Әдебиет

Ұлт дертімен ширыққан рух

Виктор Гюгоның «Тоқсан үшінші жылы» мен Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезеңі» жайлы толғаныс

Жиырма бірінші ғасырдың табалдырығын тәуелсіз мемлекет ретінде аттағанымызда ең алдымен рухымыздың өзі таразыға түсті. Еркіндік, азаттық жолындағы алапат қан кешулермен астаса жүрген шетсіз-шексіз айтыс-тартыс тұншығу мен сілкінудің бұрын-соңды болмаған бетпе-бет айқасымен бәрімізді дүр сілкіндірді. Сол айқас аясында тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар көз алдымыздан енді басқаша бейнеде өтіп жатты. Білгенімізден білмегеніміз көбейіп, әрі қуандық, әрі күрсіндік. Қаламгер Қажығали Мұханбетқалиұлының тар кезеңге тап келген халық тағдыры туралы тарихи романы, міне, осындай рух еркіндігін шын мәнінде енді-енді айқын сезіне бастаған шағымызда қолымызға тиді. Әйтсе де, танымал қаламгер, белгілі мемлекет қайраткері Сауытбек Абдрахманов айтқандай, «қазақ әдебиетінде новелла жанрының орнығуына сүбелі үлес қосқан» жазушымыздың бұл романының «толғағы» тым ұзақ болды.

Романның алғашқы тараулары осыдан жиырма жылдан астам бұрын «Жалын» журналында жарық көрді де, басты кейіпкері әрі батыр, әрі шешен Сырым болып қызықтырып, жалғасын одан сайын асыға күттік. Кейін шығарма толық күйінде қолымызға тигенде, романның пәлен бетіне дейін Сырымның аты аталмай, кәдімгідей аңтарылып қалдық. Бірақ, аңтарылудың жөні жоқ екені көп ұзамай-ақ белгілі болды. Мерзімді басылымдардағы лебіздер легі, алғашқы тұсаукесерлердегі шақпақша шағылған пікірлер — соның дәлелі. Бірі мұны қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылысқа теңеп жатса; енді бірі «Сырым — өте күрделі тұлға, тек шебер елдестіруші, батыр ғана емес, әрі шешен. Осы шешендік қыры ашылыңқырамай қалған секілді» деген тәрізді пікірді де алға тартты. Ал әдебиетіміздің қазіргі абызы Ә.Нұрпейісов: «Қажығалидың жаңа романын қолжазба күйінде алғаш бастап оқығанда негізгі кейіпкерімді таба алмай, қатты көңілім қалды, дастархан үстінде келін екеуіне ренішімді ашық айттым», — деп сынның қою бұлтын мүлдем төндіріп барып, түйінді ойын былай білдірді: «Кейін ауруханаға түскенде романды қайтадан қолға алып, оқуды жалғастырдым. Романның соңғы бетін жапқанда, қаламгердің әдебиетімізге тың, соны серпіліс әкелгеніне көзім жетіп, сүйсіндім. Қажығали қазақ халқын ғасырлар бойы билеген отаршылдықтың табиғатын терең ашыпты, империялық залымдықтың салдарын да, себебін де терең зерттеп, оны алғаш рет ғылыми-көркем кейіпкер деңгейіне көтере алған». Әбаға романдағы отаршылдық сарынын неге ерекше екпінмен, дара кейіпкер деңгейіне көтеріп отыр? Отаршылдық публицистикалық-танымдық деңгейден көркем образға қалай айналды? Қоғамдық ой мен қаламгерлік ойдың рухани әлемдегі тайталаса ұштасуы қоғамға не береді, әдебиетке не береді? Осынау жауабы әлі де бұлдыр соқпаққа тарта беретін сұраққа Қ.Мұханбетқалиұлы қалай жауап берді?Жалпы, бұл тақырып бізге жаңалық емес. І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов сияқты қаламгерлердің тарихи романдары — миллиондаған оқырманның жүрегінде. Дара тұлғалар, дара оқиғалар санаға таңбадай басылған. Алайда, өктем саясат ызғары тарихи танымның ұлттық ширығуын, сөз жоқ, тұсаумен болды. Бір ғана кейіпкер, яғни М.Әуезовтің өзінің Құнанбайын («Абай жолы») жүрегінен шығара алмай неліктен қиналғанын біле тұра, білім беру жүйесі Құнанбайды отаршылдықтың құрбаны деуден гөрі, жеке басын күйттеген қатыгез, шонжарлық психологияның адамы ретінде танып, дағдылануға үйретті емес пе? Билер салтын зерттеуші Б.Аханның: «Құнанбайды М.Әуезовтің зорлықшыл, үстем тап өкілі ретінде көрсетуі қиянатшылдық емес пе деген сауалдың тууы да заңды. Оны бізге таптық қағиданың қарымды тұзағынан құтыла алмаған кемеңгер жазушы билер сөзінің інжуі жоқ болып кетпесін деп, Құнанбай сынды азулы, «ауыздыға» сөз бермейтін атышулы билерді теріс жағынан көрсету арқылы болса да ұрпақ зердесінде қалдыру үшін, кезінде «дәнді қауызынан өздері-ақ аршып алар» деген ниетпен, өз роман-эпопеясында шешендіктің небір көрнекті үлгілерін айшықтап кеткен деп түсінген жөн» — деуі де сондықтан болар.

