Тарих

Бұқарада білім алған жан еді…

Он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында патша үкіметі қазақ даласын күштеп шоқындыруға белсене кірісті. Ислам дінін әлсірете отырып, үкімет тарапынан ел арасындағы молдалар қызметіне қатаң талап қойыла бастады. Тіпті ислам діні қызметкерлерінің құқықтарын шектейтін құжаттар да қабылданды. Алайда қазақ даласында патша үкіметінің бұл талабына қарсылық күшті еді. Түркі-мұсылман халықтарының рухани өміріне жасалған бұл отарлық шабуылға қарсы тарихта «мұсылмандық қозғалыс» деген атпен енген күрес басталды. Патшалық биліктің әр болысқа біреуден артық мешіт салуға тыйым салғанына қарамастан, имандылық үйлері жасырын салынып жатты. Бүкілресейлік мұсылмандар съездері өткізіліп, отаршылдық саясатқа қарсы шаралар жүргізілді.

1917 жылы мұсылман халқының мақсат-мүддесін қорғауға ұмтылған Түркістан автономиясы құрылды. Қазақ даласында дінсіздендіру, отарлау саясатына қарсы шыққан, ұлттық ерекшеліктерімізді, ұлттық болмысымызды сақтап қалуға тырысқан сол кездегі қазақ зиялылары күресінің халқымыздың ұлт-азаттық тарихында өзіндік орны бар екені айқын. Түркістан автономиясы құлағаннан кейін де жалғасқан бұл рухани азаттық үшін күреске қазақ даласының әр түкпіріндегі діни қайраткерлер де өз үлесін қосты.

Қазақ даласының бір бөлігі —  Қобда ауданында діни сауаты, соған сай діни лауазымдары да әртүрлі азаматтар ғұмыр кешкен. Солардың бірі — 1886-1974 жылдары өмір сүрген Кәрімберген Сарқұлұлы. Кезінде атқарған еңбегіне, діни сауатына сай хазірет лауазамына ие болған Кәрімберген Сарқұлұлы туралы деректер жоқтың қасы. Себебі сонау жаппай қуғын-сүргін жылдары орыстандыру, яки отарлау саясатына қарсы шыққан қазақ зиялылары туралы барлық ақпаратты жойып, тіпті олар туралы айтуға тыйым салған заманда барлық мәлімет жоғалған, айтылмаған. Кейін, тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ғана жоғымызды түгендеуге қолымыз жетті.

Хазірет — исламда жоғары дәрежелі дін иелеріне берілетін діни лауазым. Ал ахун  —  кезінде белгілі бір діни ғұлама ұстаздардан, атақты медреселерден ілім алған, өзі де халықтың діни сауатын ашып, діни ғұрыптық қызметті атқаратын дін оқымыстысы, мұсылман ғұламасына ең жоғарғы лауазым. Осындай жоғары дәрежеге ие болған, Қобда өңірінде өмір сүрген Жұмағұл хазірет Байшуақұлы Бұхарада діни білім алған,  заманында белгілі дін қайраткері ретінде танылған. Кәрімберген Сарқұлұлы хазірет осы кісінің алдын көрген, ақыл-кеңесін тыңдап, атқосшысы болған, Жұмағұл ахунның ілім-білімін жалғастырған.

— Нағашы атам Кәрімберген Сарқұлұлы Табынның Тарақтысынан, Сармантақ бөлімінен тарайды. Атасы Бәсібек Қобда ауданының Өтешсай елді мекенінде туып, өмір кешкен, Жоламан Қарабатырұлының серіктесі болған. Әулие, көріпкел болған, емшілікпен айналысқан. Атам Бұхарада діни білім алған. Өтешсайда мешіт ұстап, кейінгі жас буынға мұсылмандықтың ілім-білімін үйреткен, діни дәрістер оқыған. Қазір Өтешсайда Кәрімберген атамыз оқушыларға дәріс оқыған, жұмыс істеген мешіттің орны ғана бар, — дейді хазірет өмірі туралы деректер жинап жүрген жиені Серік Әбілғазыұлы.

Кәрімберген Сарқұлұлының жалғыз ұлы Сағат Кәрімбергенұлы екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған. Қызы Қатимадан қалған балалары бүгінде аталары туралы қолға тиген мәліметтерді алтынға балап отыр. Себебі, отарсыздандыру кезінде жойылып кеткен ата туралы қандай да бір дерек ұрпақ үшін жоғалған тарихты түгендеуге сеп болары сөзсіз.

