Спорт

Ақтөбелік спортшылардың олимпиадаға дайындығы үшін барлық жағдай жасалады

3 қазан күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Мейрамбек Айнағұлов пен Нұрислам Санаевты қабылдады.

Кездесуге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықов және спортшылардың бапкерлері Рақымжан Бақытжанов пен Бауыржан Нұрмаханов және «Ер Бақыт» әскери-патриоттық клубының төрағасы, ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев қатысты.

Кездесу барысында өңір басшысы балуандарды жеңістерімен құттықтап, оларға өзінің алғысын білдірді.

— Еркін және грек-рим күресінен Ақтөбе өңірінің спортшылары республикада алдыңғы қатардан көрініп жүр. Халқымызда: «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөз бар. Спорт — рух пен намыстың бірдей көрінетін саласы. Осындай балуандар  даярлап жүрген бапкерлердің жұмысына үлкен ризашылығымды білдіремін. Жинаған мол тәжірибе мен біліктің арқасында осындай жетістікке қол жеткіздіңіздер. Еткен еңбек, төккен тер ақталып, бүгін, міне, үлкен дода — 2020 жылғы жазғы Олимпиадаға жолдама алып келіп отырсыздар. Осы арқылы сіздер Ақтөбе өңірінің ғана емес, ел мақтанышына айналып, кейінгі жас буынға үлгі көрсеттіңіздер. Намысты қолдан бермей, туған жердің атын шығарғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Сіздер Олимпиадаға алаңсыз дайындалу үшін біз барлық жағдайды жасаймыз. Алдағы жылы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарында еліміздің намысын абыроймен қорғайсыздар деп сенемін, — деді облыс әкімі.

Кездесу соңында аймақ басшысы қос спортшы мен олардың жаттықтырушыларына алғысын білдіріп, ақшалай сертификаттар табыстады.

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button