Жаңалықтар

«Жақсының аты өшпейді»

Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, облыс экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына елеулі еңбек сіңірген азамат Жеткерген Оралмағамбетовтің жақсы есімін жаңғыртуға арналған іс-шаралар осындай атау аясында жүзеге асты.

Мұғалжар асылтұқымды жылқы зауытында бас экономист болып кезекті еңбек белесін бастаған Жеткерген Тілеулесұлы одан кейін осы өңірде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, «Жаңажол» кеңшары партия ұйымының хатшысы, кеңшар директоры қызметін абыроймен атқарды. Ел ішінде іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Көптеген жаңа істердің бастамашысы болды. Халық қамын ойлайтын басшы ретінде бағаланды.

Өмірден өткеніне төрт жылдай уақыт болған азаматты ұмытпай, бұрынғы аудан орталығы болған Ембі қаласында арнайы еске алу шаралары ұйымдастырылуы елдің оған деген құрметі мен ілтипаты іспетті болды.

Аудан әкімі Асқар Шериязданов жиналған көпшілік алдында осы жайды алға тарта айтты.

Жиында Жеткерген Оралмағамбетовтің облыстың Ырғыз, Шалқар, Қарғалы және Хромтау аудандарына басшылық жасағаны, бірнеше облыстық басқармаға жетекшілік етіп, облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарғаны атап өтілді. Сол қызмет желісінде оның азаматтық келбеті кеңінен танылып, ел мүддесіне аянбай еңбек еткені туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов жүйелеп айтты.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақтан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин Жеткерген Тілеулесұлының қоғамдық-саяси өмірдегі орнына тоқталды, сөзіне ел тоқтайтын, тындырымды іс-қимылдың адамы болғандығын жеткізді.

Конференцияда сонымен қатар облыстың аудандарынан келген делегация өкілдері сөз алып, өз естеліктерін айтты.

Бұл еске алу шарасына Астанадан Жеткерген Оралмағамбетовтің зайыбы Әнуар Темірғалиқызы, балалары Баубек, Ағлен келді.

Қазіргі уақытта ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы болып қызмет атқаратын Баубек Оралмағамбетов өзінің өмірде жеткен биіктері әке тәлімінен бастау алғанын мақтанышпен баян етті.

Ембі қаласындағы музейден Жеткерген Тілеулесұлына арнап бұрыш ашылуы, №1 орта мектептегі бір кабинетке есімі берілуі — көңіл тебірентерлік жай болды, бұл игі қадамдарды көпшілік сүйінішпен қарсы алды.

Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен еске алу турнирі өткізіліп, оған облыстың бірнеше аудандарынан келген жас палуандар күш сынасты.

Ас беру рәсімінде естеліктер айтылып, жақсы азаматтың жан сүйсінерлік жақсы істері замандастар лебізімен жеткізіліп жатты…

Жиын соңында «Құстар қайтып барады» атты концерттік бағдарлама жұртшылық назарына ұсынылды.

Ел жадында есімі сақталып қалған азамат рухына тағзым ету осындай сағынышты сазды әуендермен түйінделді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button