Білім

Мұғалімдер мерейі

Дүниежүзілік Еңбекті қорғау, Мұғалімдер және Кәсіподақтар күні мерекелеріне орай «Қазақстандық сапалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ұстаздық — өлшенбейтін ұлы кәсіп» атты салтанатты шара өтті.

Жиында 150-ге жуық білім және ғылым қызметкерлері марапатталды. Оның ішінде ардагер ұстаздар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі және Құрмет грамотасымен, Ы.Алтынсарин, ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ 88 педагог еліміздің түкпір-түкпіріндегі шипажайларда демалуға мүмкіндік алды.

— Әрбір мұғалім жүйелі түрде жұмыс істесе, нәтиже шығады. Нәтиже шыққан соң, еңбек те бағаланады. Мен 40 жылдан астам ұстаздық жолда еңбек еттім. Биылдан бастап зейнеткерлікке шығып жатырмын.

Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен жыл сайын көптеген мұғалімдер шипажайлаларға барып, тегін демалады.

Барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Оларға шығармашылық табыс тілеймін. Мұғалімдердің мәртебесі өсе берсін деген тілегімді білдіремін, —  дейді ардагер ұстаз Ақжеңіс Жаналина.

Шара барысында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Көпенов, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Серікова мұғалімдерді құттықтап, марапаттады.

Айта кетейік, бүгінде облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының 32 мыңға жуық мүшесі бар.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button