Жаңалықтар

Жол-көлік оқиғаларының 99,9 пайызы жүргізушілердің  жауапсыздығынан болған

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.  Комиссия отырысына Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, сондай-ақ  облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты. Жиынға аудан әкімдері онлайн режимінде қосылды.

Жиын барысында жол қозғалысы қауіпсіздігі және көктемгі кезеңде автомобиль жолдары желісін қамтамасыз ету, мал ұрлығы, заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес мәселелері және құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі 2020-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасы талқыланды. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев жол қозғалысы қауіпсіздігі және көктемгі кезеңде автомобиль жолдары желісін қамтамасыз ету бойынша қабылданған іс-шаралар турасында баяндады.

Оның айтуынша, соңғы кездері облыс көлеміндегі жол-көлік оқиғаларының өршуіне автокөлік иелерінің жауапсыздығы мен көршілес мемлекеттерден кірген көлік иелері себепкер болып отыр.

Ағымдағы жылы облыста криминогендік жағдай тұрақты. Сегіз айдың қорытындысы бойынша қылмыстардың жалпы саны 18,5 пайызға төмендеді. Оның ішінде аса ауыр қылмыс 9,8 пайызға, ауыр және орташа қылмыстар деңгейі 23,7 пайызға, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру ісі 19 пайызға, ұрлық 24,7 пайызға, тонау 31,4 пайызға, бұзақылық 13,3 пайызға  төмендеп отыр.  Сол сияқты кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 17 пайызға төмендеді, — деген Қ.Әлиев өз сөзінде есепті мерзім қорытындысы бойынша маскүнемдіктің салдарынан, топпен жасалған және көше қылмыстарының саны да азайғанын тілге тиек етті.

Осылайша баяндамасын тәп-тәуір қазақ тілінде бастаған Қ.Әлиев облыс әкімінен сөзін әрмен қарай орыс тілінде жалғастыруын сұрағаны сол еді, Оңдасын Оразалин: «Бүгінше рұқсат, бірақ келешекте қазақ тілінде жеткізетіндей болыңыз», — деді.

Оның айтуынша, есепті мерзімде облыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отыздан астам жедел алдын алу шаралары өткізілген.

Негізінен барлық жол-көлік оқиғасының орын алуының ең басты себебі — жүргізушілердің тәртіпке бағынбауы. Жыл басынан біз 87 мың жол ережесін бұзу дерегін анықтадық. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға жоғары. Оның ішінде 15600-ден астам бұзушылық  жылдамдықты арттыру дерегі бойынша тіркеліп отыр. Талдау қорытындысы бойынша, жол-көлік оқиғаларының 99,9 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болған. Сондықтан өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының санымен қоса, жолда жарақаттанып, қайтыс болғандар саны да артып  отыр, — деді Қ.Әлиев.

Жыл басынан бері құқық қорғаушылар жол бойында көлікті мас күйінде жүргізу дерегіне  қатысты 1765 жағдайды анықтаған. Бұл сан да өткен жылдың көрсеткішінен әлдеқайда жоғары.

Сонымен қатар комиссия отырысында жол-көлік оқиғалары, қалааралық жол мәселесі, қала ішіндегі бағдаршам, жұмыс жасамай тұрған бейнебақылау қондырғылары, жол сызықтары мәселелері де назардан тыс қалмады.

Қ.Әлиевтің айтуынша, қазіргі таңда облысқа сырттан кірген 13 мыңнан астам көлік қана  тіркеуге алынған. Тіркелмей жүргендері әлі де баршылық. Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай көліктердің иелері жол ережелерін бұзғанмен,  олар жауапкершілікке тартылмай отыр.

Бүгінде құқық қорғау органдарындағылар ұрланған мүлікті сатып алу, өткізу деректерінің жолын кесу бойынша жүйелі және жоспарлы жұмыстар жүргізбеген. Тіркелген 18 деректің үшеуі ғана сотқа жолданған. Әсіресе, Ақтөбе қаласы мен  Қарғалы, Хромтау, Қобда, Шалқар, Алға, Темір, Ойыл, Ырғыз, Мәртөк сияқты  аудандарда бұл бағытта іс уақтылы атқарылмаған.

«Халықпен кездескен уақытта жергілікті тұрғындар ең бірінші  мал ұрлығына қатысты проблеманы көтереді», — деген Оңдасын Оразалин бұл бағытта қандай шаралардың қолға алынып жатқаны турасында сұрады.

Қ.Әлиевтің айтуынша, есепті кезеңде мал ұрлығына қатысты көрсеткіш төмендеген. Алайда Алға, Шалқар, Қобда, Хромтау және Ырғыз аудандарында қылмыстың бұл түрінің өскені байқалады.

Өздеріңіз де көріп, байқап  отырған боларсыздар. Облысымызда орын алып жатқан түрлі жағдайларға байланысты олардың алдын алу шараларын жүргізіп, күнделікті қатаң бақылауға алуымыз қажет. Бұл — билік пен қоғам болып бірігіп күресетін мәселе. Ауданаралық жолдардың бойында түнгі мезгілде өз бетімен жайылып жүретін малды жиі көріп жүрміз. Мал ұрлығының алдын алу және оны болдырмау бірінші кезекте мал  иелерінің өзіне  тікелей байланысты. Сонымен қатар қала ішіндегі болып жатқан оқыс жағдайларды бейнебақылау камералары арқылы бақылап, алынған мәліметтерді жұмысқа тиімді пайдалану керек. Көліктің жылдамдығын арттырып, қала ішіндегі жол-көлік оқиғаларын туындататын азаматтарды тәртіптік жауапкершілікке тарту қажет, — деген Оңдасын Оразалин осы  салаға жауапты басшыларға нақты тапсырма берді.
Жыл басынан бері 698 қалта ұрлығы тіркелгенімен, құқық қорғаушылар тек 44 істі ғана сотқа жіберген, ал 55-і ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылған.
Комиссия отырысында аймақ басшысы жиында көтерілген проблемаларды  тыңдай келе, салаға жауапты өзінің орынбасарына және мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қала, аудан әкімдеріне аталған мәселелерді қатаң бақылауға алып, тез арада шешімін табу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button