Қазір заман өзгеріп, өзіміз де ұлттық рухымызға шындап бет бұрған кезде танымдық әлемімізге мол сәуле түсірер осы уақыт мүмкіндігін Қ.Мұханбетқалиұлы қалай тиімді пайдаланды деген сұрақ көз алдымызда еріксіз кесе-көлденеңдейді.

Жалпы, қоғамдық «менді» авторлық «меннен» жоғары қою көркемдік элементтердің аяғына тұсау болуы мүмкін десек те, өмір шынайылығы үшін қаламгер одан қалыс қала алмайды, некрасовтық қағида авторлық концепцияның, бәрібір, ең сұранысты арқауына айналады. Осы ретте, әлемде демократиялық басқарудың қарлығашы ретінде қабылданған Париж коммунасы тілге оралады. Коммуна Францияның саяси элитасын ғана дүр көтеріп қойған жоқ, рух қайраткерлерінің ішкі адами қарсылықтарының да кісенін босатты. Жас офицер Руже де Лильдің «Марсельезасы» Француз республикасының революциялық гимніне айналып, әлемді шарлап кетті. Жазушы, Виктор Гюгоның азаттықты аңсаған жүрегіне де тыныштық бермеді. Ол революциялық рухтың жарқылындай «Тоқсан үшінші жылын» жазды. Міне, осындай рух қазақ жазушысы Қ.Мұханбетқалиұлын да ширек ғасыр бойы ширатты. Ұзақ ізденді, ұзақ толғанды. Өйткені, автордың өзі айтқандай: «Адамзат баласының тарихында әлем халықтарының қажетіне жарарлық әлдебір жаңалық бола қалса, оны тек Батыстан, Европадан, өркениетті елдерден шыққан идея етіп көрсетуге тырысатын жаман әдет бар бізде. Неге? Егер хандықты кішкентай монархиялық құрылыс деп есептесек, Сырым сол монархиялық (хандық) билікті де, монархты (ханды) да құлатып, елді халықтың қайнаған қалың ортасынан шыққан өз өкілдері — халық өкілдері басқарсын! — десе, бұл — сол тұстағы Европаның да есін тандырарлық жаңа идея еді. Және бұл — Париждегі қалалық өзін-өзі басқару органы «Париж коммунасын» дүниеге әкелген 1789-1794 жылдардағы Ұлы француз революциясынан да төрт жыл бұрын қазақ даласында дүниеге келген ел басқару әдісі екенін ескерсек, өзі бастаған көтеріліс нәтижесінде Сырым адам баласының қоғамдық өміріне қандай үлкен жаңалық әкелгенін тереңірек ұғар едік» (Қ.Мұханбетқалиев. Сырым Датұлы. «Егеменді Қазақстан», 1992 жылғы 22 ақпан). Демек, ел басқарудың мұндай демократиялық әдісінің, яғни «Халық кеңесінің» әлемде тұңғыш рет Еуропада емес, қазақ даласында дүниеге келгенін оқырман санасына мүмкіндігінше терең сіңдірудің қаншалықты жауапкершілік жүктейтінін осыдан-ақ байқауға болады. Қажығалидың роман тақырыбын алғашқыда ойлағандай «Сырым» деп алмай, «Тар кезең» деп алуы, қаламгерлік концепциясын осыған бағындыруы, міне, осы жауапкершілікті терең сезінуден туса керек. Және өзінің сұхбаттарында Ығылман Шөрекұлының «Ел қамын жеген ерлердің, сөз білген жанда қақы бар» дегенін жиі қайталайтыны да осыны нықтай түседі.

Автордың сырымтану ғылымының басында тұрғанына күмән келтіретіндер табыла қоймас. Ендеше, С.Датұлы туралы көптеген ғылыми мақалалар жазып, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда ылғи да негізгі баяндамаларды жасап жүрген автордың қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің аталған кесек тұлғасын (үш томдық еңбегінде Е.Пугачев және Е.Пугачев көтерілісі кезіндегі орыс қоғамы жайлы көсіле қалам тербеген В.Я.Шишков сияқты — автор) эпикалық ауқымда сомдауына болатын еді, жинаған тарихи деректері асып-артылатын, бірақ Қажығали жоғарыда айтылған себепке орай, мүлдем соны жолды таңдады. Ұлт дерті, яғни қазақ ұлтының дерті, қаламгердің ең басты объектісіне айналды да, кейіпкерлерінің бастауына Сырымды емес, отаршылдықты шығарды. Өйткені, ұлтын сүюдің азабын тартқан жалғыз Сырым емес, Сырымға дейін де, Сырымнан кейін де отаршылдық қылбұрауы қазақ ұлтын аз қылғындырған жоқ. Ендеше, қылбұраудан құтылудың мүлдем өзгеше, соны жолын талмай, сарыла іздеу керек. Сырым сол жолды тапты. Бірақ, қатты қиналды. «Еңсемді кәуір басар деп, Едіге бидің көшкен жер», «Қанатымды залым қияр деп, Қарға бойлы Қазтуған қайғыланып кеткен жер», «Орақ пенен Мамай да, ойдағы дәурен болмас деп, ойран салып көрген жер», «Адыра қалғыр, бу қоныс — Асан би шұбап өткен жер!», «Қырық таңбалы Қырымның, он таңбалы Ұрымның, он екі баулы Өзбектің, бұрынғы он сан Ноғайдың кетейін десе, жөн таппай, қол ұстасып жүрген жер» … болып шығады. Сонда: «Кәуір тоқ болса, мұсылман тыныш» дегеннен, солай деп қайырлы қоныс, қара жұрттарын қарсылықсыз тастап кете бергеннен, солар не тапты? Не тапты, Құдай-ау!!! Кәуір «тойдым, тоқтадым!» — деді ме?! Мұсылман тыншыды ма?!

