Жаңалықтар

Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті

Кеше облыс әкімдігінде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті.

Кездесуде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бағлан Баймағамбетов қоғамдық кеңес 2016 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқанын, биылғы жылдың ақпан айында кеңес құрамы қайта өзгергенін айта келе, бүгінгі күні кеңес мүшелері тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, әртүрлі қоғамдық-саяси іс-шараларға белсене атсалысатынын жеткізді.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Ақтөбе облысына осыдан 15 жыл бұрын келгенін, осы уақыт аралығында облыс орталығы дамып, өсіп, өркендегенін айтты.

  • Болашақта Ақтөбе республикадағы төртінші агломерация орталығына айналады.

Яғни бұл қала еліміздің батыс өңірінің үлкен ордасы болмақ. Сондықтан өңірге экономика, денсаулық, білім, жол-инфрақұрылым, т.б. салалар бойынша инвестиция тартылып, әрі қарай гүлденуі керек. Өңірді көркейту, оның болашағы — сіздердің қолдарыңызда.

Айта кету керек, Елбасының конституциялық реформасын жүзеге асыру аясында 2015 жылы қоғамдық кеңес туралы заң қабылданды. Заңның елімізде жүзеге асырылғанына, міне, 4 жыл болды. Қазіргі кезде елімізде 200-ден астам қоғамдық кеңес жұмыс жасаса, оған 4 мыңға жуық адам мүше болып отыр. Негізінен, қоғамдық кеңес халықпен жақын болып, билік пен халық арасына көпір орнатып, тұрғындардың ой-пікірлерін билікке жеткізуі керек. Бүгін мен осы бағытта сіздердің тәжірибелеріңіз бен жасап жатқан жұмыстарыңыз туралы білу үшін алдарыңызға келіп отырмын, — деді Сенат Төрағасы.

Бұдан кейін жиында Ақтөбе қалалық қоғамдық кеңестің жұмысы туралы қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова баяндап берді.

— Қазіргі таңда қала тұрғындары өздерінің арыз-шағымдарын, мәселелерін әлуметтік желі арқылы жеткізеді. Қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданады. Соның арқасында тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын жергілікті билікке жеткізіп отырады. Мұның биылғы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бағыттарды жүзеге асыруда да маңызы зор. Қоғамдық кеңес мүшелері бүгінгі күні қаланың жан-жақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүргізуде өз үлестерін қосып келеді. Сондықтан бюджет қаражатының дені әлеуметтік салаға аударылуда, — деді ол.

Сұлупан Шынтасова өз сөзінде кеңес мүшелері қаладағы әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше назар аударатынын, соған қарамастан бүгінгі күні тұрғындар арасында жұмыстан бас тарту, атаулы әлеуметтік көмек алуда алаяқтық жасау деректері кездесіп отырғанын жеткізді.

Бүгінгі күні атаулы әлеуметтік көмектің критерийлері қарастырылуда. Бұл тұрғыда Үкімет жұмыс жасап жатыр. Біз тұрғын үй бағдарламасы бойынша өз әріптестерімізбен көп жұмыс жасадық. Біздің әріптесіміз Қазақстан ипотекалық компаниясы болды. Олар бюджеттік қызметкерлердің баспана мәселесін шешу үшін тиімді нарықтық механизм ойлап тапты. Атап айтсақ, бұл компанияда алғашқы жарна төленбейді, несие мөлшері төмен және мерзімі ұзақ. Бұл компания қазіргі таңда министрліктермен келісімшартқа отырып, өз қаржысын тұрғын үйге салып отыр, — деді Д.Назарбаева.

Кездесуде қоғамдық кеңес мүшелері «Жайсаң-Сағаршын» шекара бекетіне қатысты мәселе көтеріп, Сенат Төрағасына осы мәселені шешуге атсалысуын сұрады. Сондай-ақ жиында елдегі жемқорлық мәселесі де қозғалды.

Облыстық коғамдық кеңестің мүшесі Серожатдин Барышев сыбайлас жемқорлықты жою үшін, алдымен, жемқорларды қатаң жазалау керектігін жеткізсе, «Пандус-Ок» ЖШС директоры Шахан Жолдасбаев жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ешқандай жағдай жасалмайтынын айтты.

— Шаханның айтқан сыны дұрыс. Бүгінгі күні қаламызда зәулім үйлер салынуда, алайда олардың бірқатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін кіріп-шығуына жағдай жасалмайды. Негізінен, кез келген көп қабатты тұрғын үйде лифт, пандус міндетті түрде болуы керек, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Жиынды қорытындылаған Сенат Төрағасы облыста қоғамдық кеңес жұмысы ықпалдылығын арттыру қажеттігін айта келіп:

— Қазіргі таңда қоғамдық кеңестің алатын орны ерекше. Ел азаматтары қоғамдық кеңес мүшелеріне сенім білдіріп, нақты өңірдің тұрғындарын толғандыратын аса өзекті мәселелерді талқылауға белсенді түрде қатысуы тиіс. Халықпен жұмыс жасаудың жаңа форматтары қажет. Жұртшылықтың қатысуымен көшпелі отырыстар өткізіп, сондай-ақ қызметін ресми сайттарда ғана емес, әлеуметтік желілерде де кеңінен жариялау қажет. Бұл жұмыстар формальды немесе қағазға түртіп қою үшін ғана емес, нақты жүзеге асырылуы тиіс, — деді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button