиев басқарма атынан көмек ретінде 350 мың теңге берді. Бұл қаржы үлкен көмек болды.  Осы жерде Әсет Әскерұлына ерекше алғыс айтқым келеді. Егер ол кісі болмағанда,  бұл үйді ала алмайтын едім. Менің жағдайыма бейжай қарамай, бірден шешім қабылдады, құжаттарымның дұрыс жасалып, несиемнің өтелуіне ықпал етті. Қала әкімінің орынбасары Гүлназ Сисеноваға да алғысым шексіз. Осы екі кісінің арқасында барлық шаруам қиындықсыз шешілді, — дейді Аққалқа ағынан жарылып. Қазір бес баласы «Нұр Ақтөбе» ауданындағы екі бөлмелі пәтерде асыр салып ойнап жүр. Өз үйлері, біреу шығарып жібереді деп қорықпайды.

Пәтерге айына сегіз жыл бойы 47 мың теңге төлейді. Кейін 20 мыңнан өтейді. Аққалқа балаларының амандығына шүкіршілік етеді. Соңғы уақытта күйеуі жұмысқа орналасып,  алимент төлей бастапты. Бұл да Аққалқаға көмек болды.

P.S

Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Рамазановтың мәліметінше, қалалық әкімдік  «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін 1400 адамға жолдама берген. Оның ішінде 530 адам құжат тапсырса, 400-нің құжаты құпталған. Ал 130 құжат әлі қаралым сатысында тұр. Сондай-ақ  96 отбасы несие  алған. Тұрғындардың басым бөлігі баспананы «Нұр Ақтөбе» ауданынан алып жатыр.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button