Білім

Мерекеде ашылған мектеп

Наурыз мерекесі қарсаңында Мұғалжар ауданының Батпақкөл ауылдық округінің Саға ауылындағы негізгі мектептің жаңа ғимаратының ашылу рәсімі болды. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмағамбетов қатысты.

Бұл  – сағалықтар үшін көптен күткен қуаныш. Өйткені жүзге жуық отбасы тұратын бұл ауылда елу жылдық тарихы бар көне мектептің құлаудың аз-ақ алдында тұрғаны жұртшылықты алаңдатқаны рас. Тіпті, ескі мектептің құлайды-ау дейтін әр жеріне тіреу қойылғанын да бұған дейін газетімізде жазған болатынбыз.

Наурыз мерекесі қарсаңында ашылған Саға негізгі мектебінің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне жан-жақтан қонақтар көп жиналды.

Салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмағамбетов сағалықтарды қос мерекемен құттықтап, ауылдықтарға облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың ыстық сәлемін жеткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» салу жайындағы тапсырмасы облыста жоғары деңгейде орындалып жатыр. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан елімізде әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау салаларына айрықша көңіл бөлінуде. Оған дәлел, биылғы жылдың бірінші тоқсаны аяқталмай жатып, біз осымен үшінші мектептің ашылу  рәсімінің куәсі болып отырмыз. Мен сағалықтарды жаңа мектептің ашылу рәсімімен құттықтаймын. Бұл мектептің Сағадағы алғашқы білім ордасының орнына тұрғызылуы да жақсы ырым. Тарыдай болып кірген бүлдіршіндердің бұл мектептен бойы ғана емес, білімі мен ақыл-ойы да толысып, таудай болып шығатынына сенімдімін.

Айта кету керек, Жаңажол өңірі мектептерінің көрсеткіші өте жоғары. Бұл өңірдің мектептері білікті ұстаздармен қамтамасыз етілген. Жаңажол мектебінен бастап білім алған екі бала қазір Мәскеу қаласында екі бірдей институтты бітіріп, сол жақта қызмет істеп жатыр. Бұл өңірден түлеген облысқа танымал белгілі азаматтар да баршылық, – деді Ж.Тілеулесұлы.

Облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы оқушылардың білім алуына үлес қосу мақсатында табыстаған жаңа үлгідегі қос ядролы компьютерді мектепке Жеткерген Оралмағамбетов сыйға тартты.

120 орындық жаңа мектептің құрылысын  «Элитстройсервис-Ақтөбе» мекемесі жүргізіпті. Мекеме басшысы Жүсіп Бурбайұлының айтуынша, құрылысқа 70 адам тартылыпты. Оның оны – ауыл азаматтары. Мектеп құрылысы үш жарым айдың ішінде аяқталған.

Салтанатты рәсімде Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов сөз сөйледі.

Менің бұл қызметке келгеніме үш жылдан асып барады. Алғашқы уақытта ел аралып, халықпен кездескен кездерде ылғи арыз-шағым айту, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, қала берді аудандық, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармаларынан білім ордаларының талапқа сай еместігі жайында арыздар мен анықтама құжаттар түсіп жататын. Қазір бұл істер өз ретімен шешіліп келеді. Әуелі біз ауданға қарасты Жарық ауылындағы апатты жағдайда тұрған мектепті қайта салдық. Ал бұл мектепті салу оңай болған жоқ. Оның үстіне, қазіргі жағдайда жергілікті бюджет есебінен мектеп салу – өте қиын іс. Сондықтан да Саға ауылындағы негізгі мектептің жаңа ғимараты облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың ықпалымен бой түзеді. Мен бұл мектептің құрылысын аз уақыт ішінде салып бітірген кәсіпкер Жүсіп Бурбайұлына, оның жұмысшыларына алғысымды айтамын.

Қазір аудандық бюджеттің 73 пайызы білім саласына бөлінеді. Біз бұл қаражатты елді мекендердегі көне мектептердің бұзылған ғимараттарын жөндеп, оны үлкен мектепке айналдыруға, сондай-ақ балабақшалар салуға жұмсап жатырмыз, – деді Серік Тілеулесұлы.

Аудан басшысының айтуынша, Саға негізгі мектебі аудандағы орталау мектептердің ішінде ең алдыңғы орындардан көрінеді.

Саға негізгі мектебі директорының міндетін атқарушы Бақыт Жұмағалиеваның айтуынша, қазір білім ордасында 105 бала дәріс алады. Жаңа мектепте интерактивті тақта мен физика, химия кабинеттері бар. Бұл кабинеттер лабораториялық жабдықтармен түгелдей қамтамасыз етілген. Спортзалы да қажетті құралдармен жабдықталыпты. Мектептің барлық сыныптарына жаңадан парта мен магнитті тақта орнатылған. Мектепте асхана жұмыс істейді. Ұстаздардың айтуынша, оқушыларға түскі ас тегін беріледі.

Шатыры алыстан көз шағылыстыратын жаңа мектептің символикалық кілтін мердігер Жүсіп Бурбайұлы Бақыт Ермекқызына салтанатты түрде табыстады. Бұдан әрі мектептің ашылу рәсімі жасалып, лентаны облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмағамбетов, аудан әкімі Серік Шаңғұтов және кәсіпкер Жүсіп Бурбайұлы қиды.

Мерекелік шараға осы мектепті біраз жыл басқарған, қазір еңбек демалысындағы ұстаз Бәтима Қойшығұлова құрметті қонақ ретінде қатысып, ұстаздарға, оқушыларға ақ батасын берді.

P.S. Бұрын Саға негізгі мектебінің оқушылары түрлі спорттық жарыстар мен спартакиадалардан соңғы орындарды иеленіп келді. Батпақкөл ауылдық округінің әкімі Жазықбай Алданиязов оқушылардың соңғы орындардан көрінуіне мектепте спортзалдың жоқтығын айтып, сылтаурататын. Енді еденінің сыры кеппеген жаңа мектептегі кең әрі түгелдей спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген спортзалы бар білім ордасы оқушыларының жүлде алмауына еш сылтау айтудың реті жоқ шығар…

P.S.S. Аудан әкімі Серік Шаңғұтовтың айтуынша, биыл Саға ауылынан Ембі қаласына дейінгі жол асфальтталып, жол бойындағы көпірлер жөнделмек. Сол сияқты Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Жағабұлақ ауылындағы құрылысы тоқтап тұрған мектептің ісі қайта жанданбақ. Онда 300 адам мол сиятын акт залы мен спортзалы да болады.

Арайлым НҰРБАЕВА,

Ақтөбе-Саға-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button