Жоқ!!! Жоқ!!! Тағы да жоқ!!

Ендеше, ондай обыр құлқын иесінің оппа өңешін қалай бітемек керек?! Тек көзіне қос уыс топырақ құйып қана бітеу керек! Я болмаса, өзің өліп … біржола топырақ-тозаңға айналып, тыншуың керек!!! Басқа жол жоқ!

Сырым осы жолы … «… мына тұрған — Өлеңтінің аяғы, Шідертінің қоспасы, Аңқатының басы — Тасобада он сегіз жыл атысып өлген Орманбет бидің жолын қалап алды. Не де болса, Ұлы Ноғайдың ең соңғы ұлы биі Орманбетше ата жаумен аянбай айқасып барып өлу керек деп шешті…» — деп толғайды автор. Бұл Сырымның өмір-күрестен күдер үзуі емес, қайта азаттық жолындағы талай аласапыран айқастардың оны түбегейлі ширықтыруы, қазақ мына ұлан-байтақ даланы қалай сақтап қалды деп, жалаңтөс ерліктерді тізбелей бермей, сондай ерліктің ішкі сырына қыранның көзімен шүйлігуі болатын.

Виктор Гюгоның романтикалық ұстанымына қылдай қиянат келтірмейтін, ұлы мұрат жолында өмірін қиюдан да тайсалмайтын Лантенак пен Симурден қарттардың сенуге қиын, бірақ сендіретін ерекше іс-қимылдары — осындай ерекше мінездің мысалдары.

Міне, Қажығали Сырымның бойындағы ұлы адамдарға тән осындай қайсар мінезді тап басқан да, тағы да тас қабырғаға келіп маңдайын тіреген қалың қазақтың торығып, тұншығып, тура өлімге атылар сәтіндегі кезін хас суреткерлерге тән шеберлікпен, көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп, шынайы көрсете білген. Оны ол қалай жүзеге асырды?

Сырым — кекті адам! Автордың да жүйкесі әбден ширыққан … Сырымды кектендірген заманының озбырлығы, Қажығалиды ширықтырған — тұтас қоғам жүгін мойнына алған адамның — Сырымның осы жауапкершілігін шеберлікпен сомдау қажеттігі. Мұндай тұлғаны сомдау үшін қаламгер, Ғ.Мүсірепов айтқандай, кектеніп жазуы керек. Сырымды да кектендірген, Қажығалиды да ширықтырған жау — осал жау емес! Ол — отаршылдық, отарлаушы — Ресей империясы! Ендеше, жауыңнан жеңілмеу үшін, ең алдымен, соның өзін дұрыстап танып алу керек. Дәрігердің ауруды емдеуі үшін, ең алдымен оның ауруына диагноз қоятыны сияқты, Сырымның да Ресей империясы сияқты алпауытпен айқасуы үшін, ең алдымен, күрес жолын белгілеуі керек. Қ.Мұханбетқалиұлының Сырымнан бұрын, әуелі Ресей қоғамының қазақ даласын отарлауға қатысты саясатын; оны жүзеге асырушы қайраткерлерінің тұтас бейнесін жасауға ұмтылысының сыры осында.

