Басты жаңалықтарЖастар

Ауылға баратын 45 жас маман 1 миллион 500 мың теңгенің сертификатына ие болды

Ақтөбе медициналық орталығында еңбек жолын ауылдан бастайтын 45 жас маман 1 миллион 500 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Салтанатты шарада  облыс әкімі жас мамандарды еңбек жолындағы алғашқы қадамдарымен құттықтады.

— Мемлекет тарапынан әлеуметтік саланың ішінде медицинаға жасалатын көмек ерекше. Материалдық базаны нығайтуға қыруар қаражат бөлінуде. Шалғай ауылдардан бастап облыс орталығында әртүрлі медициналық ғимараттар бой көтеріп жатыр. Әрине, материалдық жағдайды жақсартып, түрлі құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге болады. Бірақ оны іске асыру үшін білікті маман қажет. Бүгін сіздер 7-8 жыл оқып алған білімдеріңізді іс жүзінде қолданбақсыздар. Алғашқы еңбек жолдарыңызды ауылдан бастайсыздар. Бұл — өте құптарлық іс. Ел медицинасының дамуы сіздерге байланысты. Халықпен тығыз жұмыс жасап, қандай жағдай болмасын, науқас адамға жанашырлықпен қарасаңыздар, абырой-атаққа ие боласыздар. Халық бәрін біледі, байқайды. Жақсы маман қашанда елдің ықыласына ие болады. Ол үшін оқып, ізденіп, талпынып, әр ісіңе жауапкершілікпен қарау керек. Мемлекет қашанда жас мамандарды қолдайды. Жергілікті атқарушы билік те өз үлесін қосып жатыр. Биыл облыс әкімдігі — 30, қала әкімдігі 11 грант бөлді. Әлеуметтік жағдайы нашар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және көпбалалы отбасылардың балаларының оқуына мүмкіндіктер жасалды. Осындай қаморлықтың барлығы да жастар оқып, жақсы, білікті маман болып шықсын деген ниетпен жасалып жатыр, — деген облыс әкімі 45 жас маманға 1 миллион 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Сондай-ақ футболдан халықаралық турнирде 3-орынды иеленген ақтөбелік дәрігерлерді марапаттады. Команданың әр  мүшесіне 100 теңгенің сертификатын берді.

Сертификатқа ие болған жастар облыс басшысымен суретке түсіп, алғашқы еңбек жолындағы қуанышты сәтті ерекше қабылдады. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін  бітірген Айдана Нұрмұханова еңбек жолын өзі туып-өскен жерінен  бастамақ.

— Шалқар қаласындағы №5 орта мектепті бітірдім. Бала кезімнен дәрігер болсам деп армандайтынмын. Бүгін, міне, сол арманым орындалып, ауданда  алғашқы еңбек жолымды бастадым. Қазір емханада жалпы тәжірибелі дәрігер болып жұмыс жасаймын. Еңбекке араласқаныма бір ай болды. Жас маман болсам да еңбекақым — 150 мың теңге. Бүгін облыс әкімі 1 миллион 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Бұл — мен үшін үлкен көмек. Мемлекет бізге сеніп артып, осылай қолдау көрсетіп жатқанына дән ризамын. Бұндай қамқорлық менің еңбекке деген құлшынысымды арттырады, — деді Айдана. Ал университетті акушер-гинеколог мамандығы бойынша бітірген Нұрбол Жұмағалиев еңбек жолын өзінің туған жері Қандыағаш қаласынан бастапты.

Аудандық ауруханада жұмыс жасаймын. Жас маман болғандықтан маған барлық материалдық жағдай жасалып жатыр. Бір бөлмелі пәтер берді. Ал бүгін қомақты қаржыға ие болдым. Енді ауылда алаңсыз жұмыс жасаймын. Бізге сенім артып, қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне алғысымыз шексіз, — деді Нұрбол.

Ауылға аттанған жас дәрігерлер үш жыл сол жерде жұмыс жасайды. Салтанатты шарада жас мамандар Гиппократ антын қабылдады. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары ән айтып, би биледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button