Басты жаңалықтар

Жәрдемақы қалай төленеді?

Елімізде көпбалалы отбасылардың табыс мөлшеріне қарамастан  мемлекеттік жәрдемақы беру жобасы жасалып жатыр. Егер заң жобасы депутаттар тарапынан мақұлданса,  2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы анаға жаңа жоба бойынша жәрдемақы төленеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында мәлім етті. Министрдің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көпбалалы отбасылардың табысына қарамастан олардың балаларына әлеуметтік жәрдемақы төленбек. Жаңа жүйе бойынша жәрдемақы отбасындағы балаларының санына қарай 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін атаулы әлеуметтік көмекке еселенген мөлшерде болады.  Бұл туралы «ҚазАқпарат» сайты жазады.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың 60 пайыздан астамы көпбалалы отбасыдан шыққан. Сондықтан біз олар үшін республикалық бюджеттен жекелеген мемлекеттік жәрдемақы енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол еліміздегі барлық көпбалалы отбасыларға төленеді. Аталған жәрдемақының көлемі бала санына қарай болады. Орташа есеппен бір балаға 10-11 мың теңдеген беріледі. Жалпы мөлшері 2018 жылы тоқтатылған осындай жәрдемақы мөлшерінен 4-7 есе артық, —  деді Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, отбасының әрбір мүшесіне атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері бұған дейінгідей отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызы арасындағы айырма ретінде анықталады.

— Атаулы әлеуметтік көмек алу процедурасы мен шарттарын қайта қарастырамыз. Меніңше, процедура мен шарттары көп болған сайын халыққа да үлкен проблема жасаймыз, — деді министр.

Сонымен қатар қазіргі таңда аталған көмек  6 және 12 айға тағайындалса, жаңа өзгеріс кезінде бұл тоқсан сайын жүзеге асады. Ол үшін құжат қажет емес, ЖСН номері мен өтініш болса жеткілікті.

Министрдің мәліметінше Қазақстанда 343 мың көпбалалы отбасы бар. Бұл отбасыларда бір жарым миллионға жуық бала тәрбиеленеді.

Кімге тиесілі?

Облыста 1 қазандағы есеп бойынша, 18 782 аз қамтылған отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұл отбасыларда 88 258 адам бар. Оның  64,0 пайызы —  балалар. Ал соның ішінде көпбалалы отбасылардың саны —  6838. Бұл отбасыларда 30563 бала тәрбиеленіп жатыр. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ақсұлу Жұбаназарованың мәліметінше, атаулы әлеуметтік көмекті қаржыландыруға бүгінгі күнге облысқа 8,9 миллиард теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 7,7 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 1,2  миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі күні қаржының 6,4 миллиард теңгесі игерілген.

Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасындағы еңбекке қабілетті азаматтардың түрлі себептерді алға тартып, ұсынылған жұмыстардан бас тартуы елдегі жұмыссыздықтың және көлеңкелі экономиканың өсуіне ықпал етіп отыр. Осы жылдың 9 айында атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасынан 1097 адамға түрлі жұмыстар ұсынылды.  Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі механизміне өзгерістер енгізіледі. Өзгерістерді енгізудегі негізгі ұстаным —  көмекке шынайы мұқтаж азаматтарға қол ұшын созу. Мемлекет бірінші кезекте балаларға және көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар бос отырмауы тиіс. Мемлекет оларға жұмысқа орналасуға немесе кіші бизнеспен айналысуға жағдай жасайды. Көпбалалы отбасылар мемлекет қорғауында болады, — деді Ақсұлу Жұбаназарова.

Бұл өзгеріс бойынша бала санына байланысты көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы:

42 500 теңге  — 4 балалы отбасы,

53 125 теңге —  5 балалы отбасы,

63 750 теңге — 6 балалы отбасы,

73 370 теңге —  7 балалы отбасы.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыны төлеу отбасының табысына тәуелді болмайды және барлық көпбалалы, яғни 4 және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға төленеді.

Егер бұл жәрдемақы отбасының үйіне кіретін жалпы кіріс жан басына шаққанда өңір  бойынша белгіленген күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтын болса, онда ұсынылған заң жобасына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Алайда  отбасында еңбекке қабілетті жұмыссыз азамат жұмыспен қамту органдары ұсынған жұмыстан  бас тартпауы тиіс, — деді Ақсұлу Жұбаназарова.

Жәрдемақы бала 18 жасқа дейін төленеді. Егер отбасында күндізгі бөлімде оқитын студент болса, 23 жасқа дейін жәрдемақы беріледі.

Бұл — үлкен көмек

 Ақмарал ЖҮСІПОВА, «Алтын алқа» иегері:

— Жеті баланың анасымын. Үшеуі студент, үшеуі  кәмелет жасына толған жоқ. Бұған дейін 5 балаға мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсырдым. Қазір ай сайын 105 мың теңге алып жүрмін. Бұл бізге үлкен көмек болды. Балаларыма киім-кешек, оқу құралдарын осы ақшаға алып бердім. Студент балаларымның барлығы тегін оқиды, шәкіртақы алады. Өзіме «Алтын алқа» иегеріне берілетін 16 мың теңге төленеді. Дегенмен жеті баланы асырап, бағу оңай емес. Өзім жұмыссызбын. Пәтер жалдап тұрамыз. Күнделікті азық-түліктің өзіне қыруар ақша жұмсаймын. Мемлекеттің көпбалалы аналарға жасап жатқан көмегіне ризамын. Ал  атаулы әлеуметтік көмектен бөлек мемлекеттік жәрдемақы төленіп жатса, тіпті жақсы болар еді.

Айгүл МАНСАРБАЕВА,  көпбалалы ана:

— Көпбалалы аналарға жәрдемақы берілетінін естіп, қуанып жүрмін. Өзімнің бес балам бар. Жолдасым жұмыс жасайды, бірақ еңбекақысы жүз мыңға жетпейді. Өзім баламен үйдемін. Балалардың тамағы мен киім-кешегіне ақша жеткізе алмайтын күніміз көп болады. Қазір бәрі қымбат. Балаларымның ауырмауын Құдайдан тілеп жүремін. Егер бірі ауырса, дәрі-дәрмекке қалай ақша табамын деп уайым қыламын. Әр балаға берілетін 21 мың теңге бізге үлкен көмек болып еді. Енді мына жаңалық тіпті көңілімді көтерді.

Бақтыгүл ЖИДЕБАЕВА, «Күміс алқа» иегері:

— Алты баланың анасымын. Балаларымның үшеуі мектепте оқиды, екі қызым студент. Бес балаға атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы бойынша ақшалай төлем алып отырмыз. Мектепте оқитын балаларыма тегін ыстық тамақ беріледі. Студенттерімнің біреуі университетте, екіншісі колледжде тегін оқып, шәкіртақы алады. Жолдасым екеуміз жұмыс жасаймыз, бірақ айлығымыз шайлығымызға жетпей қалатын күндер көп. Егер атаулы әлеуметтік көмектен бөлек мемлекеттен жәрдемақы төленіп жатса, балаларыма көмек болар еді. Олар  ержеткен сайын айналасына қарап, қатарынан қалмай киінгісі келеді. Атаулы әлеуметтік көмек алғалы мемлекет көпбалалы ана ретінде бір несиемізді толық жауып берді. Бұл да біз үшін көмек. Сондықтан бұл заң күшіне еніп жатса, қуанамын.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button