Ал Виктор Гюгоның кектенуі, әсіресе, басты кейіпкерлерінің пенделікке мүлдем кереғар, «Отаны үшін өртенудің» қандай болатынын көрсетуге ант еткендей, әр қимылынан, әр сөзінен от шашырайтын, соның жалыны оқырманды еріксіз ертіп әкететін, ғажап суреткерлікпен бейнеленетін кекшілдік. Ол қаһармандық пен рақымсыз қатыгездік рухы жайлаған Францияның бұрқ-бұрқ қайнаған саяси өмірінің алауы аясында революция жатырында бас көтерген, яғни террор республикасы мен мейірбандық республикасы өр перзенттерінің, баррикаданың қай жағында болғанына қарамастан, өмірі естен кетпестей бейнесін жасаған. Естен қалай кетеді? Понторсонды, Вильдені, Пон-о-Боны азат етуші, Доль, Тург жеңімпазы, республиканың Вандеядағы семсеріне айналған Говэн … сол Говэн енді үш ай бойы соңынан қуып жүріп, ақыры қолына түсірген революция жауы Лантенакты құтқарып жібермекші… және қолға түскен бойда оның басын шабу жөніндегі бұйрыққа қол қойған да сол Говэннің өзі еді ғой. Говэнді бір түннің ішінде бұлай өзгерткен қандай құдірет?! Францияны Англияға сатпақшы сұмырай Лантенак батыр Лантенакқа, мейірімді Лантенакқа қалай айналды?! Өзі мүлде танымайтын, жалаңаяқ, жалаңбас қайдағы бір үш қу жетімді құтқарып жібергені үшін ғана ма?!. Говэннің өзі де, оның батыр сарбаздары да жасай алмаған қайырымдылық пен қаһармандықты жаңағы қарт Лантенак жасады. Ұлы Францияны, ақсүйектер Франциясын сақтап қалуға ант еткен көсем, Вандея орманында қаптап жүрген қолдаушыларына қосылып, ұлы жорықты қайта бастауға жолы ашылған қарт монархия мұрагерлігіне қатыстының бәрін ысырып тастап, аппақ басын адамгершілік, ар алдында өз еркімен ие білудің өнегесін көрсетті. Сұмпайылық адамгершілік алдында тізе бүкті. Енді Говэн Лантенакты өлтірмекші. Қайырымдылыққа қатыгездікпен жауап беруге бола ма? Қаһармандықтың құны осындай болғаны ма?! Республика мұраты осылай ма еді?! Және төккелі тұрған қан өз қаны, Говэндердің қаны. Оның атасы қайтыс болған, бірақ атасының ағасы тірі, яғни екінші атасы жаңағы қарт маркиз де Лантенак емес пе?! Говэн мына жарық дүниенің есігін ашқалы тұла бойына әбден сіңісті болған қанның тектілік қасиеті атойлаған ар сотымен бетпе-бет келді, ал ол сол қыспақтан құтыла алмады. Говэннің қайсар ерлігі Лантенакты құтқарып, өз басын гильотина пышағының астына сұғумен тынды. Құдай-ау, мұндай да бола ма екен? Болады екен. Виктор Гюго осыған сендіреді. Париж коммунасы дүниені дүр сілкіндірген оқиға, ал дүниені дүр сілкіндіру үшін сол оқиғаның өзі басқа оқиғаларға мүлдем ұқсамауы керек. «Тоқсан үшінші жылда» да солай, шығарма кейіпкерлері қарапайым ерлік иелері ғана емес, оларға әдетте ойға келмейтіндей мүлдем төтенше шешімдер тән. Және ол шешімдер тоқсан үшінші жылды тудырған революция рухымен шоқтанып, ерекше іс-әрекеттермен айрықша дараланады.

Мұнда эпизодтық кейіпкерлер жоқ, бәрі де шығарма рухына тікелей қызмет етеді. Тіпті айналасы тап-тақыр қалып, үш жетімегімен тағдыр талқысына лақтырылған бейшара әйелдің өзі бүкіл шығарманың алтын арқауы сияқты. Француз революциясы тап соған қарап қалғандай, оқиғалар оларсыз өрбімейді, роман солардың ауыр тағдырын суреттеумен басталады да, солардың бақытты болашағына үміттендіріп аяқталады. Мұның өзі, құдды, монархиялық билік қыспағындағы Франция мен демократиялық жарқын болашаққа ұмтылған Францияның символындай елес береді. Тарих пен танымның хас шебері көркемдік тәсілді шебер пайдалана отырып, Ұлы Француз революциясының бүкіл болмысын айнадағыдай айқын көрсетеді.

Виктор Гюгоның «Тоқсан үшінші жылы» — тарихи тақырыпқа қалай қалам тербеу керек екендігінің үлгісі. Алайда, таланттар үлгіге көп бағына бермейді. Өзінің сара жолын тартады. Тақырыбы рухтас, кейіпкерлері ұлттық қасиетті ұлықтауымен ұқсас болғанмен, екі жазушы сол қасиеттің табиғатын ашудағы өзіндік шешімімен бір-біріне ұқсамайды. Виктор Гюго монархиялық Еуропа мен демократиялық Еуропаның арпалысын Францияның өз ішіндегі оқиғалар арқылы суреттесе, Қажығали Мұханбетқалиұлында ұлт-азаттық қозғалыс бір ел аумағына сыймайды. Алпауыт, менмен империя мен намысшыл, өжет, бірақ қауқарсыз елдің өзара арбасуы мен айқасуы Қажығалиды соны шешімдерге итермелейді. Тек қазақтардың өз басындағы жағдайды арқау етсе, шығарма діттеген жеріне жете алмас еді. Виктор Гюгоға Францияның өз ішіндегі саяси күресті суреттеу үшін сырт елге ауа жайылудың қажеті де жоқ, тоқсан үшінші жылдың алапат оқиғаларының өзі ұлы революцияның табиғатын ашып көрсетуге жетіп жатыр. Ал азаттық жолында «мың өліп, мың тірілген» қазақтың ар-намыс рухының асқақтығын дәлелдеу үшін Қажығалиға, ең алдымен, басты дұшпанының, ресейлік империяның зерттеушісіне, солардың психологиясын бейнелеуші қаламгерге айналуы керек.

