Экономика

Кәсіпкерлік қызметті қолдаудың «жол картасы» бекітілді

Облысқа жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов ақтөбелік бизнес өкілдерімен кездесті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен өткен кездесу барысында бизнес саласындағы мәселелер жан-жақты талқыланып, нәтижесінде кәсіпкерлік қызметті қолдаудың «Жол картасы» бекітілді.

«Капитал Плаза» бизнес орталығының мәжіліс залында өткен басқосуға «Атамекен» кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің өңірлік қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Есімхан Құрманғазин, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржановалар қатысты.

Бүгінгі таңда облыста белсенді шағын және орта бизнес  субъектілерінің саны 58 мыңнан асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға көп. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша, Ақтөбе облысының экономикалық белсенді халқының үштен бірі шағын және орта бизнесте немесе 32,7 пайызы жұмыспен қамтылған. Қазір өңірімізде шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандардың саны 140 мыңнан асып отыр. Бизнес субъектілердің өндірген өнім көлемі — 185 млрд теңге.

Өңірде  бизнес ортаны дамыту мақсатында, бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдету және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша бірқатар реформалар жүргізілді. Бизнес субъектілеріне бірыңғай форматта тексеру жүргізуді үйлестіру мақсатында Ақтөбе облысының әкімдігі 2019-2020 жылдарға арналған бірлескен тексеру жоспарын іске асыруда және бизнес жүргізуді жеңілдету бойынша іс-шаралар қабылданып жатыр. Нәтижесінде, облысымыз бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша «Doing Business» субұлттық рейтингісінде үшінші орынға ие болды, — деді Оңдасын Оразалин.

Кездесу барысында Болат Палымбетов  кәсіпкерлер үшін  жиі кездесетін проблемалар  туралы егжей-тегжейлі айтты. Ол 2016 жылдан  2018 жылға дейін бизнесті қорғау туралы 17 мыңнан астам өтініш түскенін, оның 46 пайызы толық немесе ішінара шешім тапқанын айтты. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы — 110,8 млрд теңге. Бұл — күші жойылған айыппұлдар, өсімақылар, кәсіпкерге қайтарылған немесе сақталған мүлік. Болат Палымбетовтің айтуынша, ең көп өтініш жер құқықтық, салық қатынастары, сатып алу мәселелері бойынша және құқық қорғау органдарына түскен.

— Былтыр Ақтөбе облысының кәсіпкерлерінен бизнесті қорғау мәселелері бойынша 283 өтініш түсіп, оның 164-і оң шешімін тапты. Жыл сайын Қазақстан Республикасы Экономика министрлігімен бірге кәсіпкерлік ортаны жақсарту бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Нәтижесінде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Егер 2011 жылы лицензиялар мен рұқсаттардың 1115 түрі болса, қазір олардың саны 315-ті құрайды. Рұқсаттар мен лицензиялардың 800-ден астам түрі немесе 72 пайызы қысқартылды. Барлық рұқсаттар «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңда реттелген. Мұндай оңтайландырудың әсері бизнес үшін жыл сайын қаржылық шығындарды 1,5 миллиард теңгеге төмендетеді, — деді бизнес-омбудсмен.

Сондай-ақ ол өз сөзінде кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық және әкімшілік заңнаманы ізгілендіру жұмыстары туралы да айтты. Биылдан бастап экономикалық құқықбұзушылықтар бойынша қылмыстық істер саны бес есеге қысқарған.

— Бүгінде қазақстандық кәсіпкерлерді қорғау аумағы Еуразиялық экономикалық одақ елдері аясында кеңінен жүзеге асырылуда. Айта кету керек, бизнестің барлық жүйелік мәселелері бірыңғай тізілімде жинақталған, оған 619 сұрақ кіреді. Қазіргі уақытта 489 мәселе шешілді, 28-і шешу кезеңінде, ал 102-сі мемлекеттік органдардың ықпалымен талқылануда. Жүйелік мәселелерді шешу түрлі бағытта жүзеге асырылады, олардың бірқатары Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктері арқылы қол қойылған «Жол картасы» аясында жүзеге асырылады, — деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов.

«Жол картасы» 11 пункттен тұрады. Онда бірінші кезекте жер учаскелері туралы ақпаратқа онлайн қол жеткізуді қамтамасыз ету, инженерлік-коммуникациялық желілерге қосу, жекеменшік балабақшалар үшін жан басына қаржыландыруға бөлінетін қаражатты арттыру жағы қаралған. Сол сияқты жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын облыстағы сүт-тауарлы фермаларды дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу, асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруда субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу сынды мәселелер көрініс тапқан. Бұл  — иелігінде 50 бастан жоғары малы бар сүт-тауарлы фермалары үшін мал азығын дайындауда субсидиялауды көздейтін өзгерістер.

Жиын барысында Анар Даржанова да тақырыпқа байланысты аймақта атқарылып жатқан шаруалар турасында баяндады.

Мемлекет басшысы нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін дамудың басым бағыттарын айқындай отырып, әрбір облыстың өңірлік ерекшелігін ескеруді тапсырған болатын. Осы картаны орындау аясында әрбір кәсіпкерді толғандыратын мәселелер шешімін табатын болады. Жалпы барлық өңірлерде проблемалардың 90 пайызы  жергілікті деңгейде шешіледі. «Жол картасын» жүзеге асыру бойынша облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасының бірлескен жұмысы аймақ бизнесінің дамуына айтарлықтай серпін беретініне сенімдімін. Бұл орайда мен Ақтөбе облысындағы кәсіпкерлер палатасының шекаралық ынтымақтастықты дамытудағы белсенді жұмысын ерекше атап өткім келеді. 2017 жылы Ресейдің бизнес-омбудсменімен қол қойылған келісімнің арқасында олар Ресей мен Қазақстан өңірлерінің бизнес-қауымдастықтары, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі құрылымдары, билік органдары арасындағы шекаралық ынтымақтастықты орната білді, — деді Болат Палымбетов.

Жиын барысында кәсіпкерлер кездесетін  мәселелер бойынша сауалдарын жолдап, нақты жауап алды.

Басқосу соңында кәсіпкерлік қызметті қолдауға арналған  «Жол картасы» бекітіліп, тараптар қол қойды.

           Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button