Жаңалықтар

Үкіметтік емес ұйымдардың үлесі

«Ақтөбе облыстық Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің құрылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған жобалар мен идеялар жәрмеңкесі қорытындыланды. Бұл шараға облыстық ішкі саясат басқармасының маманы Нұржамал Тұржанова, аталған қауымдастық президенті Айгүл Дүйсенова, бүгінгі күні белсенді жұмыс істеп келе жатқан үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты.

— Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы өзінің Жолдауында азаматтық қоғамды дамыту қажеттігін, осы мақсатта үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру керектегін айтқан-ды. Осыдан 10 жыл бұрын құрылған Ақтөбе облыстық Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы бірнеше сатыдан өтті. Қазір құрамында 60-қа жуық үкіметтік емес ұйым бар. Азаматтық қоғам мүшелері облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қосып келеді, соның ішінде жастарға патриоттық тәрбие беру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, қайырымдылық шараларын, еріктілерді қолдау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдар қоғамдағы түрлі мәселелерді бірлесе шешуде үкіметтік емес ұйымдарға үлкен сенім артады.

Үшінші сектор мүшелері мемлекеттік тапсырыс аясында түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Қауымдастықпен бірлесіп соңғы бес жылда үлкен жобаларды жүзеге асырдық, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, — деді Нұржамал Тұржанова.

Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы өзінің Жолдауында: «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс», — деді.

— Осы азаматтық диалогты жүргізу бағытында бүгінде үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс істеп жатыр. Қауымдастық облыста және қалада үкіметтік емес ұйымдарды құру, дамыту және олардың жұмысын үйлестіру, үкіметтік емес ұйымдар мүшелерінің білім деңгейін арттыру мақсатында жұмыс жүргізіп отыр, — деді А.Дүйсенова.

Соңғы бес жыл бойы облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен облыстық ресурстық азаматтық орталық жұмыс істейді.

Қазіргі кезде қалада, ауылдық жерлерде жаңа қоғамдық ұйымдар құрылды, жаңадан құрылып та жатыр. Өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуді мақсат еткен бастамашыл топтар құрылып, тұрғындардың белсенділігі артып келеді. Бұл азаматтық қоғамның дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғаны белгілі.

Заңды тұлғалар бірлестігінің 10 жылдығына орай 23 қыркүйек-3 қазан аралығында облысымыздың, қаламыздың  негізгі проблемаларына қоғамның назарын аудару мақсатында үкіметтік емес ұйымдар жобалары мен идеялары жәрмеңкесі — ҮЕҰ онкүндігі ұйымдастырылды.  ҮЕҰ Қауымдастығы мүшелері — қоғамдық ұйымдар күн сайын түрлі форматта шаралар ұйымдастырды. Олардың қатарында «Ақтөбе облысының Чернобыль мүгедектері» қоғамдық бірлестігі «Ақтөбе облысындағы Чернобыль мүгедектерінің құқықтарын қорғау» тақырыбындағы дөңгелек үстел, «Ақтөбе дамуы» ҚҚ ұйымдастыруымен М.Бөкенбаев атындағы Заң институты базасында өткізілген «Живая библиотека» атты семинар-тренингі, «Ақтөбе қалалық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Отбасы күніне арналған «Менің отбасым — менің мақтанышым» атты шара, «Боевое братство» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Жастарға үлгі» атты кездесу, «Аула клубтары» қоғамдық бірлестігі өткізген жасөспірімдер арасындағы бокстан алғашқы ашық біріншілік, «SHANIRAQ Aqtobe» ҚҚ-ның бастамасымен ұйымдастырылған қайырымдылық шаралары, «РАСтемка» ата-аналар қауымдастығы ұйытқы болған дөңгелек үстел, тағы да басқа шараларды атап өтуге болады.

Шара барысында осы салада кездесетін мәселелер де талқыланды.

— Он жылдан астам уақыттан бері көтеріп келе жатқан бір проблема бар, ол — үкіметтік емес ұйымдарының ортақ кеңсесінің жоқтығы. Біздің үкіметтік емес ұйымдар түрлі бағыттарда жұмыс істейді, соған сай түрлі мәселелермен келетін азаматтар да көп. Мысалы, бізде ортақ бір кеңсе болса, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, соның ішінде заңгерлер, психологтар, экономистер, басқа да маман иелері шоғырланатын орын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Рухани-өнегелік тәрбие беру, спорттық шаралар ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып отырған ата-аналарға заңгерлік, басқа да тақырыптарда көмек көрсету секілді жан-жақты қолдау-көмекті бір жерден алғаны дұрыс. Президенттің Жолдауында айтылғандай, қоғамдағы түйткілді проблемалар азаматтық диалог арқылы шешілуі тиіс. Біз қоғамдағы күйіп тұрған мәселелердің түйінін шешуге, алғашқы соққыны өзімізге қабылдауға дайынбыз. Сондықтан бізге барлық үкіметтік емес ұйымдар шоғырланатын арнайы орын керек, — деді А.Дүйсенова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button