Білім

Мамандар даярлайтын білім ордасы

Биыл 4 қазанда Ақтөбе сервис колледжінің ашылғанына 70 жыл толып отыр. Іргетасы 1949 жылы қаланған білім ордасы бүгінгі күні уақыт талабына сай қажетті мамандарды даярлап, жүйелі түрде жұмыстар атқаруда. Қазіргі таңда бұл оқу орнында 500 оқушы білім алып жатыр.

Деректерге сүйенсек, бұл оқу орны туралы ең алғаш 1949 жылы 4 қазанда облыстық «Актюбинская правда» газетінде облыстық сауда бөлімі жанынан сатушылар мен аспаздар даярлайтын сауда-кулинарлық мектебінің ашылғандығы туралы мақала жарыққа шыққан. Аталған оқу орны араға бір жыл салып Карл Либкнехт (қазіргі Шернияз) көшесіндегі жеке тұрғын үйге көшіріледі. Сол жылдары аталған мектепте кітапхана ашылып, болашақ мамандардың жан-жақты білім алуына жағдай жасалады. Ал 1958 жылы өндірістік практика базасы ретінде студенттер асханасы бекітіліп беріледі.

Жетпіс жыл ішінде бүгінгі колледж атауы бірнеше рет өзгертіледі. Атап айтсақ, 1962 жылы колледж қолөнер училищесі аталса, 1964 жылы №94 сауда және кулинарлық кәсіптік-техникалық училищесі болады. Уақыт өткен сайын училищеде білім алуға талаптанушылар қатары көбейе түседі. 1966 жылы оқушылар саны көбеюіне байланысты оқу орнында екі студенттік жатақхана корпусы пайдалануға беріледі. Оның бірі — қазіргі колледж ғимараты. 1975 жылы осы ғимаратқа жалғанған зертхана мен спорт залы құрылысы аяқталып, оқушылардың жан-жақты жетілуі үшін жағдай ауқымы кеңейе түсті. 1984 жылы №3 кәсіптік-техникалық училище атауын алған оқу орнында аспаз, кондитер, сатушы, тоқыма өндірісі жұмысшылары даярланатын болды. Ал 2012 жылы Ақтөбе сервис колледжі болып өзгерген білім ордасы заман сұранысына сай мамандар әзірлейтін оқу-өндірістік базасын қалыптастырды. Сондай-ақ мұнда білікті инженер-педагогикалық қызметкерлер тобы ұйымшылдықпен қызмет атқаруда.

Бүгінгі күні колледж түлектері республикамыздың және облысымыздың сауда, қоғамдық тамақтандыру орындары және тігін өнеркәсібі салаларында жемісті еңбек етуде.

Колледж — Ақтөбе облысының қонақүй және мейрамхана бизнесі, сондай-ақ дизайнерлер қауымдастығының толыққанды мүшесі.

Техникалық ғылымдардың кандидаты, доцент Гүлнар Сахатова басқаратын оқу орны биыл «Жас маман» бағдарламасына қатысатын техникалық және кәсіптік білім беретін облыстағы 10 оқу орнының тізіміне енген. Материалдық-техникалық базасы қалыптасқан колледжде бүгінгі күні негізгі үш мамандық бойынша 500 оқушы білім алуда. Ал жастарды мамандыққа баулуда, олардың біліктіліктерін арттыруда білім ордасында 40 оқытушы, 22 өндірістік оқыту шебері қызмет етеді. Оның ішінде 1 ғылым кандидаты, 6 магистр, 24 жоғары санатты, 16 бірінші санатты, 14 екінші санатты педагог білім береді.

Біздің ұжым уақыт алға жылжыған сайын әрі қарай дамып, кәсіби білім беру деңгейінің биігінде болу үшін заман талабына сай еңбектенуде. Еліміздің қоғамдық өмірі мен экономиканың маңызды бағыттарының қарқынды даму мәселелерін шешуге бағытталған заманауи, бәсекеге қабілетті маман даярлап, қалыптастыруды мақсат еткен колледждің осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Колледжде әдістемелік циклдік комиссиялар шығармашылық топтар құрып, озық іс-тәжірибелерді жинақтау және тарату жұмыстарымен шұғылданады.

