Жаңалықтар

Иран Әміровке ескерткіш-тақта қойылды

Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болған елдің белгілі азаматы Иран Әміров көзі тірі болғанда бүгінде жетпіс бес жасқа толар еді.

Ұзақ жылдар облыстың сот жүйесінде қызмет атқарып, қатардағы судьядан облыстық соттың төрағалығына дейінгі жолдан өткен ол замандастарының жадында кәсіби біліктілігімен, тура билік иесі атануымен сақталып қалды.

Өткен сенбіде облыстық соттың ғимараты алдында Иран Әміровке арналған ескерткіш-тақта ашылды. Салтанатты жиынды ашқан облыстық әділет департаментінің бұрынғы бастығы, Нағашыбай Шәйкенов атындағы қоғамдық қордың директоры Серожатдин Барышев Иран Әмірұлының сенаторлық қызметімен бірге, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесіне, заң жобасы қызметі мәселелері жөніндегі республикалық ведомствоаралық комиссияға, «Өңір» депутаттық тобына мүше болып, республикалық «Сот орындаушылар одағына» төрағалық еткенін, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясы тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары болып, халықаралық деңгейдегі мінбелерде жиі шығып тұрғанын тілге тиек етті. Сонымен бірге оның Отанымыздың алдындағы ерен еңбегі үшін «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, сонымен бірге ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Содружество» орденімен, «Үш би» құрмет белгісімен, бірнеше медальдармен және Грамоталармен марапатталғанын, Ақтөбе облысының құрметті азаматы атанғанын атап айтты.

Ескерткіш-тақтаны ашу құрметіне облыстық сотта алқа төрағасы болып қызмет атқарған, кейін Жоғарғы Соттың мүшесі болған Айсұлу Шәйкенова мен ювениалды соттың судьясы Нұрлыбек Омарханов ие болды.

Жиында сөз алған Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин еліміздің тәуелсіздік жылдарында сот жүйесін қалыптастыруда, облыстың сот органдарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуде, материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстарын жетілдіруде аянбай еңбек еткен Иран Әмірұлының депутат ретіндегі белсенді еңбегі туралы айта келіп, оған жасалып жатқан құрмет кейінгі жас буынға үлгі ретінде қызмет ететінін жеткізді.

Жиналған жұртшылық алдында облыстық соттың алқа төрағасы Қайырбек Елемесов, академик Қуандық Әлішев, Қызылорда облысынан келген ардагер журналист Ахат Жанаев ел құрметіне бөленген азаматтың еңбектері, азаматтық істері туралы әңгімеледі.

Салтанатты жиында Иран ағаның баласы Ғани Әміров сөйлеп, көпшілікке алғысын білдірді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button