Жаңалықтар

Депутаттық сауал: Ақтөбе — Нұр-Сұлтан пойызы қашан шығады?

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жерлесіміз Мұхтар Жұмағазиев ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Мазмұны төмендегідей:

Құрметті Асқар ҰЗАҚБАЙҰЛЫ!

Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамды толғандыратын негізгі мәселелер Парламентте талқыланып, олардың шешімдері табылуы тиіс екендігін атап өтті. Ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында халықпен кездесіп, олардың әртүрлі сипаттағы қиыншылықтарынан хабардар болдық.

Ақтөбе — еліміздегі экономикалық және стратегиялық маңызы мен инвестициялық әлеуеті зор ірі облыстардың бірі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі Еуропа мен Азияның ең алыс нүктелері арақашықтығын қысқартатын облыс бола тұрғанымен, Ақтөбе мен елорданы байланыстыратын Нұр-Сұлтан —Ақтөбе, Ақтөбе — Нұр-Сұлтан бағыты бойынша тікелей қатынайтын пойыз маршруты 2018 жылдан бері алынып тасталған. Бұл шешім елордаға қатынайтын жолаушылардың, оның ішінде студенттердің де ашу-ызасын келтіруде. Оларды түсінуге болады. Себебі жолаушылар енді Ақтөбе қаласына жету үшін ыңғайсыз уақытпен жүретін Нұр-Сұлтан — Орал пойызын қолданулары тиіс. Ал осы маршрут бойынша билет иеленуге кем дегенде 1,5 миллионға жуық халық бар екі облыстың тұрғындары бәсекеге түседі. Бұл ретте билеттердің тапшы болатындығы бесенеден белгілі.

Жаз шығысымен және мерекелер қарсаңында билет болмайды. Бағыңыз жанып таба алған жағдайда, бағасынан төбе шашыңыз тік тұрады.«Теміржол билеттерінің тапшылығы қолдан жасалып отыр», — деді Президент өз Жолдауында. Қолдан жасап жүргендер де белгілі — алыпсатарлар. Жеке кассадағылармен сыбайласқан делдалдардың кінәсінен жұртшылық билет таппай вокзалдарда сандалып немесе теміржол кассаларына сүзіліп отырады. Құны 6-12 мың теңге тұратын билет бағасының еселеніп, 58 мың теңгеге сатылып жатқаны бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Бұл мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ.

Өңірдегі халықтың жанайқайын жеткізу мақсатында облыс басшылығы «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасына бір емес, екі хат жолдаған және Парламент қабырғаларында да бұл мәселе талқыланған. Алайда бұл күрделі мәселенің оң шешімі әлі табылған жоқ.

Теміржол тасымалындағы тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу үшін қабылданған Жол картасы өз жұмысын қашан бастайды, нақты нәтижесін қашан көреміз? Билет тапшылығының ушығуына ықпал етіп жүргендерге қашан қатаң шара қолданылады?

Ақтөбе облысы — еліміздің төртінші  ірі мегаполисі, құтты мекен.  Ақтөбе — Нұр-Сұлтан бағытындағы жолаушылар тасымалын қайта қалпына келтіру облыстың одан әрі даму перспективасына жаңа серпін беріп, жергілікті тұрғындардың өтініш-тілектерін қанағаттандырар еді. Осыған орай, жоғарыда аталған мәселелердің оң шешілуіне ықпал етеді деген сенімдеміз.

Депутаттық сауалды қарау нәтижесін «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық Заңының 27-бабында белгіленген мерзімде хабарлауыңызды сұраймыз.

Құрметпен,

Сенат депутаты Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button