Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Бақытжан Қаратаевтың құлпытасы оқылды

Биылғы жазда біздің өңірге, көне құлпытастар мен олардағы араб графикасымен жазылған мәтіндерді зерттеу үшін, Алматыдағы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары келген еді.

Зерттеушілер өз жұмыстарын Ақтөбенің Сүт зауыты ауданы маңындағы қорымнан бастады, соның ішінде, ең алдымен, ХХ ғасыр басындағы ірі қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың зиратына қойылған құлпытас мәтіні оқылды.

Қазақстан аумағында Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, яғни 900 жыл бойы араб графикасына негізделген әліпби қолданылғаны тарихтан белгілі. 1929 жылы қазақ әліпбиі — латын қарпіне, ал 1940 жылы кирилл қарпіне ауыстырылды. Алайда, зерттеушілердің айтуынша, құлпытастарға араб қарпімен жазуды қазақтар ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жалғастыра берген.

Араб графикасына негізделген әліпбиден қол үзген кейінгі ұрпақ көне құлпытастардағы жазуларды түсінбей келді. Бұл мәтіндер бізге араб тілін оқыған мамандардың көмегімен тек соңғы жылдары ғана белгілі бола бастады. Соның арқасында арғы аталарының қай жерде жерленгенін тауып алып жатқандар қарасы да баршылық.

Ал Бақытжан Қаратаевқа оралсақ, бір жақсысы, оның зираты сонау Кеңес заманында-ақ тарихи ескерткіш ретінде қорғауға алынған. Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының ұсынған мәліметтері бойынша, оның құжаты 1976 жылы әзірленіп, тіркеуге алынған. «Ескерткіштің маңызы» деген тұсқа: «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитет мүшесінің бейіті» деп жазылыпты. Сондай-ақ, Бақытжан Қаратаев туралы дерекке оның 1919 жылдан большевик екені, ІІ Мемлекеттік Думаға депутат болғаны, Лениннен мандат алып, сол арқылы 1917-1919 жылдары Оралдағы ақ гвардияшыларға қарсы күреске белсене атсалысқаны жазылған. Ал құлпытасындағы жазуды «орыс және араб тілдерінде» деп көрсетіпті. Әрине, қазақтарда жазу-сызу болмаған деген жалған түсінікті кеңінен таратқан Кеңес билігі араб қарпімен түсірілген мәтіннің қазақша екенін жеткізуді жөн көрмесі анық.

Бақытжан Қаратаев 1934 жылдың тамыз айында Ақтөбеде қайтыс болған. Яғни оның құлпытасындағы мәтін арада 85 жыл өткеннен кейін оқылып, қалың көпшілікке жеткізіліп отыр. Құлпытастың алдыңғы беті ғана емес, оң, сол жақ қапталдарында да жазулар бар. Бұл мәтіндерді Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Бағдат Дүйсенов оқыды.

Біз оқырманға мәтіндерді маманның қағазға түсірген қалпында жеткізгенді жөн көрдік. Алдыңғы жағында: «Бақытжан Бисалыұлы Қаратай немересі1860 жылы Гурьев қаласында туған. 1934 жылы 25 август Ақтөбеде опат. 1918 жылы большевиктер үшін атты казактың түрмесінде 9 ай тұтқында болған.Қызыл әскер Чапай ұлының отряды босатып алған. Сол жылы Бақытжан қызыл әскерлікке жазылып, қазақ жастарын ұйымдастырып, ақтармен күрескен», — деп жазылыпты. Сол бетінде осының жалғасы іспетті: «Соғыста жақсы қызметі үшін Лениннің сый грамотасы бар. Өзінің қолын қойып берген, 7374 санды, 1919 жылы», — деген жазу бар. Ал оң жағында тас қоюшылар туралы дерек қалыпты: «Тас қоюшылар әйелі Саржан, баласы Шәміл, қызы Сая, Зейнеп».

Бұл деректерден екі нәрсеге назар аударғымыз келеді: біріншіден, деректе Бақытжан Бисалыұлы болып қалғанымен, Бисәлі (кей деректерде — Басеғали) — оның әкесі емес, атасы. Мұны кезінде Бақытжан Қаратаевтың немересі Жәрдемнің зайыбы — Бибіажар Бақытжановадан есіткен едік. Марқұм Бибіажар апайдың таратуынша, Қаратайдан — Бисәлі, Бисәліден — Дәулетжан, Дәулетжаннан Бақытжан туған. Бақытжанды атасы бауырына басып, кейін құжатта сол кісінің атағына жазылып кеткен.