—  Үлкен ағайым Бақытжанды нағашы атамыз жасынан бауырына басты. Балалық кезімізден атамыздың көз алдында өстік. Сабырлы, салмақты, діни таза, абыройлы адам еді. Ел атамыздың атын атаудан жасқанатын: барлығы «молда ата» дейтін. Әлі күнге дейін үлкендер «молда атаның аруағына тие берсін» деп бет сипайды. Кәрімберген атам өте кірпияз еді, таза, сәнді киінгенді ұнататын. Үстіне жеңіл шапан киіп, белін жібек белбеумен буып, басына дөңгелек бөрік киетін. Өзі аңға шыққанды жақсы көретін еді. Сұңқар дейтін ақ тазысы бар-тын.  Сол иті күнде аңға өзі кетіп, түзден қоян ұстап, тірілей үйге әкеледі. Атамыз қоянды сойып, астырып, жартысын өздері ішіп-жеп, жартысын ақ тазыға беретін — дейді Серік Әбілғазыұлы.

Кәрімберген Сарқұлұлының бойындағы ерекше көріпкелдік, емшілік қасиет туралы ел арасында аңыздай таралып кеткен әңгімелер растайды. Ол исламда жоғары дәрежелі дін иелеріне берілетін «хазірет» діни лауазымын алса да, ауылдастары оны ескі әдетімен «молда ата», «молда аға» атап кеткен. Өзі де өте қарапайым кісі болғандықтан, діни лауазымын онша жарнамаламай, елге қызмет етуді ғана мақсат тұтқан.

— Бірде ескі зілмәңке үйде тұрғанда үйдің жанында қыстан қалған шөмеле шөпті балалар от қойып, өрт кетеді. Үй жаққа шалқи жанған өртті байқаған үлкендер «енді не болар?» деп тұрғанда, нағашы атамыз үйден шығып, дұға оқи бастайды. Сол кезде жел екпінімен жалынның беті басқа жаққа бұрылып, бірте-бірте сөне бастайды. Үй, қора, қыстау өрттен аман қалады. Нағашы атамыздың емшілік қасиетін де ел білетін. Қиыл деген жерде бүтіндей бір ауылды асырап отырған колхоздың атандай өгізі ауырып, аяғын баспай, тұра алмай жатып қалады. Сол кезде атамызды апарып дем салдыртып емдетіп, өгізді тұрғызып алған. Мұндай мысалдарды ел арасынан жиі кездестіруге болады, — дейді С.Әбілғазыұлы.

Кәрімберген Сарқұлұлының қара суды қақ бөліп, жарып өткен ерекше қасиетін өз көзімен көрген  Тұрған Өтеуліқызы былай дейді:

— Көкем қайтқанда Кәрімберген атам естіртуге өзі келді. «Дүниеден Өтеулі өтті, соның қызына өзім естіртейін» деп, өзі келді. Сол кезде ауылға барар тұста қатты сел жүріп, жаңбыр жауды. Кәрімберген ата сол кезде: «Ақсақалдар, шуламаңдар» деп ескертіп, көпірдің бетін алған суды қайтарды. Мен жас болсам да, атаның қара суды қақ жарып, көпірді ашқанын өз көзіммен көрдім. Сол кезде атаның қасиетіне ерекше таңғалғаным есімде, — дейді ол.

Кәрімберген Сарқұлұлымен әке-шешесі көрші тұрған азаматтардың бірі Қанаш Ерғалиева да «молда атасы» туралы ерекше жылылықпен еске алады:

— Ол кезде мен бала едім. Әбілғазы мен Қатима қаладан көшіп келді. Сол кезде  әкем кемпіріне айтты: «Мен сары қасқа сиырды Қатимаға беремін, сен аузыңды ашып, үндеуші болма, Кәрімберген Сібірге кеткенде балаларын маған тапсырып кетіп еді, Қатимаға бас-көз болу менің парызым, мен Кәрімбергеннің аманатына қиянат жасай алмаймын» деп. Осылайша біз Қатима апаймен де көрші болдық, балаларымен бірге ойнадық. Кейін олар қойлы ауылға көшіп кетті, балалары өсіп- өніп, үй болып кетті. Менің айтайын дегенім — біз Кәрімберген атамызды құдайдай сыйлаушы едік, бір жеріміз ауырса, мамамыз: «молда атаның аруағы қолдасын» деп Аллаға сыйынып, атамыздың атымен ұшықтайтын еді. Бүгін де жасымыз біразға келді, аузымыздан Алламызды, ойымыздан молда атаның аруағын тастамаймыз, — дейді Қанаш әжей. Қанаш Ерғалиеваның айтуынша, Кәрімберген Сарқұлұлы айналасына қайырымы мол, мейірімді кісі болыпты. Аш-жалаңаш отырған ауылға көмегін тигізіп, барын тосатын деп еске алады ұрпақтары.

