Мәдениет

Жансая — бас жүлде иегері

Жыл сайын өтетін «Еркелей аққан Ор өзені» облыстық эстрадалық әндер байқауы биыл да жалғасын тапты. Осы жолы Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған дәстүрлі өнер бәйгесіне облыстың 11 ауданынан 12 өнерпаз қатысты. Бұл — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған шара.

Хромтау ауданының Бөгетсай ауылдық Мәдениет үйінде шымылдығын түрген байқауды ұйымдастырудағы мақсат — дарынды жас әншілерді халыққа кеңінен таныстыру, оларға қолдау көрсету, сондай-ақ қазақстандық композиторлардың туындыларын насихаттау.

Өнерпаздардың аяқ алысын облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ләйла Омарова, аталған мәдениет мекемесінің әншісі Бағдат Балмағамбетова, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Жәнібек Бекбосынов сынды кәсіби мамандар бағалады.

2 кезеңнен тұрған ән бәйгесінде қатысушылар алдымен Ақтөбе қаласына арналған шығармаларды орындаса, одан соң өз таңдауы бойынша кез келген тақырыптағы әндерді әуелетті.

«Еркелей аққан Ор өзені» облыстық эстрадалық әндер байқауының қазылар алқасының шешіміне сәйкес, бас жүлдені хромтаулық Жансая Таңатарова жеңіп алды. Ал I орынды ойылдық Ақниет Боранбайұлы, одан кейінгі белесті Қарғалы ауданынан қатысқан Жансая Даурбаева бағындырды. Әйтекебилік Жұбаныш Кенжебеков — үшінші орын иегері. Облыстық халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесіне қобдалық Сати Жанболат лайық деп танылды.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерге диплом, сыйлықтар табысталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button