Мереке

Облыс әкімі қарияларды құттықтады

1 қазан — Халықаралық қарттар күнінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, қариялардың жай-күйімен танысты. Қарттар күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысып, оларды мерекелерімен құттықтады.

Салтанатты шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі қоғамның дамуы қазыналы қарттарымызға жасалған жағдаймен өлшенетіндігін атап өтті.

— Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қарияларға барынша қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуда. Еліміздің болашағы жастар десек, қоғамның жеткен жетістігі қазыналы қарттарымызға жасалып жатқан жағдаймен өлшенеді. Оларды әлеуметтік жағынан қорғау — біздің міндетіміз. Сондықтан бүгін Халықаралық қарттар мерекесінде өздеріңізбен бірге болып, жағдайларыңызбен танысу үшін, сіздерге жасалып жатқан қамқорлықты көру үшін арнайы келдім, — деген Оңдасын Оразалин орталық тұрғындарын Қарттар күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық, ұзақ өмір тіледі. Сондай-ақ қарияларға барынша жағдай жасап, қасынан табылатын қызметкерлерге алғыс білдірді.

Бүгінгі таңда 225 қарияға әлеуметтік қызмет көрсетіп отырған мекемеге арнайы санитарлық автокөлік сыйға тартып, орталықтың қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген бірқатар қартқа Алғыс хаттар мен естелік-сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ бұл күні орталықтың барлық тұрғындарына облыс әкімінің атынан мерекелік сыйлықтар берілді.

Шара барысында облыс әкімінің алғысына ие болғандардың бірі Жанат Бекентаева барлық орталық тұрғындары атынан өздеріне жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыс білдірді.

Кеш қарияларға арналған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Бұдан соң өңір басшысы 1972 жылы іргетасы қаланып, бүгінгі таңда күрделі жөндеуді талап ететін орталықтың ішкі және сыртқы жағдайымен танысып, тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берді. Мекеменің кітапхана, асхана бөлмелерін аралап көрген ол қарияларға сапалы қызмет көрсетіліп, олардың бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін қолайлы жағдай жасалуы керектігін айтты.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button