— Біздің ауылда өзге ұлт өкілдері көп тұрды. Сонау елуінші жылдары тың игеруге келген немістер атамызды ерекше жақсы көретін. Атамыз ешқайсысын бөліп-жарған жоқ, барлығына бірдей қарайтын. Ауылдастары атамызды көргенде көлігін тоқтатып, жерге түсіп, сәлем беретін болған. Кезінде ауылда тұрған немістер: «Сол уақытта Кәрімберген болмағанда аштан өлетін едік», — деп ризашылығын білдіргенін естідік. Оны бізге сол немістердің балалары айтты, қазір атамызбен бірге бір ауылда тұрған немістер дүниеден өтіп кетті. Олардың ұрпағы Германияға қоныс аударды. Солармен хабарласқанымда: «Атамыз өле-өлгенше Кәрімберген атаны ауызынан тастамады, ұрпақтарына хабарласып, алғыс айтып отырыңдар» деп бізге аманаттап кетті», — дейді ұрпақтары, — деп еске алады Серік Әбілғазыұлы.

Сонау жаппай қуғын-сүргін жылдары елдегі көзі ашық, көкірегі ояу зиялылар түгел қуғындалып, «халық жауы» аталды. Олардың ішінде ел үшін құрбан болған дін өкілдері де бар еді. Діни сауатын ерте ашқан Кәрімберген хазірет те діни көзқарастары үшін саяси қуғын-сүргіннің зардабын тартқан адамдардың алғашқы легінде кеткен. Ол 1937 жылдың 21 желтоқсанында НКВД шешімімен «халық жауы» деген желеумен істі болып, дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жылға еңбекпен түзету лагеріне айдалады.

—  Үкім шыққанға дейін ол кісі Ақтөбе түрмесінде отырған. Осы кезде ол кісі отырған темір тордың есігі құлыпталынбаған деседі. Есік өзінен-өзі сырт етіп ашылып кететін болған. Мұндай тылсым жағдайдан шошынған күзетшілер Кәрімберген атамның бес уақыт намаз оқуына рұқсат еткен. Үкім шыққан соң, итжеккенге айдалған. Сібір ормандарында жазасын өтеушілер ағаш кесумен айналысқан. Ол кісінің бойындағы қасиетті байқап, түрме қызметкерлері «Айнала батпақ. Қалың орманды Тайгада қайда барар дейсің?» деп, еркіне жіберген деседі. Жазасын өтеушілерге қалың ұшы-қиыры жоқ орманда қарағай ағаштарын кесіп, құлату тапсырылған, оларға әр жұмыс күніндегі берілген міндеттемені орындау мөлшерінде азық-түлік беріліп отырған. Атам айналасындағы адамдарға жанашырлықпен қараған. Айдауда өз міндетін орындай алмай, аш-арық жүрген жерлес жігіттің әлжуаз түрін байқап, оған қамқорлық танытқан. Балтасын қайратып, қасынан қалдырмай, биік қарағайды бұтақтарынан тазартуды тапсырады. Өзі көз ілеспес жылдамдықпен сол биік бөренелерді құлатып отырған. Кейін елге оралған соң, сол адам Қобда ауданының Победа ауылында тұрып, айналасындағыларға атайдың сол бойындағы қасиетін баяндап берген, — дейді жиені Серік Әбілғазыұлы.

Кәрімберген Сарқұлұлы 10 жыл айдауда болып, елге оралғаннан кейін біржола ақталып, «халық жауы» деген қара таңбадан құтылған.

— Мен Кәрімберген атамызды кішкентай бала кезімнен жақсы білемін.  Кәрімберген атаны «молда ата» деуші едік, әлі күнге дейін солай еске аламыз. Ол ел арасында беделді, сауатты, көзі ашық адам ретінде ерекше сый-құрметке ие болды. Бұқарада оқып, білім алған, ғұлама кісі еді. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, бекзат, кірпияз кісі болатұғын. Жала жабылып, он жыл айдауда болып келгеннен кейін де қарап отырған жоқ, шаруашылыққа араласып, жұмыс істеді, өте беделді болды, — дейді көзін көргендердің бірі Мәскеу Шүкіранов.

Кәрімберген Сарқұлұлы сол замандағы діни сауатты азаматтар қатарында Бұқарада білім алған. Кейін Түркістанда жас молдалардан емтихан қабылдайтын, қазіргі тілмен айтқанда, комиссия құрамында болған.

— Атамыздың діни сауаты жоғары болған. Түркістан мешітіне жиі барып, дәрістер өткізіп тұратын болған. Сол киелі жерге Қазақстанның бар түкпірінен имамдар, молдалар білімдерін байқатуға жиналады екен, — дейді С.Әбілғазыұлы.

Кәрімберген  Сарқұлұлы 1974 жылы  88 жасында қайтыс болды. Қобда ауданы Өтешсай елді мекенінде жерленген. Басына қызы Қатима құлпытас қойған.

Діни көзқарасы үшін он жыл итжеккенге айдалғанына қарамастан, Алланың тура жолынан адаспаған, ақтық демі таусылғанша аузынан Алласын тастамаған Кәрімберген хазірет туралы Ислам дінінің нағыз адал өкілдерінің бірі ретінде болашақта тағы талай зерттеулер болары анық.

Исламғали ҚҰБАЙДОЛЛАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button