Ұжымымыздың инженер-педагогикалық қызметкерлері халықаралық, облыстық сайыстарға, конференцияларға қатысып, жүлделі орындарға ие болумен қатар, өз әріптестерімен тәжірибе алмасып, облыс көлемінде семинар-практикум өткізеді.

Колледжіміз  2013-2014 оқу жылы бітіруші түлектерді тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша 100% пайыз көрсеткіш көрсетіп, облыс әкімдігі тарапынан сыйақыға ие болса, 2015-2016 жылдары екі оқытушымыз облыс әкімі грантының иегерлері атанды. Ал 2017 жылы республика көлемінде өткен ««World Skills» кәсіби шеберлікті айқындайтын сайыста колледж жүлделі орынға ие болды, — дейді колледж директоры.

Оның айтуынша, колледж оқушылары өткен жылы «World Skills Aktobe-2018» аймақтық чемпионатында жеңімпаз атанып, колледж оқушысы Айдана Мырзашева «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша жүлделі І орынды жеңіп алса, биыл «Дизайнер және тігінші» құзіреттілігі бойынша Гүлбақыт Қуанышбаева, Ангелина Роот, «Аспаз» мамандығы бойынша Дмитрий Свиридов, «Кондитер» мамандығы бойынша Анастасия Лысенко, Ксения Ломовцевалар жүлделі орындарды жеңіп алды.

Мұндай сайыстар болашақ мамандардың өз істерін жетік меңгеруіне, шеберліктерін шыңдауына, бәсекелестікке ұмтылуына жол ашады. Жалпы білім беретін пәндер бойынша да біздің колледж оқушылары өз білім дәрежелерін көрсетіп, алдыңғы саптан көрініп жүр. Өткен оқу жылында «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған облыстық олимпиадада жан-жақты оқушыларымыз — Тұмарым Жеткергенқызы, Айдын Асау, Светлана Капаций, Диана Ибрашева, Галина Стрельцова әртүрлі пәндерден жеңімпаздар қатарынан көрінді. Сонымен қатар колледж оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері әр тақырыптағы конференциялар мен жобаларға қатысып, озық нәтиже көрсетуде, — дейді Гүлнар Сахатова.

Оқу орны басшысының айтуынша, бүгінде колледж қаладағы өндірістік кәсіпорындармен бірлесе отырып жұмыс жүргізеді. Атап айтсақ, «Анвар», «Глобал спецодежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Золотой дворец», «Алтын сарай», «Зере» мейрамханалары, «К.Бакишева», «Улыбка» тігін шеберханалары, т.б.

Бұл мекемелерге колледж оқушылары іс-тәжірибеден өтіп, оқу орнын аяқтаған соң өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алады. Сондай-ақ бүгінгі күні оқу орны Қазан, Ұлан-Удэ, Орынбор, Семей, Өскемен қалаларындағы колледждермен меморандумға қол қойып, өзара әріптестік орнатқан.

Айта кету керек, қазіргі таңда колледжде оқушыларға жан-жақты кәсіби білім берумен қатар олардың дүниетанымын кеңейту мақсатында үйірме ашып, зор жетістікке жетіп жүрген ұстаздар да аз емес. Олардың қатарында И.Бондаренко, Г.Тлеугабилова, Г.Тыщенко, А.Каргина, А.Қазбекова, Д.Трегулова, Н.Төлеуова, Н.Елеусізова, Н.Мұқашова. т.б. бар.

P.S. Биылғы жылдың 23 қарашасында Ақтөбе сервис колледжінің ашылғанына 70 жыл толуына орай оқу орнында халықаралық деңгейде конференция өтеді. Оған Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінен делегациялар келіп қатысады. Іс-шаралар аясында қызмет көрсету саласында білім беретін оқу орындары өзара тәжірибе алмасады.   

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button