Жалпы, қазақ әдебиетінде бұрын кездеспеген мұндай қаламгерлік үрдіс, яғни алғашқы бастама сәтті орындалған. Осип Андреевич Игельстром Ресей империясының қазақ даласының батыс өңірін билеуді жүзеге асыру үшін, онда бір емес, екі қайтара жұмсап, тапсырманы ойдағыдай орындаған белгілі қайраткерлерінің бірі, тіпті бірегейі десе де болады. Ол генерал-губернаторлыққа тағайындалғанға дейін де Е.Пугачев бүліншілігін басу кезінде улан эскадронын басқарған, «бұратана» халықтың өміріне біршама таныс. Е.Пугачевтің эпикалық бейнесін жасаған В.Я.Шишковтың императрица Екатеринаның аузына: «Губернаторы Брант и Рейнсдорп (Орынбордың генерал-губернаторы – С. Б.) не имели вожможности всецело посвятить себя следственным делам, и оные дела перешли в руки молодых, преданных нашему престолу, но малоопытных офицеров» деген сөзді салуы тегін емес.  Орынборды билеген бүкіл генерал-губернатор атаулы «Ешқандай заң-зәкүн дегенді білмейтін, басыбұзық бұл бұратаналарды қарулы қолмен жиі-жиі жазалап, қалтыратып ұстап отырудан басқа шара жоқ!» деген ұстанымнан айнымаған. Өйткені Сенаттың өзі осыны мақұлдапты. Императрицаны ашуға булықтырған Рейнсдорп қана емес, О.Игельстром ауыстырған А.Апухтин де осынау «басыбұзық бұратаналарды» қолтығының астына кіргізетіндей мардымды іс тындыра алмаған. Ал «Шекара шептеріндегі оқиғалар мен соған байланысты түсініктерді, мәлімдемелерді, хат-хабарларды, арыз-шағымдарды, нұсқауларды — бәрін-бәрін дым қалдырмай барынша мұқият зерттеген» О.Игельстромның өзінің алдындағы әкімдерден артықшылығы, міне, осы ұстанымның қателігін түсініп, одан сабақ ала білгендігі. Дәлелдерінің терең, орнықтылығы сонша — Орынборда Шекаралық сот құру туралы ұсынысын баяндаған кезде ол жан-тәнімен Ресейдің ұлылығын көзінің қарашығындай сақтауға тырысатын Григорий Потемкинді: «Сіздің тіпті тым алысқа сілтейтін түріңіз бар ғой … бек қуаныштымын …» деп еріксіз мойындатады. Бірақ, империя мүддесіне қайшы келеді-ау деп ойлаған кезде, ол да талай рет бұлталаққа салады. Оған Игельстром емес, түлкібұлаңға қурылған саясат кінәлі — О.Игельстром сол саясаттың құрбаны, империяның құрған торын тарқатушы ғана. Бейбіт саясат ұстанғысы келіп, Мұхаметжан ахун бастаған делегацияны ел ішіне жіберуі, Сырыммен тіл табысуға талай рет әрекет жасауы, сонымен бірге қарапайым қазақтың бауырына кіріп, «жиені-сымақ» болып көрінуге тырысатын, сөйтіп, кез келген қолайлы сәтте сатып кетуге дайын Даниил Донсков сияқты атаманды сол зымияндығын біле-тұра жанына тартуы, міне, осы империялық түлкібұлаңның көрінісі.

Империяның аты — империя. Оның алып та, шалып та жығатын күш-қуаты, ең алдымен, оның аппаратын басқарушылардың тап сондай деңгейде ойлап, сондай деңгейде әрекет ете алуына байланысты. Әйтпесе ол ұзаққа бармайды, күйрейді. Г.А.Потемкиннің О.Игельстромға: «Мынау Қара теңіз бен Азов беттегі шепте — мен өзім; Кавказдан Саратовқа дейінгі созылып жатқан ұлан-ғайыр аймақта — біздің Павлуша (Павел Сергеевич Потемкин. Г.А.Потемкиннің жақын туысы.1783 жылы Кахетия мен Картвелия ханы Ираклий ІІІ-ні Россияға бодан болуға сендіргені үшін, II Екатерина оны 1784-88 жылдар аралығында Кавказ, Саратов генерал-губернаторы етіп тағайындаган. Қ.Мұханбетқалиұлының түсініктемесі — автор); ал оған жалғас Уфа мен Симбирск әкімшілік аймағында — мына өзіңіз, Ваше превосходительство … Үшеуміз үш жерде тастабандап отырып алсақ, Россияның оңтүстік шекарасындағы шептер біржола шегенделгендей болар еді» деуі соның бір белгісі және ол О.Игельстромға қандай зор жауапкершіліктің жүктелгенін де көрсетеді. Оның «Бәсе, бүкіл мемлекет билігі тақ иесінің төсек жақындары мен төңірегінен шықпай жүргендерге ғана бөлініп берілсе, және олар — әлдебіреулер айтып жүргендей, әншейін пысықайлар ғана болса, осынша байтақ ел әлдеқашан-ақ ит жыртқан терідей боп талан-таражға түсіп, анталаған шет-жұрттардың бірінің тісінде, бірінің тырнағында ту-талақай болып кетпес пе еді? Жаһанның картасында бір өзі бір әлем болып, атан өгіздің терісіндей алапат орын алып жатқан алып Россияны ту-талақай қылмақ түгілі, оның шалғай шет-пұшпағынан иіскеп-тартуға шамалары келіп отыр ма олардың?! Қайта, ендігі жерде қолымызда бардан айырылып қалмасақ деп қалтырауда шығар. Соның бәрі кімнің арқасы? Әрине, ерлігімен де, еңбегімен де ел басқаруға лайық екенін танытқан орыстың ерен ұлдарының арқасы!» деп толғануы Россиядағы саяси элитаның қаншалықты айбынды екеніне сөз жоқ, иландырады. Автор мұны қым-қуыт оқиғалар қақтығыстары арқылы емес, империя тағдыры өз тағдырындай толғандыратын кесек тұлғалардың күрделі психологиялық болмысын мейлінше қарапайым, түсінікті адами әрекеттері арқылы, күнде қатар жүріп мінездері сыралғы болған дос-жарандарын суреттегендей, айызыңды қандыра сомдайды. Ал олар шындығында бодандағы халқына азаттық әперуді аңсаған С.Датұлы сияқты ұлт батырының және оның айналасындағы қалың шоғырдың ниеттесі емес, саясаттағы кеудемшіл қарсыласы. Езуші мен езілуші жақтың айламен де, күшпен де шарпысқан тағдыры оқырманды бір қыздырып, бір суытады. Осы психологиялық арпалыста автор өз жүрегі қалай ма, қаламай ма, соның ырқына құламайды, ақиқаттан айнымайды. Мемлекеттік Әскери Коллегия Президенті князь Потемкинді, жалпы империя тарихында елеулі орны бар Потемкиндер әулетін суреттей ме немесе «ұлы империяның мақсат-мұратына адал қызмет ету ниетінен басқаның бәрі — бекершілік» деп есептейтін граф Безбородканы сомдай ма, жоқ әлде Қырымды Россияға біржолата қосып алуды да біржайлы еткен бітімгерші Я. Булгаковтың қайраткерлік болмысына үңіле ме, тіпті әдебиет өкілдері, «Фелица» одасы үшін Екатерина ІІ-нің арнайы сыйлығына ие болған Г.Державин мен «Недоросль» атты пьесасымен-ақ атағы Петербургті дүрілдеткен Д.Фонвизин жайлы қалам тербей ме, бәрінің де ой-мүддесі империя қамы төңірегінде өрбиді. Және бәрі де жеке тағдырларымен шашылмай, О.Игельстромның образын жасауға қызмет етеді. Өйткені, отарлау саясаты роман тақырыбының алтын қазығы сияқты да, О.Игельстром романда сол саясатты жинақтаушы кейіпкерге ұқсайды.

