Жаңалықтар

100 түп жеміс ағашы жайқалды

Бейсенбі күні жалпы еліміз бойынша өткен экологиялық сағат және республикалық ағаш егу акциясына қаламыздағы №17 мектеп-гимназияның ұжымы да бір кісідей атсалысты. Аталған білім ордасына бұл күні облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова мен қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева арнайы барып мектеп оқушыларымен бірге жеміс ағаштарын екті.

Экологиялық сағат барысында сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова оқушыларды табиғатты аялап, туған жерін көркейтуге шақырды.

— Қоршаған ортамызды аялап, қорғау — біздің басты міндетіміз. Өз Отаныңды туған жеріңді сүю оның табиғатына қамқорлық жасаудан басталады. Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан кездесудің де негізгі мақсаты  — осы. Қоршаған ортаның тазалығына сенбіліктірге атсалысып, ағаш егу акцияларына қатысу арқылы сіздер де өз үлестеріңізді қоса аласыздар. Табиғатты қорғау тек осы бір сағаттың ішінде ғана айтылып, осы жерде қалмауы тиіс. Өйткені, табиғатсыз адамзаттың бірде-бір күні жоқ, ал мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ, — деген облыстық мәслихаттың хатшысы оқушылармен емен-жарқын әңгіме барысында пластикалық ыдыстар мен пакеттердің зияны туралы айтып, электр энергиясын үнемдеу тұрғысында бірқатар кеңестер берді.

Экологиялық сағат барысында мектеп оқушыларының табиғатты қорғауда атқарылған істерінен арнайы бейнеролик көрсетілді. Мектеп-гимназияның белсенді  оқушылары республикалық акцияға қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, қатарластарын қоршаған ортаны қорғауға шақырды.

Бұдан соң Сәния Қалдығұлова мен Айгүл Арынғазиева мектеп ұжымымен, ата-ана, оқушылармен бірлесіп мектеп ауласына 100 түп жеміс ағашын екті.

Мектеп ұжымынан өзге, акцияға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің қызметкерлері де қатысты.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button