Басты жаңалықтар

Мұздағы пати

Жолдау

Мұз сарайында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына арналған «Мұздағы пати» атты шара өткізілді. ҚР Президентінің биылғы Жолдауын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға 200-ден астам салымшы қатысты.

«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылғы Жолдауда елімізде бірыңғай тұрғын үй саясаты әзірленетіні туралы айтылған-ды. Оның мақсаты — тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру.

— «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін елімізде кемінде 6 мың отбасы баспаналы болады. Жолдауда айтылғандай, 2020 жылдан бастап жыл сайын «Бақытты отбасы» бойынша 10 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бүгінде бұл бағдарлама «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асырылып отыр. Ақтөбе облысында биыл аталған бағдарлама аясында қырықтан астам отбасы қоныстойын тойлап үлгерді. 520 адамның несиелік өтінімі қабылданды. «Мұздағы пати» — салымшыларымыздың арасында мемлекеттік бағдарламалар мен біздің банктің жеке тұрғын үй бағдарламаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды, —  дейді аталған банк филиалы басшысының орынбасары Эльмира Ескендірова.

Мұз сарайында өткен шараға аталған банктің облыстың түкпір-түкпіріндегі салымшылар қатысты.

— «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы мемлекеттік қолжетімді баспана саясаты аясында 2009 жылы «Нұр Ақтөбеден» пәтер алдым. Қазір оның несиесін түгел төлеп тастадым. Бүгінгі күні аталған банктен тағы да шот ашып, қаражат жинап жатырмын, балаларыма да депозит аштым, — дейді Комсомол ауданынан келген Бибігүл Көккөзова. Ал ақтөбелік салымшы Астрагүл Қожабекова «Мұздағы патиге» ұлы Осман Асылханмен келіпті.

Шара барысында салымшылар мен кішкентай балаларға шайбалы хоккейден ел чемпионы«Ақтөбе»хоккей командасы мұз үстінде сырғанаудан шеберлік дағдыларын үйретті. Албанк қызметкерлері келушілердің тұрғын үй бағдарламалары туралы сұрақтарына жауап берді.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button