Басты жаңалықтар

10 мың түп ағаш егілді

Бейсенбі күні өңірдегі 402 мектепте жаппай экологиялық сағат өтіп, артынша жас көшеттер егілді. Республикалық акция аясында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы М.Дулатов атындағы №63 орта мектеп-лицейіндегі оқушылармен кездесіп, табиғатты аялауға шақырды. Сондай-ақ, бұл күні аталған білім ордасының ауласы 50 жеміс ағашымен толықты.

Шаһардағы Батыс-2 шағын ауданында орналасқан жаңа білім ұясында 1227 ұл-қыз оқиды. Солардың арасынан табиғатты қорғау, оны сақтап қалу мәселесі бойынша ізденіп жүргендер мен Ақтөбе қалалық жас натуралистер стансасының шәкірттері алдымен тақырыпқа қатысты ғылыми жұмыстарын, авторлық жобаларын таныстырды. Көшпелі көрме барысында жас биологтар өздерінің қамқорлығындағы жан-жануарларды көрсетіп, ауа мен суды ластанудан қайтсе сақтауға болатыны турасында ой-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, 7-сынып оқушысы Бекарыс Сабырбаев мектеп ауласында шағын жылыжай салынса, оның пайдасы зор болатынын айтады. Оның есебінше, балалар сол арқылы дәрумендерді тұтынып әрі жеміс-жидектерге қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе алады…

Одан соң жоғарғы сынып оқушыларымен экология сабағы өткізілді. Жасөспірімдерге облыс әкімі «Экология деген не?», «Қоршаған ортаны қалай қорғап қалуға болады?», «Ақтөбенің экологиясында қандай мәселелер бар?» деген сұрақтар қойып, қатысушылардың ойын білді. Олар Шалқар көлі мен Сазды өзенінің апаттық жағдайын, зауыттардың кесірінен ауаның ластанып жатқанын, т.б. айтты. Артынша:

—  Жер-анамыз — табиғатқа жанашырлықпен қарау, оны күтіп ұстау — баршамыздың басты міндетіміз. Бүгінгі экологиялық ахуал ең бірінші кезекте адамдардың қолымен жасалған мәселе екенін ұмытпауымыз керек. Оны қалпына келтіру де біздің парызымыз. Сондықтан кез келген азамат осы мәселеге бейжай қарамай, барлық игілікті іс өзінен басталатынын ұғынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бұны айтып отырған себебім, әр адам әуелі өзінің ауласын таза ұстаса, қолдан келгенше ағаш ексе — бұның өзі үлкен көмек. Қоғам болып айналамызды абаттандырсақ, жан-жағымызды жасыл желекпен жайқалтсақ деймін. Түптеп келгенде бәрі де адамзатқа байланысты, — деген Оңдасын Сейілұлы оқушыларды көптеп тал-терек егуге, қоқыс тастамауға шақырды.

Акция соңында атқарушы билік өкілдері, бозбала мен бойжеткендер мектеп ауласына 50 жас көшет екті. Облыс әкімі игі істің мұнымен шектелмейтінін, суарып тұру ортақ міндет екенін атап өтті.

Айта кетейік, ресми деректерге сүйенсек, экологиялық шара аясында облыстағы 402 мектептің ауласына 10 мыңнан астам ағаш егілді. Бұл — ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры, экологиялық ұйымдар қауымдастығының бірігіп жасаған бастамасы негізінде қолға алынған шаруа.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button