Қаратай — Әбілқайыр ханның немересі. Тарих ғылымдарының кандидаты Самат Өтениязов жуырда ғана біздің газетімізде жарық көрген «Әбілқайыр мен Бопай және олардың ұрпақтары» атты мақаласында Әбілқайыр қаза тапқаннан кейін, оның орнына хан сайланған үлкен ұлы Нұралының 75 баласы, соның ішінде 40 ұлы болғанын жазған еді. Сол ұлдарының 36-сының есімі тарихи деректерде қалған екен. Олардың бірі — Қаратай төре. Яғни Әбілқайыр ханнан тарқатып, толықтырар болсақ: Әбілқайыр — Нұралы — Қаратай — Бисәлі — Дәулетжан — Бақытжан.

Екіншіден, көп деректерде Бақытжан Қаратаевтың туған жері Батыс Қазақстан облысы болып көрсетілсе, ал құлпытасында Гурьев қаласы деп жазылыпты.

Осы қорымда Бақытжан Қаратаевтың небәрі 4 жасында дүниеден өткен немересі Ескендірге қойылған құлпытас та тұр. Оның оң жақ бетіндегі жазуды Бағдат Дүйсеновтің оқуында жеткізсек: «Бұл құлпытасты қоюшылар бабасы Бақытжан Бисалыұлы һәм үлкен шешесі Саржан Бәйменқызы Қаратаевтар» — делінген.

Ескендір — Бақытжан Қаратаевтың өзі үлкен үміт күткен ұлы Шәмілдің баласы екен. Ол 1927 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.

Деректер бойынша, дүрбелеңге толы төңкеріс жылдарында Бақытжан мен оныңортаншы баласы Шәміл большевиктер жағында, ал тағы бір ұлы Мұрат Алашорда партиясы қатарында болған. Мұрат Батыс Алашорда милициясы сапында Азамат соғысына қатысып, қаза тапқан. Ал Бақытжан Қаратаев, құлпытасындағы мәтіндеайтылғандай, большевиктер жағында болып, тұтқынға түскенмен, кейіннен кеңестік тарихшылар оған түрмеде басқалар өліп жатқанда, аман қалды деп кінә қоюға тырысқан. Атап айтқанда, 1979 жылы зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов Лениннің өзіненмандат алған, Қазақ АКСР-ін құруға атсалысқан қайраткердің неге тарихтан лайықты бағасын алмайтыны, дәріптелмейтіні жөнінде мәселе көтерген.Міне, осыған байланыстыҚазақстан компартиясы орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институты тарапынан берілген жауапта: «1918 жылғы 29 марттағы ақ казактар төңкерісі кезінде атқару комитетінің басқа мүшелерімен бірге тұтқындалып, 1919 жылғы қаңтарға дейін түрмеде болды. Тұтқынға алынғандардың көпшілігі атылып кетті, бірақ ол тірі қалды», — дейді. Бақытжан Қаратаев компартиямен өзінің көзі тірісінде-ақ ат құйрығын үзіскенін оның өмірбаянынан білеміз. Бірақ мұның себептері толық ашылып болған жоқ…

Бақытжан Қаратаевтың өмірінің соңғы жылдарында Ақтөбе қаласында тұрғаны, адвокаттық қызметпен шұғылданғаны және қазақ тарихына қатысты зерттеу жазумен айналысқаны белгілі. Ол 1925 жылдан — Ақтөбе губерниялық қорғаушылар (адвокаттар) коллегиясының мүшесі, ал 1927 жылдың күзінде оның төрағасы болды.

Бақытжан Қаратаевтың «Қазақ өлкесінің отарлануы. Орынбор өлкесі қазақтарының 1869 жыл мен 1870 жыл басындағы көтерілісіне байланысты тарихи материалдар шолуы» атты еңбегі — кейінгі көптеген зерттеушілерге көп азық болған, олардың жүгін жеңілдеткен дүние. Бұл қолжазба еңбек Бақытжан Қаратаевтың өзі дүниеден өткеннен кейін, 1935 жылы Саржан Қаратаевадан 400 сомға сатып алыныпты. Табыстаушының мекенжайы: Ақтөбе қаласы, Комсомол көшесі, 35-үй деп көрсетілген.

Бақытжан Қаратаевтың баласы Шәміл 1937 жылдың зұлматына ұшырап, ату жазасына кесілген. Ал тағы бір ұлы Ғаббастан тараған немерелері — Жәрдем мен Фердоуси Ырғыздағы жетімдер үйінде өскен.

2020 жылы Бақытжан Қаратаевтың туғанына 160 жыл толмақ. Өмірінің соңына дейін халқына тынымсыз қызмет еткен осындай үлкен тұлғаның Ақтөбе топырағында із қалдырып, өлке тарихының бір бөлшегіне айналуы — біз үшін зор мақтаныш.

Өкінішке қарай, біз оның есімін, елге сіңірген еңбегін лайықты түрде насихаттап, әсіресе, жас ұрпаққа өнеге етіп, облыс орталығында тұрған зиратын бүкіл қазақ тәу етер қасиетті орынға айналдыра алмай келеміз. Алдағы мерейтой тұсында осы олқылықтың орнын толтыру бағытындағы жұмыстар қолға алынса дейміз.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button