Ауыл

Мың жылқысы бар Мұрат

Ақкөл селолық округіндегі «Қонысбай» шаруа қожалығы бүгінде асылтұқымды мұғалжар жылқысын өсіреді. Қазір қожалықта мыңға жуық жылқы бар. Ал биыл шаруашылық Қостанай облысынан асылтұқымды 300 ірі қара малын әкелмек.

Шаруашылық басшысы Мұрат Сатмағанбетов бұрынғыАлматы халық шаруашылығы институтын «ауыл шаруашылығын жоспарлау» мамандығы бойыншабітірген. Ауданда ауыл шаруашылығы саласында көп жыл еңбек еткен ол бүгінде зейнеткерлікке шыққан. Малдың жайын жақсы білетін қожалық басшысы бүгінгі күні өзі туып-өскен ауылынан шаруашылық ашып, асылтұқымды жылқы санын көбейтуде.

— 2000 жылдары Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданынан 2 мың бас еділбай асылтұқымды қойын әкеліп, өсірген болатынбыз. Алайда бірнеше жылдан кейін қуаңшылық болып, соның салдарынан қой шаруашылығын дамыта алмадық. Одан кейін Ақкөл ауылынан жер алып, 2006 жылы «Қонысбай» шаруа қожалығын аштық. Жергілікті асылтұқымды мұғалжар жылқысын алып өсіріп, бүгінде оның саны мыңға жетті. Биылғы жылы жылқы өсірумен қатар қазақтың ақбас сиыр тұқымын көбейту мақсатында мемлекеттен несие алып, Қостанай облысынан 300 бас ірі қара әкелгелі отырмыз. Қазіргі таңда ауыл маңынан жалпы аумағы 8,5 гектар болатын мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салып жатырмыз. Сонымен қатар баз аумағында екі қыстау, мал тұратын қораның да құрылысы жүріп жатыр, — дейді ол.

Мұрат Сатмағанбетов биыл аграрлық несие корпорациясы арқылы ірі қара сатып алуға 86 млн теңге, қожалықты жаңа техникамен қамтамасыз ету үшінаудандағы несие серіктестігі арқылы 40 млн теңге несие алған. Бүгінде қожалықта «МТЗ-82», «МТЗ-892» маркалы екі трактор, екі шөптиегіш техника, 3 тіркеме, бір тележка бар. Сондай-ақ шаруа жер қазып, көң тазалайтын, қыста қар тазартатын үлкен жүктиегіш техника да сатып алған.

Қожалық басшысының айтуынша, шаруашылықта6 жылқышы, 2 малшы, 2 аспазшы, 2 күзетші, сондай-ақ 4 механизатор жұмыс жасайды. Қазір шөп шабу науқаны кезінде механизаторлар қызу еңбек етуде. Бүгінге дейін қожалыққа 2,5 мың бума шөп түсірген.

Қожалықта жалпы аумағы 9 мың гектар жайылымдық және шалғындық жер бар. Салқын түскенше қысқы мал азығын дайындап, бордақылау алаңының құрылысын аяқтауымыз қажет. Биыл Ақкөл ауылына көгілдір отын келіп жатыр, алдағы уақытта ауызсу да тартылады. Малға, шаруашылыққа су қажет болған соң ұңғыманың әр метрін 40 мың теңгеге қаздырдық. Негізі қожалық ауылдан бір шақырым жерде орналасқан. Сондықтан елге ауызсу келсе, бізге де тиімді болады деп есептеген едік. Алайда әлі күнге дейін қожалығымызға жарық та, көгілдір отын да келмей отыр. Осы мәселелерді шешуге аудан басшылығы көмектессе деген тілегіміз бар. Бүгінгі күні Ақкөл ауылы көркейіп, елдегі халықтың хал-жағдайы жақсарып келеді. Елді мекеннің болашағы зор. Қазіргі таңда ауылда орта мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, клуб, саябақ, кітапхана бар. Ауыл арасындағы жолдар да жөнделіп, жолаушылар қатынасы да жақсарып келеді. Сондықтан мен туған жерімді қайта түлету, оның көркеюіне, дамуына үлесімді қосу үшін елге қайта көшіп жатырмын, — дейді М.Сатмағанбетов.

Оның айтуынша, бүгінде Ақкөл ауылында 130-дан астам түтін бар. Елді мекендегі жастардың дені жеке кәсіппен айналысады. Сондықтан ол ортаншы ұлы Асыланбекті шаруашылыққа үйретіп жүр.

Елбасы ауылдардың әлеуетін көтеру, елді мекендерді дамыту мақсатында «Ауыл — ел бесігі» жобасын ұсынған болатын. Осы жоба аясында болашағы бар ауылдар алдағы уақытта дамып, әлеуеті зор елді мекендерге айналады. Бұл бағытта біз де өз үлесімді қосқымыз келеді. Болашақта «Ақкөл-Агро» аталатын үлкен жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып, ауылда қой шаруашылығын дамытып, бау-бақша өсіріп, ет бағытындағы ірі қара санын көбейту жоспарымызда бар, — дейді шаруа.

Айта кету керек, отбасында үш ұл өсіріп, тәрбиелеп отырған кәсіпкер балаларына атакәсіпті дамытуда өзі үлгі көрсетіп, қажырлы еңбек етуде. Оның үлкен ұлы Нұрбек бүгінде «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде білім алып жүрсе, ортаншы ұлы Асыланбек шаруашылықты дамытуға үлес қосуда. Ал үйдің кенжесі Кенесары Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде оқиды.

Р.S. Өткен жылы Мұрат Сатмағанбетов өз қаржысына ауыл балаларына арнап жалпы мөлшері 800 мың теңгеге хоккей кордын салып берген. Ауылды көркейтуге өз үлесін қосқысы келетін кәсіпкер алдағы уақытта мектеп оқушыларына спорт алаңын тарту етпек. Туған жерін ерекше құрметтейтін кәсіпкердің болашақ жоспары көп, халыққа қызмет етсем деген ілгері тілегі бар.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button