Рухани жаңғыру

Тіл — біздің тұтастығымыз

Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық  мақаласын жүзеге асыру мақсатында,  Қазақстан халқы тілдері күніне орай облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының ұйымдастыруымен «Тіл — біздің тұтастығымыз» атты танымдық кеш өтті.

Шара барысында «Тіл тұтастығы — ел тұтастығы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оқырмандар сұрақтарға жауап беріп, әндер шырқады.

Іргетасы 1952 жылы қаланған кітапхана облыстағы зағип жандарға және  аудан тұрғындары мен мектеп оқушыларына қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі таңда  кітапханада 40 мыңнан астам кітап қоры және 1250-ге жуық оқырман бар. Жылына миллион теңгеге жуық қаражатқа кітап аламыз. Оның ішінде дыбыстандырылған әдебиеттер де бар.

Арнаулы зағиптар кітапханасы көптеген республикалық, облыстық байқауларға және халықаралық шараларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Зағип жандар кез-келген қаладағы шараға бара алмайды. Олар осы жерге келіп, өзара шүйіркелесіп, уақыт өткізеді, — дейді кітапхана директоры Гүлстан Хамзина.

Кітапханада мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуге барлық жағдай қарастырылған. Мұндағы зағип жандар қазір компьютерлерді де меңгеруде. Ол үшін арнайы шетелдік бағдарламалар орнатылған. Сканерге ұқсас «Sara» оқу машинасына кітапты салсаң, ішіндегі мәтінді оқып бермек.
Айта кетейік, биыл кітапхананың 50 жылдығына орай «Ерекше оқырман кітапханашысы» атты байқау жарияланған. Қазан айында мерейтойға байланысты көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button