Басты жаңалықтарМәдениет

Ахтанов театры: қос труппа жаңа маусымда көрермендерді немен қуантпақ?

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры жаңа маусымын тың жаңалықтармен бастады. М.Әуезовтің «Ерназар-Бекет» драма-дастанының премьерасынан бөлек, қазақ труппасы тұңғыш рет гастрольдік сапармен Алматы қаласына аттанғалы отыр. Осы күзде өнер ұжымы бақ пен бабын сынайтын фестивальдер де көп болғалы тұр…   

Көптен күткен премьералар… 

— Биыл қазақ труппасы өзінің 29-шы маусымын, ал орыстілді ұжым 55-інші маусымын ашты. Екеуінің де көрермен қауымға ұсынғалы отырған қойылымдары біршама. Мәселен, «Ерназар-Бекетті» айтпағанда, қазақ көрермендеріне «Менің сүйікті Электрам» мен «Көшкін» спектакльдері «жол тартқалы» тұр. Ал орыс труппасы ерекше қызықты, көркемдік кеңеспен әзірге нақты атауы қойылмаған комедия мен «№13» деген туындыны сахналамақ. Балаларға арналған екі тілдегі «Маугли», «Отпен ойнама» ертегілері жоспарда және бар, — дейді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының міндетін атқарушы Жандос Еспанбетов.

Оның айтуынша, театрдағы жаңалықтар бұл ғана емес. 65 актерден құралған қос труппа биыл жас мамандармен толыққан. Айталық, осы театр маусымынан бастап ақтөбеліктер сахнадан Аслан Төлентай мен Сандуғаш Қарсақбаеваның өнерін тамашалай алады. Суретші Айзат Ордабаеваны да үлкен ұжым ерекше қуанышпен қабылдаған. Өйткені сахнаны безендіретін мұндай маман Ақтөбедегі театрға бұрыннан керек-ті. Аталған жастар — Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері екенін айта кеткен жөн.

Режиссердің өзі не дейді?

Кеше Ахтанов театрында көкшетаулық режиссер Фархадбек Қанафиннің сахналауымен М.Әуезовтің «Бекет» пьесасының желісі бойынша «Ерназар-Бекет» спектаклінің премьерасы болды. Қазақтың екі батырына, осылайша, құрмет көрсеткен шығармашылық топ аталған драма-дастанды қою үшін екі айға жуық уақыт дайындалған. Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында режиссер боп еңбек ететін Фархадбек Қанафин қойылымда екі батырдың ерлігі ғана көрсетілмейтінін, мұнда кішкентайынан тай-құлыдай тебісіп өскен Ерназар мен Бекеттің достығы, олардың балауса арман-мақсаттары мен махаббат хикаясы қамтылатынын атап өтті.

— Спектакльді сахналауда «Бекет» пьесасы мен екі батырға арналған жырлар негіз етіп алынды. Тамыздың соңынан бүгінге дейін жалғасқан дайындық жұмыстары оңай өтті деуге келмес. Өйткені тарихи туынды әрі ұлы Мұқанның шығармасы болғандықтан, біраз жүрексінгеніміз рас. Дегенмен, «Көз — қорқақ, қол — батыр» демей ме?! Шығармашылық ұжымның ізденісі, жақсы дүние жасауға деген талпынысы үлкен рөл атқарды. Барлығы 23 актер жұмылдырылды.

Мұнда өрбитін оқиғаға келсек, XIX ғасырдың ортасында қазақ жерінде Ресей патшалығының отаршылдық саясатының ушығып, шарықтау шегіне жеткені белгілі. Жергілікті халықты салықпен қинап, олардың жайылымдық жерін тартып алғаны аздай, ең сорақысы — Жемнің бойындағы ауылдарды көшіртуге пәрмен берілді. Арыстан сұлтанның бұл бассыздығына қарсы шыққан Ерназар мен Бекет бас көтеріп, 500 казактан тұратын топты тас-талқан етіп жеңеді. Әлгі озбырды өлтіреді… Бірақ қос батырдың ерлігі, әрине, патша өкіметіне ұнамайды. Олардың шешімі бойынша екеуін соттап, Сібірге жер аудартып жібереді. Ерназар мен Бекеттің сол жерде көз жұматыны тарихтан мәлім. Бірақ біздің, театр мамандарының өз көркемдік шындығымыз болады…

«Неліктен екеуін бірге қостыңыздар, пьесада тек Бекетке маңыз беріледі емес пе?», — деген сұрағыңызға жауап берсем: ағайынды екі батырды бір-бірінен бөлгіміз келмеді әрі ерлік екеуіне ортақ. Барлығын бірге жасаған. Жоғарыда айтқанымдай, спектакльді қоюда «Ерназар-Бекет» жырына да сүйендік, — дейді 34 жастағы режиссер.

…«Бармақ басты, көз қысты» оқиғалар, Бекеттің (актер Мейірбек Шәкенов, екінші құрамда ойнайтын — Нұрболат Өтеғұлов) жары Зеренің (актриса Роза Ерболатова, екінші құрамда Сандуғаш Қарсақбаева) азаматына деген адалдығы, ана мен бала арасындағы махаббат кеңінен көрініс табатын спектакль шамамен 1,5 сағатқа созылады. Мұндағы лейтмотив — ел басына күн туғанда қазақ жігіттерінің намысты қолдан бермегенін көрсету арқылы жастарды ұлтжанды, патриот болуға шақыру, олардың рухын ояту. Бірнеше жанр тоғысқан кесек туындының қалай аяқталатынын айтпай-ақ қоялық… Тек жаңа спектакльдің қазақтай жауынгер халықтың болмысын көрсетіп, тағдыр-талайы ерекше тұлғалардың түбінде тасада қалмайтынын жеткізгіміз келеді.

Гастрольдер мен фестивальдер

Жандос Еспанбетовтің сөзіне қарағанда, биылғы күзде ақтөбелік актерлер қатысатын фестивальдер көп. Қараша айының басында орыс труппасы «Кукольный дом» спектаклімен Көкшетау қаласындағы халықаралық «The Art» театр фестивалінде өнер көрсетсе, біздің театралдар сахналаған Шекспирдің әйгілі «Гамлеті» Армения елінде өтетін ауқымды фестивальге жолдама алған. Сондай-ақ, алдағы айдың орта тұсында «Темір нарком» тарихи драмасы Атырау облысында ұйымдастырылғалы отырған республикалық театр фестивалінде қойылғалы отыр. Бұдан басқа, ақтөбелік артистер алғаш рет өнер ордасы — Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына гастрольдік сапармен бармақ. 4 күн қатарынан біздің театрдың ең үздік деген спекакльдері алматылық көрермендердің назарына ұсынылмақ.

— 17-20 қазан күндері аралығында біздің актерлер «Ревизор», «Мұқағали»,  «Гамлет»,  «Темір Нарком» және «Есігімді қаққан кім?» қойылымдарын сахналайды. Ару қалаға театрдан барлығы 48 адам жол жүргелі отыр. Бұл, әрине, біз үшін үлкен жауапкершілік. Сапардан артистердің үлкен әсермен оралатыны сөзсіз, — деп ой-жоспарымен бөлісті Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының міндетін атқарушы.

Биыл театр ардагері Мағзом Бақытжановтың 70 жас мерейтойына орай қыс мезгіліне салым өнер ошағында бенефис-спектакль де өтпекші. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары театрда қызу жүргізіліп жатыр.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button