Жалпы, «Тар кезең» — тарихи роман ғана емес, патшалық Россия сияқты алпауыт мемлекеттің бір кезеңдегі, яғни С.Датұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалыстың ең ширыққан, шешуші кезеңіндегі саяси портретін де жасаған роман. Нақ осындай портретті кезінде «Тоқсан үшінші жылында» француз жазушысы В.Гюго әлемдік классика деңгейіне көтерген болатын. Осы ретте «Тоқсан үшінші жыл» мен «Тар кезеңнің» ұқсас жайттары көп. Ең басты ұқсастық — ол азаттық үшін күрестің халықтық сипатының тереңдігі, кейіпкерлерінің алғаш рет таптық жіктелуді емес, демократиялық ұстанымды күрестің арқауы етуі. Біріншісінде 1789-1794 жылдардағы Ұлы Француз революциясының, кейін әлемдік дүмпуге ұласқан революцияның саяси тағылымдық реңі атойласа, екіншісінде қан қыздыратын оқиғалардың астарында майдандасып, атысып-шабысу емес, саяси арбасу, рухани қуаттың белдесіп, беттесуі алғы шепке шыққан. «Тоқсан үшінші жылда» жаңағы бірінші француз буржуазиялық революциясының аса ірі қайраткерлері Робеспьер Максимилианның, Дантон Жорждың, Марат Жан-Польдың қалың французға ағартушылық, рухани ықпалы романның алтын арқауындай өріліп отырады. Робеспьер, Дантон мен Марат шығарма сахнасына бір-ақ рет шығады, бірақ оқырман роман аяқталғанға дейін, сиқырланып қалғандай-ақ, солардың ықпалындағы револциялық рух бесігінде тербелумен болады. Өйткені «Қоғамды құтқару комитетінің» арнаулы бланкісінде: «Осымен Қоғамды құтқару комитетінің азамат Симурденді жағалаудағы армияның экспедициялық отрядының бастығы азамат Говэннің жанында құзырлы уәкілдігі бар комиссар етіп тағайындалатыны куәландырылады.

Робеспьер, Дантон, Марат.

28 маусым, 1793 жыл» деген жазу бар құжатты қабылдаған Симурден, «Тар кезеңдегі» О.Игельстромның өзге халықты бодан ету, Сырымның өзге халыққа бодан болмау сияқты бітіспес рухпен ауырған саяси кесек тұлға болатын. Ұлы мұратқа құлай берілген ол Говэннің есімін естігенде құп-қу болып, бозарып кетеді. Бір ғажабы, «Тоқсан үшінші жылда» да, «Тар кезеңде» де осы рух кейіпкерлерін басқа тіршілік бұралаңдарына бұрылтпайды, уысынан шығармайды.

