Жаңалықтар

Бірдей мүмкіндік жасалады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған алғашқы Жолдауындағы «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты бағытында денсаулық сақтау саласына, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бірдей мүмкіндік жасалатындығын айтты.

Президент өз сөзінде: «Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісінкеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз», — деді.

Қазір мемлекетімізде мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы бар. Осы бағдарлама негізінде жүйелі  жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Біз Президент Жолдауында айтылған жайттарды, оның ішінде салаға қатысты жаңалықтар мен маңызды міндеттерді халыққа түсіндіру мақсатында аудандағы әріптестерімізбен кездесіп, жүзеге асыруды дәстүрлі жолға қойдық. Бұған дейін Мұғалжар, Қарғалы аудандарындағы орталық аудандық аурухана мамандарымен кездестік. Ол жерде науқасқа алғаш рет мүгедектік тағайындаудың жолдары түсіндіріліп, жеке оңалту бағдарламасы негізінде атқарылатын жұмыстардың барысы айтылды. Бір айта кетерлік жайт, алдағы уақытта науқастарға мүгедектік тағайындау ісі үкіметтің порталы арқылы автоматтандырылған негізде, яғни электронды форматта жүзеге асырылмақ. Бүгінгі күні жаңа жүйе Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында пилоттық жүйе негізінде іске асырылып жатыр.

Президент Жолдауындағы денсаулық сақтау саласын жетілдіру бағытына қатысты айтылған міндеттер мен мақсаттарды орындау жолында күш салатын боламыз.

Р.НЕТАЛИНА,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті

Ақтөбе облысы бойынша департаменті

№3 медициналық-әлеуметтік сараптама

бөлімінің басшысы. 

Тіл тағдыры — өз қолымызда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа алғашқы Жолдауында заман талабына сай тиімді мемлекет құру жолында қазақ тілінің рөлін күшейту керектігін атап айтты.

Президент өзінің Жолдауында қазақ тілінің болашағына сенетінін, оның ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептейтінін айтты. Туған тіліміз өзіне лайықты дәрежеге жетуі үшін бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз керектігін де орынды түрде  жеткізді.

Өткен ғасырдың 80-жылдарында біз қазақ тілінің қолданыс аясы барынша шектелген, құрдымға кете жаздаған кезін бастан өткердік. Ол кезбен салыстырғанда қазіргі жағдай, әрине, мүлде бөлек. Қазақ тілі елімізде мемлекеттік тіл мәртебесін иеленді. Барлық мемлекеттік мекемелерде іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бұрындары үлкен қалаларда қазақ тіліндегі мектеп-балабақшалар саусақпен санарлық қана болса, қазір қазақ балалары жаппай қазақ мектептеріне барып жүр.

Солай бола тұра, бүгінгі күні де тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің тазалығын сақтау мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Ресми жиындар, іс қағаздары, мектептегі сабақтар қазақ тілінде болғанымен, қоғамдық көлікте, көшеде, үйде бір-бірімен орысша сөйлесетін қазақтар әлі азаймай тұр. Мен мектептердегі түрлі шараларға, кездесулерге жиі қатысамын. Сондайда үзіліс кезінде бір-бірімен орыс тілінде сөйлесіп келе жатқан қазақ балаларын кезіктіремін. Мұндай келеңсіздікті ата-ананың, отбасының тәрбиесімен байланыстырып, жылы жауып қоюға болмайды, бұл — ұстаздардың да кемшілігі. Қазақ мектептерінде мұғалімдер сабақтарын қазақша өткізіп қоюмен ғана шектелмей, мектеп қабырғасында балалардың әрдайым тек қазақ тілінде сөйлеуіне тиімді жолдармен ықпал етуі керек.

Ал қазақтардың өз отбасында, қазақ мектептерінде орыс тілінде сөйлегенін көрген басқа ұлт өкілдері қалайша қазақ тілін үйренуге ұмтылады? Осы жағын да ойлау керек. Бүгінде қазақ тілінің тағдыры өз қолымызда екенін мойындауға тиіспіз.

Туған тіліміз — Тәуелсіздігіміздің тірегі. Оны еліміздегі ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру тәуелсіздікті нығайту жолындағы ең басты, ұлы істердің бірі екенін ұмытпасақ деймін.

 Қамалхан ҚУАНОВ,

ҚР білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері.

 Дарынды жастарға назар аударылды

Педагог әрі ата-ана ретінде мен де балаларымның ертеңіне алаңдаймын. Әрине, жас ұрпақтың болашағының жарқын болуын тілеймін. Президент Жолдауы — саяси оқиға, маңызды құжат. Сондықтан да әр Жолдаудан тың бастама, өзгеше жаңалық күтетініміз анық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылғы Жолдауында әлеуметтік салаға аса мән берілді. Әсіресе, білім саласына қатысты бірқатар маңызды мәселелер айтылды.

Меніңше, «Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын», — дегені тың бастама болды. Дарынды балалардың дені ауылдан шығатыны айдан анық. Осыған назар аударғаны көңіл сүйсінтті.

Баласы мектепте оқитын кез келген ата-ананың бас ауыртар мәселесінің бірі — оқулық сапасының сын көтермейтіндігі. Осы мәселеге Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында назар аударғаны көңілге сәуле ұялатты. Ел Президенті өз Жолдауында «Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету — тиісті министрліктің тікелей міндеті. Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды», — деп биылғы Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырды. Яғникелесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өсетіні баса айтылды.

Жұмыс барысында оқушыларыма бес бөлімнен тұратын Жолдаудың басты бағыттарын тағы бір қайталатып, өздерінің оқып шығуларына кеңес бердім.

Ботакөз ЖАЛМАҒАМБЕТОВА,

Қандыағаш қаласындағы №4 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button