Жаңалықтар

Қарттарым, аман-сау жүрші!

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде Халықаралық қарттар және ұрпақтар ынтымақтастығы күніне орай «Даналықтың ақ туын биік еткен қарттарым!» атты мерекелік кеш өтті.

Шараға тыл және еңбек ардагерлері, әртүрлі салада қызмет еткен 300-ге жуық зейнеткер қатысты.

Алғашқы құттықтау сөзді Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегенов сөйлеп, қарияларға жылы лебізін білдірді.

— «Қарты бар үйдің — қазынасы бар» демекші, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету — ата-бабаларымыздан келе жатқан салтымыз. Олардың  ерен еңбегі, өмір жолы — өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Қазыналы қарттарымызды бүгінгі Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! — деді ол.

Қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік кештің көркін келтіріп, ән мен биден шашу шашты.

Бүгінгі шарада қарттарымызды ұлықтап, оларға жылы ілтипат білдіріп жатыр. Мұндай жүздесулер олар үшін өте маңызды. Өйткені осындай шараларда қариялар бір-бірімен шүйіркелесіп, бір сәтке сырқаттарын ұмытады. Сондай-ақ жастарымыз да үлкенді сыйлау, құрметтеу секілді қасиеттерді тереңірек ұғынады, — дейді Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин.

Айта кетейік, бүгінде қалада 48 мыңнан астам қария бар.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button