Жаңалықтар

Тағылымды еңбектің тұсаукесері өтті

Облыстық сотта Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Төрағасы болған Әбидолла Биекеновке арналған «Ә.Биекенов. Мемлекеттік және қоғам қайраткері» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Оған облыстық соттың алқа төрағалары мен судьялары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, оқу орындарының өкілдері қатысты.

Жиынды облыстық соттың төрағасы Сәкен Абдолла ашты. Ол атап өткендей, бұл басылым отыз бес жас қысқа ғана ғұмырында сот жүйесінің дамуына зор үлесін қоса білген Әбидолла Үмбетжанұлы Биекенов тұлғасының қалыптасу тарихын баяндайды.

Әбидолла Биекенов 1911 жылы  Шалқар ауданының №19 ауылында дүниеге келген. 1929 жылы теміржол мектебін, сосын кеңес-партия мектебін, ал 1939 жылы КСРО Әділет Халық комиссариаты  жанындағы құқық академиясын үздік бітіреді. Ұлы Отан соғысына қатысушы, екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. 1931-1932 жылдары Шалқар аудандық кәсіподағының хатшысы, содан кейін Шалқар аудандық «Социализм туы» газеті редакторының орынбасары, 1936-1939 жылдары Шалқар және Жұрын аудандары халық соттарының судьясы,  облыстық сот судьясы, төрағаның орынбасары қызметтерін атқарады. 1939-1942 жылдары Қарағанды облыстық сотының төрағасы болады.

1942-1945 жылдары І Беларусь майданы саяси басқармасының нұсқаушысы ретінде ел қорғауға қатысады. 1946 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Төрағасы болып сайланады.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ермек Қанапиев сөз сөйлеп, аймақ судьяларының атынан Әбидолла Биекеновті «Қазақстанның сот жүйесінің қалыптасуында жарқын із қалдырған ұлы тұлға, майдангер» деп сипаттады.

Тұсаукесер салтанатына танымал тұлғаның баласы профессор Марат Биекенов қатысты.

Мемлекет және қоғам алдында сіңірген еңбегі үшін Ә.Биекеновке 2011 жылы облыстық сот  ғимараты алдында мүсін орнатылды.

Тұсаукесерге қатысушылар кітаптың жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында құнды еңбек екенін атап көрсетті.

Н.ДАБЫЛОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button