Спорт

VII Қысқы Азия ойындары

Тұмар — IRBY (ИРБИ) қар барысы

2011 жылғы қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалаларында өтетін VII қысқы Азия ойындарының тұмары болып Қазақстанның қазіргі заманғы бедерлі бейнелерінің бірі — қар барысы таңдап алынды. Бұл аң төресі әртүрлі әлем елдерінің көптеген мәдени дәстүрлерінде күш-қуат пен бостандықты білдіреді. Еліміздің 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясында Қазақстан «секіруге дайындалып тұрған жас барыс» ретінде сипатталады.

Қазақстандық барысқа батылдық, тәуелсіздік, икемділік және айбындылық тән. VII қысқы Азия ойындарының тұмарын әзірлеген Тигран Туниянцтің пікірінше, «Қазіргі әлемдік кеңістікте Қазақстан азиялық барыстың кейпінде көрінеді. Мінезінің ішкі сипаттамасы бойынша бұл жыртқыш олимпиада девиздеріне, дәстүрлеріне өте жақын….».

2011 жылғы қысқы Азия ойындарының тұмары атағы үшін тартысқа түскен үміткерлер арасында қар барысынан басқа, түлкі, арқар және елік сияқты аңдар да болды. Алайда, сарапшы қазылардың пікірінше, қар барысының айтарлықтай артықшылықтары бар.

Біріншіден, қазіргі заманғы ақпараттық кеңістікте қар барысы тәуелсіз Қазақстанның қуаты мен айбынын бейнелейтін негізгі нышандардың бірі болып қалыптасты. Тұмардың ең басты міндеттерінің бірі – Ойын өтетін жердің бірегей рухын бейнелеу болып табылады.

Екіншіден, тұмар Азиаданың жалпы фирмалық стилінің бір бөлігі болып табылады және барлық көрнекі материалдарда жалпы мазмұнмен үйлесіп тұруы керек.

Үшіншіден, тұмар қазіргі заманғы олимпиадалық қозғалыстың құндылықтарын тікелей көрсетуі тиіс, ал қар барысы нағыз олимпиадашының негізгі қасиеттерін бойына жинақтаған, оның бойында күш те, батылдық та, төзімділік те, қайырымдылық та бар.

Төртіншіден, қазіргі әлемде спорттық тұмар міндетті түрде өз халқының дәстүрлерін, оның тарихын және маңызды мәдени ерекшеліктерін көрсетуі тиіс. Барыс бұл арада көп қырлы, мағыналы символ ретінде орын алып тұр. Зооморфтық бейнелердің ежелден көшпелі өркениет мәдениетінде әлемнің үлгісін көрсету құралы ретінде қызмет еткені белгілі.

Бесіншіден, сақтардың мифологиялық елестетулерінде барыс әділдікті қорғаушы болып табылады, яғни ол жоғары төреші ретінде болып жатқан көріністерге жоғарыдан көз салатын. Сондай-ақ барыс Өмір ағашының шынайы қорғаушысы ретінде қызмет етеді. Осылайша ғарыш әлемін тәртіпке келтірудің қорғаны, әлем тұрақтылығының кепілі болуы арқылы олимпиадалық қозғалыстың негізгі идеяларымен үйлеседі.

Батыл, епті әрі төзімді ИРБИ үшін – қар оның туған стихиясы, ал спорт – өмір салты. Мықты, әдемі, қуатты барыс достықты ұнатады әрі қозғалыссыз қалған өмірін мәнсіз деп санайды.

Қысқы Азиада-2011 нышанының пайда болуы мына аңызбен ұштасады: «Биік тауда ИРБИ деген қар барысы өмір сүріпті. Оның ептілігіне, күші мен төзімділігіне ештеңе тең келмейді. Ол қардың үстінде айнала жүгіргенді, шатқалдардан секіргенді және бір орында тұрмау үшін үнемі өзіне ермек ойлап тауып отырады. Бірақ, өкінішке орай, биік тауда онымен ойнайтын ешкім болмады, онда тек үркек арқарлар мен тәкаппар қырандар ғана өмір сүрді. Ал ИРБИ достарының көп болғанын қалады. Бір күні ол өзі өмір сүріп жатқан елдің екі үлкен қаласы – Астана мен Алматы қалаларында Қысқы Азия ойындары деп аталатын үлкен мереке болатынын, оған әртүрлі елден қар барысындай мықты, күшті және төзімді адамдардың жиналатынын естіді. «Міне, мен солардың арасынан өзіме айнымас дос табамын» деп қуанған ИРБИ, жолға шықты».

Тұмарға ат қою барысында сол кейіпкерге сай, басқа тілде атаған кезде жеңіл әрі түсінікті болуы керек. Оның сыртқы кейпін көркемдеу кезіндегі тағы бір маңызды аспектілерінің бірі барысты адамға тән қасиеттермен сипаттау болды. Баланікіндей денесі, үлкен басы, жымиғаны, адамға ұқсас көрермендерге бағытталған көзқарасы, қысқартып, еркелетіп айтқан аты –  бәрі-бәрі тұмарды барлық жастағы адамдарға сүйкімді етіп көрсетеді.

