Жаңалықтар

Шұбарқұдық «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасына енді соның аясында ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр

Облыстағы ауыл шаруашылығы мен өндірісі қатар дамып келе жатқан іргелі аудандардың бірі — Темір ауданы. Мұнда бір қала мен он ауылдық округке қарасты 25 елді мекен бар. Кеңес заманында ауыл шаруашылығы саласы мамандарын даярлайтын Темір техникумымен аты шыққан, кейін қала статусын алған Темір — Ақтөбенің «құрдасы». Биыл іргесі қаланып, қала болғанына 150 жыл толып отыр. Қазіргі таңда бұл қалада 2500-ден астам халық тұрады. Жалпы, аудан тұрғындарының саны 37 мыңнан асады. Оның 16 мыңға жуығы аудан орталығы Шұбарқұдықта тұрып жатыр. Елді мекендердің 83 пайызы газбен, 87 пайызы ауызсумен қамтылған. Аудан әкімі Жолдас Қалмағамбетовтің айтуынша, барлық коммуналдық мәселелер оң шешіліп жатқандықтан болар, Темір ауданына көршілес өңірлерден қоныс аударушылар саны күн сайын көбейіп келеді.

Темір ауданы әкімдігінде өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі БАҚ өкілдеріне тек қана биылғы 9 айдың қорытындысын ғана емес, жалпы аудандағы өзекті мәселелер туралы кеңірек әңгімелеп берді.

Жолдас Нұрланұлының сөзіне сүйенсек, жыл аяғына дейін Тасқопаға, келер жылы Ақсайға көгілдір отын жеткізіледі.

— Ұзақ жылдарға созылған мәселелердің бірі — Кеңқияқ тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету болатын. Бұл ауылдағы құбырлардың сонау алпысыншы жылдарда салынғаны, қатты көнергені тұрғындардың сапалы ауызсу ішуіне кедергі келтіріп отыр еді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер анықталды. Алдағы жылы Кеңқияқ тұрғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетін болады. Шұбарқұдықтың Теріскей және Қызылжар шағын аудандарына су құбыры тартылады. Тасқопа ауылында су желілерінің құрылысын жүргізуге, Шұбарқұдықтың кәріз желілерін күрделі жөндеуге құжаттамалар әзірленіп жатыр, — дейді аудан әкімі Жолдас Қалмағамбетов.

Темірліктердің бас ауыртар тағы бір мәселелерінің бірі ішкі жолдардың нашарлығы еді. Айталық, Шұбарқұдықтың басында 41 көше бар. Оның тек 12-сіне ғана тасжол төселген.

— Биылғы біздің басты қуанышты жаңалығымыз — Шұбарқұдық Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасына еніп отыр. Соның аясында аудан орталығындағы 4 көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп, тасжол төселді. Тұрғындар да дән риза, — дейді аудан әкімі.  

Сонымен қатар аудан басшысы бұл өңірде екі нәрсенің жоқтығын тілге тиек етті. Айталық, жергілікті халықтың дені мұнай мен теміржол саласында еңбек етсе де, бұл ауданда кәсіптік білім беретін оқу орны жоқ. Мектеп түлектерінің кейбірі Ақтөбеге, тағы бірсыпырасы көрші аудандар Байғанинге, Ойылға колледж үшін баруға мәжбүр болады екен. Бұл — бірінші жоқ. Екіншісі — осы уақытқа дейін Темір ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені болмапты. Осы жағдай ескеріліп, биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Шұбарқұдықта дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, 320 орындық жаңа мектептің құрылысы да жүріп жатыр. Аудан әкімінің білім саласы  бойынша айтқан мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда аудан орталығында 7 мектеп бар. Соның бірі балаларға үш ауысымда білім беріп отыр екен.

Сапар барысында БАҚ өкілдері аудан орталығындағы әлеуметтік нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты.

Құрылыс басында журналистерді Темір аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Амантай Биалиев қарсы алды.

— Шұбарқұдық күн санап өсіп, қазіргі таңда Қызылжар шағын ауданы бой көтеріп келеді. Жаңа құрылыс нысандары салынып жатыр. Соның бірі — дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Құрылыс жұмыстары тамыз айында басталды. Биыл бұл нысанға республикалық және облыстық бюджеттен 270 миллион теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарымен «Көктем строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып жатыр. Кешен құрылысы 2020 жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр, — дейді Амантай Биалиев.

Темірліктердің демографиялық көрсеткіші де жақсы. Ауданда бір жылда шамамен 800-ден астам бала дүниеге келеді екен. Тоғыз айдың есебі бойынша, 599 бала өмірге келіпті. «Соңғы үш жылда ауданымызда ана өлімі тіркелген жоқ. Биыл бір жасқа дейінгі нәрестелердің шетінеуі  бойынша 8 жағдай орын алды. Көрсеткіш былтырғы жылдан төмен десек те, бұл жағдай бізді алаңдатады», — дейді аудан әкімі. Жолдас Қалмағамбетовтің айтуынша, Темір аудандық ауруханасының ғимараты да ескі, сонау Кеңес дәуірінде салынған. Қазіргі жағдайы ескеріліп, жоғарыдағы билік басындағыларға ұсыныстар беріліпті. Аудан орталығында алдағы жылы ауданаралық аурухана бой көтеретін болады. Жоспар бойынша, жаңа аурухана Байғанин, Ойыл және Темір ауданы тұрғындарына қызмет етуге тиіс.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Ақтөбе-Шұбарқұдық-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button