Жаңалықтар

«Жеңіс» саябағы жаңарды

Облыс орталығының Тұрғындар қалашығындағы «Жеңіс» саябағы жаңарған күйге еніп, бұрынғыдан да сәулеттене түсті. Бұл игі шараны Ақтөбе қаласының 150 жылдығы құрметіне мұғалжарлықтар атқарып, шаһар тұрғындары үшін осындай сый жасады.

Саябақтағы Ұлы Отан соғысының батырларына ескерткіш ретінде сквер ашылуы салтанатына Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Ержанов қатысты.

Сквердегі жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуына аудан әкімдігі ұйытқы болып, оған бірқатар кәсіпорындар атсалысты. Қайта құрылымдау жұмыстарын «Ремгорстрой» ЖШС жүргізді. Компания директоры Ринат Ещановтың айтуынша, мамандар топырақты тыңайтып, елеулі аумаққа гүлзар орналастырған.

— Біздер бұдан басқа, ағаштар мен гүлзарды суару үшін сумен қамтамасыз еттік. Саябақты жарықтандыру үшін электр желісі жүргізілді. Бір мың метр ауқындағы қоршау жаңартылып, отырғыштар мен жәшіктер орнатылды. Қысқаша, мұнда тұрғындардың жақсы демалуына қолайлы жағдайлар жасалды, — деді компания басшысы.

Жөндеу жұмыстары төрт ай ішінде атқарылды. Салтанатты шара барысында қолөнер шеберлерінің туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Мұғалжарлық өнерпаздар саябақ аумағын ән мен күйге бөледі.

 

Н.ДОСОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button