Говэн республикаға берілген өжет және адал қолбасшы болатын: «…солдаттар өздерінің жас командирін қазір пышаққа салатынын көріп, шыдай алмады, тіпті соғыстың нелер сұмдығына еті үйреніп кеткен бұл адамдардың да жүрегі жарылып кете жаздады. Жан шошырлық бірдеңе — армияның аһ ұрғаны естілді. «Кешірім! Кешірім!» деген баршаның айғайы естілді. Кейбіреулер жүрелей құлап, кейбіреулер мылтықтарын лақтырып тастай, Симурден отырған мұнараның діңгегіне қолдарын жайды. Бір гренадер гильотинаға қарап: «Мұнда орынбасарын қабылдай ма? Мені алыңдар!» деп шыңғырып жіберді. Жабайы аң екеш аң да бұл өксіктен жаны елжіреп кетер еді немесе зәресі ұшып зыта жөнелер еді … мұнараның жоғары жағынан «Заң орындалсын» деп айғай салды. Бұл қайтпас-қайсар дауыс баршаға таныс болатын. Симурден сөзін айтты… Үш бұрышты пышақ орнынан қозғалып, әуелі ақырын, сонан соң тездете төмен зымырады. Жиіркенішті дыбыс естілді… Тап сол мезетте екінші бір дауыс шықты — балта соққысына тапанша даусы саңқ етіп жауап қатты. Симурден белбеуінен тапаншаны суырып алды да, Говэннің басы себетке домалап түскенде, өзінің жүрек тұсынан атып жіберді. Аузынан бұрқ етіп қан шықты. Ол жансыз құлап түсті»…

Саяси батыл да қатал ұстаным адами, ұстаздық құдірет алдында әлсіз болып шықты. Франция халқының көп бөлігін соңына ерте білген саяси күрес көсемдерінің бірі Лантенак қарттың да нақ осындай ерекше шешімге тәуекел етуі, яғни шиеттей үш жетімді құтқару үшін ғана король жауының қолына өз еркімен түсуі де осыған ұқсайды. Бұл не? Автордың образ жасаудағы бір тәсілі ме? Жоқ! Жоқ! Жоқ! Бітіспес саяси топтардың «Да здравстует нация!», «Да здравствует король!», «Диктатура!» деген ұрандар аясында «ешқандай аяушылық болмасын», «атылсын!» деген кекті дауыстары әлемдік тарихта («Всемирная литература», VІ т., 33- б.) нақты тарихи деректер түрінде айтылса, В.Гюгоның кейіпкерлері кезең ақиқатына ешқандай қылау келтірілмей, сонымен бірге осы саяси ұрандардың көркем образ түрінде бейнеленуі болатын. Қаламгердің шеберлігі, көрегендігі де осында еді.

Тарихи тақырыпты тануда Қ.Мұханбетқалиұлы В.Гюгомен бәсекелес емес және тақырыпты ашудағы қаламгерлік ұстанымдары да бір-біріне ұқсамайды. В.Гюгоның ұлы француз революциясының көркемдік бейнесін жасауда архив құжаттарын қалай ақтарғаны маған белгісіз, бірақ Қ.Мұханбетқалиұлының Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалысының тарихын сарылып зерттегені ешқандай дау тудырмайды. Оның бұл еңбегін «… осындай күрделі тақырыптардың азабын шегіп, шашы ағарған» Ә.Сарай былай суреттейді: «Қажығали Сырым туралы он мыңдаған қалың құжаттармен көп алысқан. Оның сол баттасқан құжаттардың жетегінде кетіп, батпаққа малтығуы да ғажап емес-ті. Онда біз қазіргі «Тар кезеңді» емес, мүлде басқа «Тар кезеңді» көрер едік. Қажығали Сырым туралы халықтық әпсана жолымен кетуі де мүмкін еді. Онда біз басқа Сырыммен ұшырасар едік. Қажығали бұл екі соқпақтың екеуіне де ат басын бұрмай, Сырым тарихын бейнелеуде өз жолын тапқан. Романның жаңалығы да осында.» («Егемен Қазақстан», 2017 жыл, 8 желтоқсан).

Әрине, Ә.Сарайдың «жетекте кетпеуді» мүлдем еркіндіктің синонимі ретінде алып отырмағаны белгілі. Әйтпесе, архив құжаттарымен арпалысудың да қажеті болмай қалар еді. Қажығали сондай арпалыстың нәтижесінде өзінің берік, көркем қаламгерлік ұстанымын шебер айқындап алған. Ресей ақсүйектерінің дәстүрлі амандасуларынан бастап, француз тілінде сөйлеу мәнеріне дейінгі толып жатқан империялық ақсүйектік атрибуттарды қатаң сақтауының өзі Қ.Мұханбетқалиұлының сол ізденісінің бір жемісі. Отарлау мен отарлану образы оқиғалардың шиеленісуі, қақтығыстар майданы арқылы емес, кейіпкерлердің рухани дүниесіндегі бірде ашық, бірде жасырын аласапыран күйде сомдалса, яғни оқиға желісінен гөрі сол оқиғаны тудыратын психикалық көңіл күй алғы шепке шықса және мұның бәрі жаңағы отаршылдық саясат илеуіндегі ақиқаттар аясында боямасыз суреттелсе, бұл да автордың архив құжаттарындағы деректерді қажымай-талмай салыстырып, керекті мен керексізді талғампаздықпен іріктей алуының көрінісі.

Виктор Гюго шығармасының дені диалогқа құрылған; шоқтай қаритын қып-қысқа диалогтар қанның исіне еті үйреніп, адам басын шапқанда да міз бақпайтын характерлердің өзінің үрейін ұшырып, қас қаққанша саналарынан зуылдап өтіп жатады. Ал монологтарында кейіпкерлерінің толғанысы жазушының жеке толғанысымен тұтасып кетеді. Мұндай тәсілді, шамасы, жазушы революциялық рух әсерін барынша терең және ауқымды сездіру үшін пайдаланса керек.

