Жаңалықтар

Тіл жанашырлары отызжылдықты атап өтті

Биыл — Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңының және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 30 жыл. Осыған байланысты Ақтөбе қаласының әкімдігінде тіл жанашырларының қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Шаранықалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова қала әкімдігі атынан құттықтау сөзбен бастады, «Қазақ тілі — қазақтың жаны» тақырыбында баяндама жасады.

Жиын барысында жақында ғана 80 жасқа толған ғалым, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Амангелді Айталыға ұйым атынан құрмет көрсетілді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге біраз тер төгіп келе жатқан мерейлі жастың иесі бірқатар әңгімелер айтты.

— 2000 жылы жазғытұрым Парламентке Қазақстан Республикасының сайлауы туралы заңы түсті. Халықтың пікірін ескере отырып, «Қазақ депутаттары қазақ тілін меңгеруге тиісті» деген бап енгіздік. Бұл бапты енгізу барысындамынадай мәселелер туынды: қазақ тілін меңгеру деген не? Оны қалай түсінуге болады? Тіл білімі мамандарымен, психологтармен сөйлестік. Мысалы, халық санағында қазақ  тілін білемін, не туралы айтып жатқанын түсінсе, білемін дейді. Ауызекі тілде шүлдірлейді. Оны біз қазақ тілін меңгерді деп жазамыз, мақтанамыз. Жылдан-жылға  қазақ тілін білетіндер көбейіп келе жатыр дейміз.  Егер таза қазақ тілінде оқи алса, таза қазақ тілінде жаза алса, сонда ғанақазақ тілін меңгерді деп айтуға болады. Бұл критерий Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлерге де ұсынылды. Білесіздер ме, философия ғылымдарының докторы, әріптесіміз, бір жеке университеттің ректоры, профессор жаңағы талапты орындай алмай, өте алмай қалды. Өйткені қазақша таза оқи алмайды, таза жаза алмайды екен, — деді А.Айталы.

Одан соң тағы біраз тіл жанашырлары құттықтаулар мен ұсыныстар айтты.

  • 1989 жылы біздің облыстағы «Қазақ тілі» қоғамының іргесін салған Мұқтар Арын. Ол кісінің еңбегі ерен. Сол кезде қалалық филиалдың бастауында Марат Мырзағұл тұрды. Екеуі де қазір өмірден өтіп кетті. Кейін Келдібай Еспағамбетов, Аманғали Сәтер, ӘбдірашЕсмахан секілді азаматтар қалалық ұйымда жұмыс жасады. Қазіргі таңда 143 мекемемен жұмыс істеп отырмыз, 65 мыңның үстінде мүше бар. Отыз жылда қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында көп нәрсе жасалды. Жетістіктерге жеттік. Әрине, әлі де істелетін жұмыстар жеткілікті. Өкінішке қарай, әлі қазақты қазақша сөйлете алмай жатырмыз, —  деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе қалалық ұйымының төрағасы Роман Рахиев.

Отызжылдыққа орай ұйым жұмысына етене араласып жүрген тіл жанашырларына облыстық тілдерді дамыту басқармасы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы олыстық басқармасы, қала әкімдігінен, қалалық мәслихаттан және қоғамдық кеңес атынан, облыстық, қалалық мекемелер басшыларынан құттықтаулар табысталды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button