Мереке

Тағылымды басқосу

Қарттар күні

«Анаға тағзым» рухани адамгершілік тәрбие беру орталығында Қарттар күніне арналған шара өткізілді. Ақтөбе қаласы әкімдігі, қалалық мәслихат пен қоғамдық кеңес мүшелерінің ұйымдастыруымен, қалалық ГАЗшылар Ассоциясының мүшелері, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылған шараға түрлі салаларда еңбек еткен ардагер аналар, қарттар шақырылған. 

Үлкендерге құрмет көрсетілген шараға қатысқаноблыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова қарттарды облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан құттықтады. Қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова да ата-әжелерге лебізін білдірді.

Қалалық мәслихат депутаты, «Анаға тағзым» орталығының жетекшісі Алтынай Мұқанованың айтуынша, Қарттар күніне арналған салтанатты кешке 10 ата мен 50 ана жиналған. Солардың бірі —отыз жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан Мәрия Сейткамалова. «Зейнетке шыққаннан кейін кәсіпкерлікке ден қойдым. Ауылшаруашылығы саласында кәсібімді жүргізіп келе жатырмын. Оған қоса бала тәрбиесіне қатысты қоғамдық жұмыстарға белсене араласамын. Қандыағаш қаласындағы 1-мектепте «Өзіңді-өзің таны» атты кабинетім бар, осы жерде отбасындағы тәрбие жөнінде түрлі шаралар өткіземін. Ұлттық тәрбиеге қатысты бірнеше кітабым жарыққа шықты», — дейді өз ісімен, тәлім-тәрбиесімен жастарға үлгі болып келе жатқан ардақты әже. Алғадан келген ардагер дәрігерлер отбасы Данияр-Рысты Құрманалиналар, қобдалық 91 жастағы кейуана Қанаш Ерғалиева, басқа да ата-әжелер сөз алып, бүгінгі қоғамдағы үлкендерді сыйлау, бала тәрбиесі, отбасы құндылығы жөнінде пікірлерін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Шара барысында Сұлупан Шынтасова бір жасқа толған кішкентай сәби Әмина Мұқанованың тұсауын кесіп, ырым-жоралғыларын жасады, үлкендер бата беріп, бет сипасты. Қарттарға дастарқан жайылып, ән-күйден шашу шашып, сыйлықтар үлестірілді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button