Жаңалықтар

Асыл аға Асылбек

Тағзым

Елге еңбегі сіңген азаматтарымыздың іздеусіз қалмайтыны анық. Өйткені кім-кімнің де артында қалдырған жақсы істері менмұндалап, кейінгілерге шарапатын тигізіп, жақсылықтың жаршысындай әсер етіп отырады.

Сондай ізгілігі мол жандардың бірі — медицина ғылымдарының докторы, профессор Асылбек Төлеуов еді. Бүгінгі әңгімеміз де сол бір аяулы жанның адам денсаулығын қорғау жолындағы қызметі, көпке түсірген сәулесі туралы болмақшы.    

Ауылдан басталған жол

Асылбек Ермағамбетұлы 1941 жылы Ырғыз ауданының Ұзынкөл ауылында дүниеге келген. Бұл елді мекен өз уақытында №11 ауыл деген атпен де белгілі болған.

Ол туып-өскен «Октябрь» колхозы аумағына біріккен ел тұрғындары заманның небір аумалы-төкпелі кезеңдерінен сыр бермей, ұжымдаса жүріп алға ұмтылған. «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» дегендей, көп ішінен суырылып шығып, жұртшылықты ортақ шаруаға жұмылдырған жақсылар да аз болмаған. Солардың бірі, есімі Ырғыз өңіріне белгілі Төлеу Шерімбетовтің бір қауым елді қамқорлаған ерен еңбегі әлі күнге дейін аңыз сынды айтылады.

Осы әулетте дүниеге келіп, жақсы тәлім-тәрбиеден нәр алған Асылбек ағамыздың көптің бірі болып, қосақтың арасында жүре беруіне ешқандай негіз жоқ еді. Оның жас кезінен жарқылдап алдан көрініп, өзі таңдаған мамандықтың қыр-сырын жетік меңгеруге ұмтылып, ғылымның қиясына ерінбей-жалықпай өрмелеуі, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуінің де осындай себептері болатын.

Ол орта мектепті бітірген соң 1958 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына құжаттарын тапсырды. Алты жыл оқу білім жолын игерудегі ұмтылыстармен, ізденіспен өтті. Жоғары курстарда салалық бөліністер кезінде ол хирург болуды таңдады. Ота жасаудың күрделілігін де, қиындығын да білетін. Бірақ, басты мақсаты — адамның амандығы үшін күрес болғандықтан осындай батыл шешімге келді.

Асылбек ағаның бұл ретте қателеспегенін өмірдің өзі көрсетті.

Ізденіс іздері

Дәрігерлік институты 1964 жылы бітірген оның еңбек жолы сол кездегі Қарабұтақ ауданында басталды. Осында хирург болып қызмет еткен ол аз ғана уақыт ішінде талай қиындықтарды бастан өткерді. Ол кездегі емдеу орындарының материалдық-техникалық жағдайы сын көтермейтіні белгілі. Соған қарамастан ол алған бетінен таймады, сөйтіп жүріп біраз тәжірибе жинақтап та үлгереді.

Ақтөбедегі №1 медициналық-санитарлық бөлімнің хирургі болған кезі де оның мамандығын игере түсудегі кезекті қадамы ретінде есте қалды.

1965 жылы Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының клиникалық ординатурасына қабылданғаннан бастап ғылымға ден қояды. Арада бір жыл өткенде Мәскеудің сол кездегі Бүкілодақтық Онкологиялық ғылыми-зерттеу орталығына аспирантураға түсіп, академик Б.Е.Петерсонның жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шығады.

Диссертацияны қорғаған соң елге оралып, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында кафедра жетекшісі және проректорлық қызметтерді абыроймен атқарады.

Ал сексенінші жылдардың аяғында Мәскеудегі аталмыш ғылыми орталықта докторлық диссертациясын қорғайды.

Асылбек Ермағамбетұлы — онкология саласында Қазақстанда өңеш және асқазан хирургиясына алғаш түрен салған санаулы ғалымдардың бірі. Ағамыздың жетекшілігімен Ақтөбе қаласындағы облыстық онкологиялық диспансерде кеңейтілген күрделі операциялар жасала бастады. Біздің университеттегі бүгінгі таңдағы жетістіктердің негізін сол кісі салды десек, артық айтпаған болар еді деп ойлаймын. Көптеген өзінен кейінгі інілеріне жол көрсетті, бағыт-бағдар берді.

Біздің онкология кафедрасын Асылбек Ермағамбетұлы он жылдан астам уақыт басқарды. Осы уақыт ішінде кафедрада оның жетекшілігімен көптеген диссертациялар қорғалды. Сол ғылыми атаққа ие болған жастар қазірде еліміздің түкпір-түкпірінде ғылыми орталықтарда, медицина университеттерінде қызмет жасауда.

Онкологиялық хирургия хирургияның ең бір ауыр да күрделі саласы болып табылады. Бұл сала Қазақстанда кешегі сексенінші жылдардың соңына дейін кенжелеп қалған болатын. Оның ішінде өңеш-асқазан хирургиясы болған жоқ деуге болады. Ендеше Асылбек ағамызды онкологиялық хирургияның осы бөлігінің Қазақстандағы пионері десек те болады. Ақтөбедегі онкологтар мектебінің негізін салушы екені айдан-анық, оны ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын. Оның 70-тен астам ғылыми жарияланымның авторы, 3 өнертабыстың иегері екені де біраз жайтты айғақтаса керек.