Осыған байланысты, қар барысының бәріне белгілі халықаралық атауларының бірі «Ирбисті» пайдалану туралы шешім қабылданды. Кейін оны қысқартып, еркелетіп ИРБИ (латынша – IRBI) деп атап кетті.

«Ирбис» атауының түп-төркінін орыстың тері сататын көпестері XVII ғасырда Азия аңшыларынан қабылдағанын атап өткен жөн. Жетісуда ол «ильберс» деп аталса, Алматының шығысында Қытаймен шектесетін аудандарда «ирвиз» делінеді. Түркі тілінен аударғанда ирбиз «қар мысығы» дегенді білдіреді. XVIII ғасырда Сібірде, кейін Жетісу мен Орта Азияда қабыланды атаған «барыс» сөзін ірбіске де қолдана бастады.

IRBY атауы жақсы, көңілді, жарқын, қауіпсіз деген сөздермен сипатталады. Бұл атаулар кейіпкердің қызықты мінезін ашуға сай келеді әрі оған оң көзқарастың болуына кепілдік береді.

Логотип

Қысқы Азия ойындарының логотипі (эмблемасы) олимпиадалық спорттық қозғалыс идеясын және Азия ойындары өтетін елдің ерекшелігін көрсетуі тиіс. Мемлекет, яғни Азиаданың ұйымдастырушысы логотип жасайды да, кейін оны Азия Олимпиадалық кеңесі бекітеді. Барлық Азия елдері эмблемасының ажырамас элементі жоғарыдан жарқырап тұрған күн сәулесі болып табылады.

2007 жылы Қазақстанда 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының ресми логотипін таңдауға байқау жарияланды. Байқауға барлығы 50-ден астам жұмыс қатысып, 10 жоба мәреге жетті. Байқау қорытындысы бойынша Тигран Туниянц бастаған дизайншылардың шығармашылық тобы дайындаған жоба жеңіске жетті. Бұған дейін бұл ұжым, Пекин қаласындағы Олимпиада ойындарынан бұрын, Алматыда өткен Олимпиада алауының эстафетасын өткізу стилистикасы мен ресімдеуді әзірлеген болатын.

Жобаның жетекшісі Тигран Туниянц: Көптеген жобалардың нобайын қоспағанда, бұған дейін біз дайындаған 20 жобадан осыны таңдап алдық. Онда негізгі төрт түс бар: меруерт түстес, көгілдір ақық түстес, лағыл түстес және алтын түстес. Азия ойындарының эмблемасында түстердің түрлерін көбірек қолдану тәжірибесі кездеспейді.

Мәселен, Сочиде өтетін Қысқы Олимпиада ойындары логотипінің түсі Ресейдің үш негізгі түсіне сәйкес келеді, олар – ақ, көк және қызыл. «Солт Лейк Сити – 2002» эмблемасы сары, қызыл сары және көк түстерге боялған қар ұшқынының бейнесінде болды. Бұл үш түс 2002 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары өткен Юта штатының пейзажына тән.

VII қысқы Азия ойындарының логотипі сызба түрінде көшпелі арбаның доңғалағын көз алдыңызға елестетеді. Геральдикалық өнерде доңғалақ кеңістікте де, уақытта да мәңгілік қозғалыстың символы ретінде қызмет атқарады. Ұдайы даму идеяларының бейнесі болғандықтан, логотип өмірдің жасампаз динамизмі бейнесінің эмблемасы болып табылады. Доңғалақ символы шеңбер нышанына жақын келеді, ертедегі наным-сенім бойынша Жерді айналып жүрген Күн құдайының айналысы идеясын білдіреді. Бұл ретте, логотип берекелі өмір сыйлайтын қуат көзі дегенге саяды.

VII қысқы Азия ойындарының эмблемасы бірінің үстіне бірі қойылған үш түстен тұрады. Дайын нұсқасында ақ кристалл түрінде және фондағы суреті сары түсте пайдаланылады. Мағынасы жағынан қайырымды, бірақ суық көк түс пен көзге ұнамды қызыл түстің қарама-қарсылығы есебінен «желіктіргіш» әсерді күшейтеді. Түстер шұғыласының (суық көк түс пен көзге ұнамды қызыл түстің қарама-қарсы үйлесуі) өз мағынасы бар, ол көңіл күйдің көтерілуіне әсер етеді.

Мәселен, көк түс еркіндік пен шексіз мүмкіндіктердің кеңдігін білдіреді, сондай-ақ спорттың шоғырланған әрі бір мақсатқа бағытталған аспектілерін қамтиды. Қызыл түс жеңіске деген жігерді, спорттық қызбалықты және жарыстардың алауын бейнелейді. Осы екі түс үйлесе келе, көк мұз бен қып-қызыл жалынның ұштасқан идеясын береді. Бұл жарқын спорттық оқиғаны елестетін қысқы Азиаданың рухын көрсетеді.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button