«Тар кезеңде» Қажығали диалогты Виктор Гюго сияқты қысқа құрмайды. Онда қазақтың сайын даласындай кеңдік басым, сөз орамдары ойлы, дәл айтумен бірге меңзеуге де ұласып кетіп отырады, ал Сырым және оның айналасындағы дана қарттардың, дала философтарының сөз саптастары мүлдем бөлек, таңдайларының тақылдауы емес, сөздерінің ішкі қуаты сиқырлап тастайды. Көкейлерінде қара бастың емес, елдің мұраты көлкілдеп тұр. Қалың қазақта хан да бар, батыр да бар, бас тігер жерде тайсалған да емес. Қара сөздің қаймағын ішкендері тағы бар. Сонда бұл қазақ аузындағысынан неге айырылып қала береді?! Қараман тана Малайсары бидің, ысық Қаратау мен шеркеш Тұрманбет бидің, кетенің Көккөзі мен алашаның Сыпыра биінің, басқа да қара халық аузына қараған от тілділердің сөздері сыртқы сұлулығымен емес, ішкі қуатының тереңдігімен таңғалдырады.

Сөз билердің аузынан шықты делінгенмен, оны қағазға түсіруші — қаламгер. Сондықтан қаламгер — Қажығалидың қазақтың мәйекті сөздерін зерттеудегі табандылығына және оның мәйегін қаламгерлік мұратына қалай шебер пайдалана білгеніне қайран қаласың. Осы ретте Сырымның шешендік қыры толық ашылмаған деген пікірмен келісу қиын. Жалпы, шешендік өнер қазақ ұлтының ұлттық рухани бренді ретінде мойындалғаны, азапты сан ғасырлар сүзгісінен өтіп, ұлттық бітімгершіліктің мінбесіне айналғаны анық. Алайда шешендік өнер, билер сөзінің құдіреті әлі де құпиялы өріс екені тағы шындық. Тіпті атақты үш бидің тарихи тұлғаға айналу сырын көркем бейнелеген кесек туындының осы күнге дейін тумауы осының дәлелі. Тіл батпайды, ой бойлатпайды. Екеуінің де зерттелуі толық емес. Шешендік өнерді зерттеуде бірізділік жоқ, ана би айтты дегенді екінші бір би қайталап жатады. Мысалы, Сырымға «Арқаң қара нардай жауыр болсын, мінезің қара жердей ауыр болсын. Өкпең жоқ — бауыр болсын. Сыртыңнан дүбір кетпесін, Құлағыңнан сыбыр кетпесін, Жасың алпысқа жетпесін» деп, бата берушіні зерттеушілердің біресе Малайсары биге, біресе Бөкен биге телуі — соның көрінісі. Би билігінің шынайы болмысын түп-тамырынан тартып, бүгінгі күнге жалғастыра таныту жәйі зерек оқырманды қанағаттандырмайды. Бұл — өз алдына үлкен проблема. Дегенмен, Сырым Датұлы және оның айналасындағы дала кемеңгерлерін — кейіпкер, олардың қоғам аласапыранындағы тарихи күресін тақырып етіп алғандықтан, жазушыға тек қаламгерлік талант қана емес, қоғамдық кең де терең ой өрісі ауадай қажет екені белгілі. Міне, осы ретте, өзі де Франция патриоты ретінде абсолютті монархияға, аристократияға, клерикализмге белсене қарсы шыққан, саяси көзқарасы үшін Отанынан қуылып, он тоғыз жылын шетелдерде өткізген, мемлекеттік құрылыстың қайраткер сыншысы В.Гюгоның қаламынан «Париж құдай-ана соборы», «Тоқсан үшінші жыл» сияқты өте күрделі тарихи туындылардың туғанына таңдануға да болмайды. Әрине, бұл үшін В.Гюгоның қоғамдық, мемлекеттік қайраткер болуы ең бірінші шарт емес, бірақ оның маңыздылығын да ешкім теріске шығара алмайды. Сол сияқты, Қ.Мұханбетқалиұлы да, республика деңгейіндегі әдеби газет-журналдарда қаламгерлік мектептен өтіп, республикамыздың ең жоғары билік

органдарында — белгілі бір деңгейде мемлекеттік те пікір қалыптастыратын, пікірлерді таразылуға мейлінше сергек қарауға тиісті саяси ортада шыңдалған қаламгер. Сырымның шешендігін бірінші кезекке қоймай, оның әр диалогы мен монологында сөз бен ой қатар ұшқындап, қатарласа жарқылдайтын ұлттық, мемлекеттік мүддені қайраткерлік биіктен толғауы Қажығалидың қоғамдық та, қаламгерлік те қайраткерлік бітімін айқындай түседі. Жазушы — ұлтының ұяты десек, тап жаңағыдай қасиет қашан да ауадай қажет. Сондықтан «Тоқсан үшінші жыл» әлем әдебиетінің алтын қорынан қалай нық орын алса, «Тар кезең» де қалың оқырманға сондай ыстық ықыласпен, сүйіспеншілікпен жол тартты-ау деп ойлаймын.

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button