Асылбек ағамыз бойындағы жақсы қасиеттерінің бірі — әрқашанда адамға  көмектесуге ұмтылатындығы. Өз басым ағамыздың қатты сөз айтқанын естімеппін. Мәскеуде докторантурада жүргенде елден барған азаматтарға жасаған көмек-қолдауларын оның замандастары жақсы біледі.

Дәрігерлердің бас қосуында әрқашанда Асылбек ағамызды еске алып отырамыз.

Асылбек Ермағамбетұлының шәкірттерінің бірі ретінде айтарым, менің онкология мамандығына келуіме себепкер болған осы ағам. Бұл мамандыққа ие болғаныма ешқашанда өкінген емеспін. Сол үшін де Асылбек ағама айтар алғысым шексіз.

Кейде ағамызды жастықпен, соңынан ерген іні ретіндегі еркелікпен ренжітіп алған кездеріміз де болған. Бірақ ағамыздың жақсы қасиетінің бірі — ешқашан ондай әңгімеге қайтып оралмайтын. Ертеңіне түк болмағандай сәлеміңді алып жүре беретін. Болмайды деген сөздің аузынан шыққанын көрмеппін сол уақыттар ішінде.

Жақын достарының бірі ағамызды Асылтас деп айтады екен дегенді кейінірек естідім. Шынында да асыл жан еді ғой ол…

Ғалымның хаты қалады…

 Қазақта «Жақсының аты, ғалымның хаты өшпейді» деген ғибратты сөз бар.

Асылбек ағамыз дүниеден өткелі, міне, бір жыл да аунап түсіпті. Аяулы ағаның ұзақ жыл қызмет істеген, шәкірттерге сабақ өткізген, жүрген жерлері бізге ыстық. Онымен бірге болған әрбір сәт көз алдымызға келеді. Берген тәлімі, ұстаздық ұлағаты ойда жүреді.

Ғалымның көптеген ғылыми құнды еңбектері әлі де талай уақыт адам денсаулығын қорғауға қызмет ететін болады.

Міне, деректерге, ресми құжаттарға көз салып отырмыз. «Асқазан обырын емдеудің заманауи әдістерінің тиімділігін бағалау» атты еңбегі КСРО Медицина ғылымдары академиясының Бүкілодақтық онкологиялық ғылыми орталығы баспасынан, яғни Мәскеу қаласынан 1990 жылы басылып шығыпты. Ол кезде қазақ дәрігерінің Одақ ауқымында мойындалуы, былайынша айтқанда топты жарып шығуы өте қиын жайт екені айтпаса да түсінікті.

2011 жылы бір топ ғалымдар болып, ішінде Асылбек Ермағамбетұлы да бар, «Кеңейтілген лимфодиссекцияны қолданумен асқазан обырын хирургиялық емдеу нәтижелері» атты зерттеуімізді жарияладық. Бұл еңбектің маңыздылығы мынада. Ұзақ уақыт бойы асқазан обыры кезінде хирургиялық емдеу нәтижелері өте төменгі күйде болып келді. Бұл бізді қатты алаңдататын. Сондықтан да осы мәселемен тиянақты шұғылдануға тура келді. Зерттеулер нәтижесінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Айтайын дегеніміз, осы күрделі істе Асылбек ағаның ұзақ жылдар бойғы тәжірибесі, біліктілігі көп көмегін тигізді.

Бір топ әріптестерімен бірігіп жазған «Сүт бездері обырын ерте анықтаудағы санитарлық-ағарту жұмыстарының ролі» атты еңбегі де бүгінгі күннің маңызды мәселесін қозғауымен ерекшеленді.

Төлеуовтер облысымызға белгілі дәрігерлер әулеті деуге болады. Асекеңнің інісі Пазылбек те онкопроктолог, ұзақ жылдардан бері Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінде қызмет істейді.

Ағаның зайыбы Ғалия жеңгеміз де адам жанының арашашысы.

Үлкен қызы Алма білікті дәрігер маман.  Әлиясы әке жолын жалғастырып, медицина ғылымдарының кандидаты болды. Қазір Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ауруханасы директорының емдеу жөніндегі орынбасары.

Еркінбек те медицина институтының түлегі, қазіргі уақытта кәсіпкерлікпен шұғылданады.

Асылбек ағаның немерелері де ер жетіп, елге қызмет істеп жүр.

Міне, осының барлығын жинақтап айтқанда, Асылбек ағаның артына қалдырған мол мұрасы ретінде қабылдауға болады ғой деп ойлаймын.

* * *

…Асылбек аға өзінің бай тәжірибесінің негізін жаңа астанамыздағы медициналық жоғары оқу орнында болашақ дәрігерлер дайындауға үлес қосты. Мұны еліміздің денсаулық сақтау саласы білікті кадрларын даярлауға қосылған елеулі еңбегі деп қабылдаған жөн болар.

Ең бастысы, асыл аға — Асылбек Ермағамбетұлы ізгілікті мамандық иесі ретінде адамдарға жақсылық жасаудың жақсы үлгісін көрсетіп кетті. Біз соны әрдайым ойымызда ұстаймыз, санамызда жаңғыртып отырамыз.

Әріп ҚОЙШЫБАЕВ,

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің онкология жане визуалды диагностика кафедрасынын меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button